ТАБИҒАТҚА АРТЫҚ САЛМАҚ САЛЫНБАСА…
Ә.Құсайыновтың айтуынша, ХХ және ХХІ ғасырдың басында болған экономикалық күрт өсу қоршаған ортаның мүмкіндігін және оған салынар салмақты есептеусіз жүргі-зілген. Соның салдарынан қоршаған ортаға қатысты көптеген проблема туындады. Табиғатты тиімді пайдаланбау соңы жер ресурстарының тозуына соқтырды.
Бүгінде жер қыртысының азуы салдарынан әр жылы әлемде 7 млн. гектар шамасында шұрайлы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылады. Мұның басты себебі – жел және су әсері, химиялық және физикалық тұрғыдан артық салмақ салу. Осы және өзге де экологиялық проблемаларды шұғыл шешу – адамзаттың парызы. Бұл – келешек дамуымыздың және өмір сүруіміздің кепілі.
Қызметкерлер алдында сөйлеген Ә.Құсайынов адам баласы қоршаған ортаны өзгертуге қанша тырысқанымен, жер бетіндегі өмір табиғат заңымен дамитындығын айтты. Сондықтан, адамзат өркениеті осы заңдылықтарға бағынуы керек. Табиғатпен ынтымақтаса өмір сүру – Адамның Жер бетіндегі тірлігінің негізгі түйіндерінің бірі. Байырғы атақты философтардың өздері табиғатты оның заңына бағына отырып көндіруге болатындығын айтқан.
Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, Адам мен Табиғаттың арақатынасында өзіндік ерекшелік бар. Адамға сана берілген, бұл оған өзінің табиғаттағы орнын сезінуге жағдай жасайды. Бүгінде адам тұтастай жер шарының экологиялық сауықтырылуын өз қолына ала алады. Демек, біздің бірінші міндетіміз – табиғи ресурстарды тиімді және жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан сақтау, мемлекеттік бақылау жүйесін енгізу, осы орайда халықаралық және қоғамдық шаралар ұйымдастыру. Табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, оны қалпына келтіру де керек. Келер ұрпақтың материалдық және мәдени қажеттілігін қазір қалыптастырған жөн.
Ә.Құсайыновтың пікірінше, экологиялық сауатқа аса назар аударған абзал. «Біз балаларды кішкене кезінен экологиялық білімге, қауіпсіз өмір сүруге, табиғатты сақтауға үйретуіміз керек» деді ол.
«Астана-Зеленстрой» кәсіпорны қызметкерлерімен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөйлеп, жақын уақыттағы штаб жұмысымен таныстырды. «Президентке кандидат, — деді ол, — адам өміріндегі ең басты мәселе саналатын экология мен биологиялық сан алуандықты жер бетінде сақтауға ерекше назар аударады».
ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының баспасөз қызметі.