ТАРИФ САЯСАТЫ – ҰҚЫПТЫЛЫҚ ПЕН ҮНЕМДІЛІК сонда тұтынушы құқығы да қорғалады
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Балжан Досмұхамбетовамен сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіді.
— Балжан Ибатқызы, оқырманға түсінікті болу үшін алдымен департамент қызметінің бағытын айтып өтсеңіз. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер сіздерді монополия мекемелердің жетегіне ередіге санайды.
— Бірден айтайын, біз ешкімнің де жетегіне ермейміз, қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа алып жұмыс жасаймыз. Демек, міндетіміз – тұтынушылар құқығын қорғай отырып, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың қалыпты жұмысын қалыптастыру. Яғни, монополия мекемелердің тарифтік саясатын халықтың мүддесіне сәйкестендіріп жасақтау керек.
Сөз жоқ, тұтынушыларға көрсетілер коммуналдық қызметтің сапасы кәсіпорын әлеуетіне байланысты. Өткен ғасырдың орта шенінде қатарға қосылған ауыз су құбырлары, жылу тарату желілері әбден ескірді. Оларды жаңартпаса, тұрғындар әрі сусыз, әрі жылусыз қалады. Монополия мекемелер оны өз күштерімен жүзеге асыра алмайды. Демек, ортақ мақсатқа тұтынушы да жұмылғаны жөн.
Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, тарифті өсіруге тура келеді. Қазір облыстағы монополиcт мекемелер ұзақ мерзімге есептелген инвестициялық бағдарлама қабылдады. Оның мақсаты – кәсіпорындарды қайта жарақтандыру, сол арқылы тұтынушыға көрсетілер қызмет сапасын жақсарту. Ал, инвестицияның бір құрамдас бөлігі – тариф. Бүгінде бізде төрт табиғи монополия нысаны шекті тарифпен жұмыс жасауда. Яғни, олар қызмет құнын бірден шарықтатып жібермейді, ұзақ жылға белгіленген жоспар бойынша біртіндеп көтереді. Бұл ретте де тұтынушыға аса ауыр салмақ салмау жайы көзделген.
Ал, біз кәсіпорындардың сол инвестициялық бағдарламасының нақты орындалуын қатаң қадағалап отырмыз. Өзіңіз білесіз, жергілікті депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық өкілдерінің, журналистердің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылып, монополия мекемелердің қызметімен тұрақты танысып жүргеніміз де сондықтан. Осы орайда жүзеге асырылған шараларды объективті тұрғыда жазып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарына да разымыз. Биыл осындай 11 баспасөз туры өтті. Соның бәрін қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, тариф саясатын жасақтауға бағытталған біздің үгіт-насихат жұмысымыз ретінде бағалаймыз.
— Әйтсе де, халық тарифтің тұрақтануын қалайды. Әр жылы оның қаншалықты өсетіндігіне алаңдап отырудан шаршады. Ендеше, бұл бағытта нендей шаралар алынуда?
— Мен де тұтынушымын, көппен бірге коммуналдық қызметтің ақысын төлеймін. Сондықтан, тарифтің үздіксіз көтерілуі менің де отбасылық бюджетіме кері әсерін тигізеді. Ал, оны тұрақтандырудың негізгі тетігі – энергияны үнемдеу және пайдалану тиімділігін арттыру. Елбасы да осындай нақты тапсырма беріп отыр. Егер әркім өзі күнделікті тұтынып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланса, онда коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорынға да өндірістік қуатын одан әрі арттыра беру қажет емес. Демек, қосымша шығын шығармайды.
Тарифті тұрақтандырудың тағы бір тетігі – монополист мекемелердің өздерінде техникалық шығын деңгейін бірқалыпты ұстау. Нормативтік техникалық шығын дегеніміз – қолдағы ресурстардың белгілі бір бөлігін ішкі технологиялық мұқтаждықтарға жұмсау. Қазір, жасыратыны жоқ, кейбір кәсіпорындарда қондырғылар мен жабдықтарды тиімді пайдаланбау салдарынан олардың мерзімінен бұрын істен шығуына жол беру, тіпті ұрлық фактілері орын алады. Міне, соның бәрі нормативтік техникалық шығындарға соқтырады. Әйтсе де, біз тарифті тағайындауда осы жайларды қатаң қадағалап отырмыз.
Енді жұртшылыққа түсінікті болуы үшін нормативтен тыс шығындар жөнінде айта кеткім келеді. Олар тарифке енгізілмейді, кәсіпорынның өз шығыны саналады. Бірақ, монополист мекеменің ішкі шығыны ретінде бюджетіне кері әсер етеді. Соның салдарынан қызметкерлердің жалақысы өспейді, өзге де әлеуметтік мұқтаждықтарға қаражат бөлінбейді.
Біз осы орынсыз ысырапты жою жөнінде тұрақты күресіп келеміз. Нәтижесі де жаман емес. Қазір электр қуатын тарату мен ауыз сумен қамту кәсіпорындарында нормативтен тыс шығындар мүлдем жойылды. Расында да, сонау жылдардағыдай көшеде жайылып жатқан су жоқ қой. Электр энергиясы да тұтынушыға үздіксіз беріліп тұр. Енді жылу жүйелеріндегі шекті мөлшерден тыс энергияны жоғалтуды осы жыл соңына дейін қалыпқа келтіру көзделіп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, нормативті де, одан тыс та шығындарды барынша азайту ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2011-2015 жылдарға белгіленген стратегиялық жоспарына сәйкес келеді. Ал, бізде жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде соңғы он жылда жылу энергиясын шығаруға кететін шығын көлемі 5,73 кг/гигакалорияға жетті.
— Жоғарыда тұтынушы құқығын қорғайтындығыңыз жөнінде айтып қалдыңыз. Сол қалай жүзеге асады?
— Тариф арқылы коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыруына үлес қосып отырғандықтан тұтынушылардың монополия мекемелердің жұмысынан жан-жақты хабардар болуға толық құқы бар. Бұған біз де үлес қосып келеміз. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы» Заң талаптарына сәйкес кәсіпорындарда жасалып жатқан жұмыстар, орын алған кемшіліктерді жою жайы жөнінде жұртшылықты құлағдар етіп жүрміз.
Бүгінде монополист мекемелердің жетекшілері тұрғындар алдында есеп береді. Өткен жылы осындай 52 шара ұйымдастырылды, биыл да жалғасын тапты. Департамент жанынан құрылған лекторлар тобы қала мен аудандарда 158 кездесу өткізді. Мұның бәрі біздің тұтынушыға жақындай түсуімізге көмектесуде. Қарапайым халық бізді тек тарифті үздіксіз өсіретін мекеме ретінде есептемей, өздерінің құқын да қорғайтын ұйым деп санаса, бізге одан артық бақыт жоқ.
Агенттіктің интернет ресурстарында есептегіш жасақталып, сол арқылы әр адам электр қуаты, ауыз су, т.б. қызмет түрлеріне төленетін қаражаттың дұрыс-бұрыстығын біле алады. Халықтан түсетін арыз-шағымдарды жедел қарау мақсатында облыстық департаментте де жергілікті әкімдік пен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін жұмыс тобы бар. Кез келген азаматтың коммуналдық қызмет төлемі туралы өзін алаңдататын сауалдары жөнінде бізге келіп жолығуына болады.
— Жоғарыда «Табиғи монополия және реттелетін нарық туралы» Заңға сілтеме жасадыңыз. Сайып келгенде, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар өз жұмысында осы заңдылықтар талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Ал, оны бұзу фактілері бар ма?
— Әрине, қасақана демесек те, кемшіліктер орын алып жатады. Биылғы өткен мерзімде жүргізілген 18 тексеру нәтижесінде кейбір кәсіпорындарға орын алған олқылықтарын жою үшін 37 ұсыныс жолданды. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 11 рет қаулы алынып, алты мәрте сот мәжілісі өтті. «АТМА-Атырау», «Есенаманова», «Қабиев Б.Т.», «Құсаинов А.К», т.б. мекемелерге барлығы 37,9 млн. теңге айыппұл салынды. Әрине, біреуіне көп, екіншісіне аз – бірақ, ешқайсысы да жазадан жалтарып кете алмады.
Департамент тарифтік смета бойынша белгіленген қаржылардың жұмсалуын бақылаумен бірге, тұтынушылардан алынған артық төлемдерді де анықтады. Мәселен, биыл 45,3 млн. теңге тұтынушыға кері қайтарылды.
— Тариф саясатын қалыптастырғанда әлеуметтік әлсіз топтар мүддесі қаншалықты қорғалады?
— Оның бір ғана жолы бар, ол – коммуналдық қызмет есептегіштерін орнату. Мәселен, жылу энергиясына төлем жасауда пәтерге немесе үйіне осындай жабдық қондырғандарға неғұрлым төменгі тариф тағайындалған. Ауыз суды пайдаланушылардың төлемін есептегенде де өлшегіш құралдары барларға жеңілдіктер көзделген. Электр энергиясын тұтынуға да тәуліктің әр кезеңіне орай үш деңгейлі тариф енгізілген. Міне, осының бәрі тұтынушылар мүддесін қорғауға, соның ішінде әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған. Есептеу құралы бар адам өзінің нақты қаншалықты төлейтінін біліп отырады.
— Ал, енді, осы есептеу құралдарын орнату жайы қалай?
— Тек қана жеке пәтерге емес, тұтас үйге немесе ортақ нысанға есептеу құралдарын орнату – тұтынушылардың міндеті. Бұл заң жүзінде қарастырылған. Сондықтан, осыны халықтың түсінгені жөн.
Жалпы, облыста ауыз су мен электр энергиясын есептеу құралдарын орнату барысы жақсы. Әр жаңа нысан пайдалануға берілгенде осындай жабдықтар қоса қондырылып жатыр. Бұл – құптарлық қадам.
Әйтсе де, жылу энергиясының есептеу құралдарын орнату өте сылбыр жүруде. Әзірге оның көрсеткіші 23,9 пайыздан аспай тұр. Рас, ол біраз қаржы жұмсауды қажет етеді. Әйтсе де, осындай жабдықпен жарақтандырылған тұтынушы төлем ақысын нақты қызметке ғана төлеп, артық шығынға бармай, монополист мекемемен арада түсінбестік те туындамас еді.
Біз жалпыүйлік жылу есептеу құралы орнатылған Құлманов көшесіндегі №152 үйдің коммуналдық төлемін талдап көрдік. Соның нәтижесінде 2012-2013 жылдарғы жылыту маусымында жалпы құны 2 млн. 955 мың теңге болатын 473,11 Гкал жылу энергиясы үнемделгеніне көз жеткіздік. Немесе, Смағұлов көшесіндегі №56 «а» үйдің тұрғындары да есептеу құралдары арқылы 3 млн. 255 мың теңгелік 527,32 Гкал жылу энергиясын үнемдеген. Нақты нәтиже деген осы емес пе?
Сұхбаттасқан:
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.