ТАПСЫРМА орындалуымен құнды

Былтырғы жылдың елеулі оқиғаларының бірі 2013 жылдың 11 қазанында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтік кеңес болатын. Атқарушы биліктің жұмысына сын артқан Елбасы Үкіметке қадау-қадау тапсырма жүктеп, ондағы әңгімелер кейін қоғам тарапынан да қызу талқыланғаны есте. Сондықтан болса керек, қаңтардың 10-ында Үкімет үйінде атқарушы билік өкілдері ағымдағы жылғы алғашқы басқосуына жиналып, онда Мемлекет басшысының өткен жылдың 11 қазанындағы  Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

alogo1223333334

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен кеңесте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндама жасап, 2013 жылы жоспардың барлық межеленген шаралары мерзімінде орындалғанын мәлім етті. Бұдан бөлек, министр көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекеттің кешенді жоспары туралы хабарлады. Сонымен қатар, Е.Досаев мемлекеттік басқару деңгейі арасындағы өкілеттіктерді одан әрі шектемеу мәселелері, жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде кәсіпорындар мен нысандардың санын арттыру, даму институттарының, зейнетақы қорларының, қаржы ұйымдарының қаражаттарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына тарту бойынша ұсыныс айтты.

Кеңесте жүзеге асырылып жатқан шаралар бойынша мемлекеттік органдар басшыларының есептері тыңдалды. Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру, жаңа энергетика бағытында ғылыми-зерттеулер құру, алкогольдік ішімдік ішіп және есірткі пайдаланған жағдайда көлік басқару жауапкершілігін күшейту, сапалы оқулықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттер дайындау мәселелері туралы пікірлер ортаға салынды. «Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мерзімінде сапалы орындалуы тиіс. Бұл жерде жайбарақаттылыққа салыну, көз алдау үшін ғана жұмыс істеу секілді әдістерге жол жоқ. Сондықтан, әрбір мемлекеттік органға, әрбір басшыға барлық тапсырмаларды орындау тетіктерін тағы бір мәрте қарап, пысықтауды тапсырамын. Біз бұл мәселелерді  тұрақты   түрде  талқылауды одан әрі жалғастыратын боламыз»,  –  деп түйіндеді жиынды Серік Ахметов.

Зейнетақы жүйесіндегі тың қадамдар

Тоқтала кететін жайт, былтырғы жылы қоғамда үлкен дүрбелең тудырған мәселенің бірі – зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты Үкімет пен Ұлттық банктің бастамасы. Зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасын Парламент қабылдағанмен, кейіннен құжаттың толықтай күшіне енуін Мемлекет басшысы біраз кідіртті. Аталған заңның ішінде Президент «әйелдердің зейнет жасын ер азаматтармен біріздендіру» мәселесіне қатысты нормасын әлі де пысықтай түсу үшін Парламентке қайтарды. Сөйтіп, Елбасы қоғам арасында қайшы пікірге ұласқан заңның тағдырына қатысты көпшілік жұрт күткен шешімді қабылдады.

Елбасы Парламент қабылдаған заңды Мәжіліске қайтара отырып, зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1  қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкіметке халыққа қажетті заң мәселелерін одан әрі пысықтап, жетілдіруді тапсырған болатын. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз енгізілетін болады.

Үшінші мәселе – міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 пайызға көбейту. Бұл жайт айрықша және зиянды өндірістерде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады. Сондай-ақ, Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындауға Үкімет биылдан бастап бел шеше кірісетін болады. Айталық, былтырғы жылдың соңына таман қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы 2014 жылдың қаңтарынан бастап бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге көшетін болады. Атап  айтқанда, ең алдымен бала күтімі бойынша демалыс кезінде жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақыны қамтамасыз ету  мәселелері  қарастырылады.

Екіншіден, міндетті кәсіби зейнетақы салымын төлейтін жұмыс берушілердің айрықша және зиянды өндірістерді жою немесе санын кемітуді көздейтін ынталандыру тетіктері қарастырылады. Бұдан бөлек, жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына қосымша төлемақы 2014 жылдан бастап қаржыландырылатын болады. Бұл ретте болжамды 10 пайыздық аударымдардың 4 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылатын әлеуметтік төлемдер есебінен, алты пайызы республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Қарастырылып отырған шара жұмыс істейтін әйелдердің бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болғанына қарамастан, олардың жеке зейнетақы шоттарына міндетті зейнетақы жарналары толық түсуін қамтамасыз етеді. Зейнетақы жинағының ұлғаюына сеп болады.

Сонымен қатар, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап айрықша және зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төлене бастайды. Жұмыс берушілердің еңбек жағдайын жақсартуға ынталандыру мақсатында өндірістік нысандарды аттестациялау нәтижелерімен расталған зиянды, ерекше зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары түзілген кезде жұмыс берушілерді міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босату көзделеді.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз