ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫР КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ
Әбілғазы Құсайынов кездесу қатысушыларына экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
«Қарқынды өнеркәсіптік қызметі барысында адамдар табиғатқа үлкен залал келтіріп, салдарынан «бумеранг әсері» туындады: енді табиғи ортаның құртылуынан таяқтың екінші шеті адамның өзіне тиіп отыр. Қоғам мен табиғаттың үйлесімсіз байланысы үлкен экологиялық проблемалар туындатты. Ол аздай, экологиялық құлдырау үдерісі күрделі экологиялық дағдарысқа ұласып барады. Табиғатты қорғау мәселесі адамзатты аман алып қалу мәселесіне айналып отыр. Табиғи апаттардың орын алу жиілігі 2000 жылдан бері, бұған дейінгі онжылдықтармен салыстырғанда алты жылдың ішінде 187%-ға артқан. Жаһандық экологиялық түйткілдердің туындап, ушыға түсуіне табиғат қорын өлшеусіз тұтынып, қоршаған ортаға антропогендік кері ықпал ету, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану себеп болды», — деді Ә.Құсайынов.
ОҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Болат Рысқұлбеков қазір қалыптасқан жағдай қоршаған орта сапасының құлдырауынан туындағанын атап өтті. Ауа, өзен-көлдер, теңіз-мұхиттар ластанып, топырақ құнарсыздануда, жануарлар мен өсімдік әлемінің бірнеше түрі жойылды. Мәселен, шөл даланың жалпы аумағы 27 миллион гектарға кеңіген. Осының кесірінен адамзат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырағынан айырылып отыр. Әлем бойынша барлық ауылшаруашылық жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман алқаптары жойылуда.
Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылау, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану, қорғау және қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралардың жоспарлы жүйесін енгізу – Ә.Құсайынов бағдарламасының басты мазмұны.
* * *
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов «Тұран-Астана» студенттерімен және ұстаздарымен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Кандидат, сондай-ақ, әлем бойынша бірегей табиғи кеңістіктердің күрт азайып бара жатқанын сөз етті. Мысалы, Жер шарындағы халқы көп аймақтарда жаһандық экожүйенің маңызды бөлшегі – батпақты жерлердің 90 пайызы мүлде жойылған.
Студенттермен және ұстаздармен кездесу кезінде кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да экологиялық тақырыптың өзектілігіне тоқталды. «Біздің заманымызда экология – шектеулі тіршілік көзі. Негізінен, оның шектеулі екені бұған дейін де белгілі болатын, бірақ, шексіз көрінген шикізат қорының таяздануы күн тәртібіндегі күрделі мәселеге айналды. Сондықтан да, біз халықты экология ғылымдарының негізгі бағыттарымен таныстырып, аталмыш мәселеге мұқият көңіл бөлуге шақырамыз. Жасыл вектор үнемі таза ауа, құнарлы жер, ауызсу көздері мен Жер шарының атмосферасы сынды ең маңызды табиғат қорларының тапшылығы туралы өзекті мәселелерді меңзейді», — деді Р.Жоламан.
Кездесу соңында Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің өзектілігіне тағы бір тоқталып, қала жұртшылығын жаһандық экологиялық мәселелерге көңіл бөлуге шақырды.
«Табиғат – адамзаттың басты байлығы. Оны қастерлеп, күтіп ұстау керек, ол – әр адамның, әрқайсымыздың басты міндетіміз», — деп қорытты өз сөзін Ә.Құсайынов.