ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ДЕМ БЕРУШІСІ

ұлт  үшін  үлкен  істерді  тындырып  жүр

Дервиш Қылыш. Түркия жерінде дүниеге келіп, отау құрып, бала өсірген, бүгінгі таңда сол елде тұратын 21 000 қазақты біріктіретін қауымдастық басшысы болып жүрген қандасымыз.

Сол жиырма бір мың қазақтың 19300-і Стамбулда тұрады екен. Дервиштің әкесі бір топ отандастарымен бірге бұл жерге 1953 жылы келіпті.

Оларға «Сендердің ата-кәсіптерің мал бағу ғой, осы жерге қоныстаныңдар»  деп, сол өңірдің ең бір құнарлы, шалғындығы мол жерінен орын берген екен түрік ағайындар. Сөйтіп, олар өз тіршіліктерін бастайды. Сол жерде мал терісін сүтке илеп, былғары өндірісін ойлап табады.

«Сонда қалай, қазіргі біздің қаракөз апаларымыз бен қарындастарымыздың, «турецкая кожа», «турецкая дубленка» деп әкеліп жүрген дүниелерін ең бірінші оларға үйреткен біздің аталарымыз ба?» деп сұрадық. «Дәл солай болды», – деп жауап берді Дервиш. 1970-ші жылдары тері илейтін механизм, машиналар шығып, қазір бұл үлкен шаруаға айналып, бүкіл ел экономикасына ауқымды үлесін қосып отырған кәсіпке жалғасты.

Осы күні ол жерде жұмыссыз жүрген бір қазақ жоқ, бәрінің де жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бар. 103 жасқа келіп, өткен жылы дүние салған әкесі, өзінің кәсібін, яғни былғары бұйымдар сататын дүкенін немересіне, Дервиштің жалғыз ұлы Буракқа сыйлап кетіпті. Ал, Дервиш Қылыштың өз бизнесі бар. Ол адам сүйсінетін зәулім сарайлар мен үйлер салатын құрылысшы.

102 жасқа келген анасы, шүкір, әлі ширақ, бала-немерелерінің қасында. «Жұмақ ананың табанының астында», жұмыстан шығып үйге соғып кетемін де, анамның үйіне барып қонамын, сол кісінің батасымен өмір кешіп жатырмыз», – дейді Дервиш.

Өзінің тікелей шаруасынан басқа, Дервиш Қылыштың үлкен бір қоғамдық жұмысы бар. Ол – Түркия қазақтары қауымдастығының басшысы. Бұл қоғамның құрылуына себепші  Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы екен. Дервиштің ағасы, марқұм Мұхамади Қылыш, «Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде өз қандастарымызбен бірге болайық, қолдайық!» деп осы істі өзі қолға алып құрған. Кейіннен үлкен ұйымға айналған бұл қауымдастықтың басшысы болып Дервиш сайланады. Бұл  2003 жыл еді.

Өздерінің заңгерлері, медициналық қызметкерлері және журналистері бар. Кезінде «Арман» атты журнал да шығарған, бірақ қаражаттары көтермей, кейіннен жабылып қалыпты. Ол басылым  арқылы  Қазақстан туралы көптеген мағлұматтар беруді, жастарға салт-дәстүрін өнеге етуді, туризмді дамытып, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен. Бірақ, сол журналды шығару үшін жыл сайын жұмсалатын 60 000 доллар қаржыны қалталары көтермеді.

2001 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік еліне келіп, сол жерді мекендеген қазақ бауырлармен кездескенде, жиналғандардың ішінде Дервиш те болатын.

– Араға төрт жыл салып киелі Түркістан жерінде өткен құрылтайда кездескенімізде ол кісі мені бірден таныды, – деп ерекше қуанышпен еске алды. 2007 жылы ол кісінің қолынан Құрмет грамотасын алып, ал, 2008 жылы Астананың 10 жылдық тойында мерейтой медаліне ие болады.

Ол тойға Дервиш Қылыш Түркия Президенті Абдулла Гюльдің жеке ұшағымен барып қайтқан. «Бұл медаль – тек қана сенің марапатың емес, жетпіс миллион Түркия халқының марапаты. Өзіңді бөлексінбе, сен Түркия елінің азаматысың», – деген екен қайтар жолда Түркия басшысы. Сол мезетте, Дервиш Абдулла Гюльге: «Кіндік қанымыз тамған жерге барып, келесі оразаның аяғында ауызашар  жасасақ, қалай қарайсыз?» – дейді. Президент сол жерде келісімін беріп, Стамбул қаласы әкімінің орынбасары Мұстафа Алтынташқа осы істі қолға алу жөнінде нұсқау береді. Келесі жылы құрамында 173 адам болып барған Түрік елінің делегациясы Таразда, Алматыда, Шымкентте және Түркістанда ауызашар рәсімін өткізеді. Бұл шара өткеннен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келесі жылы тап осындай шараны Стамбулда өткізуді тапсырады. Бірақ, осыншама халықты бір жерге шоғырландырып бұндай шара өткізу мүмкін емес еді. Қала әкімшілігі мен Дервиш бастаған ұйымдастыру алқасы ауызашарды Осман империясы кезінде салынған Сарайға 3500 адам жинап, өткізеді. Тағамның бәрі Қазақстаннан жеткізілді, домбыра тартылып, жарапазан айтылды. Өте жоғары деңгейде өткен бұл шара өзіне сондай ұнаған Түркияның туризм министрі, «енді мұны дәстүрге айналдырайық», –дейді.

Сөйтіп, содан бері жыл сайын ауызашарға жиналатын мезгілді бұл жердің халқы асыға күтеді екен. Дәмді тағамдар дайындалып, жетім-жесірлерге, балалар үйіне таратылады. Дервиш Қылыш Елбасымыз туралы үлкен толғаныспен айтып, сөз арасында «Патша», «Патшамыз» деген сөздерді үнемі қосып отырды, «жер бетіне тарыдай шашылып кеткен бүкіл қазақтың Президенті ғой ол кісі», – дейді әңгімесінде.

Түрік қазақтары Қазақстанның тәуелсіздік күнін де жыл сайын атап өтеді. Қазақстан туралы фильмдер көрсетіледі, концерттік  бағдарламалар қойылады.

Дервиштің қазіргі  мақсаты –  Түркия парламентіне депутат етіп өз араларынан бір адамды өткізу. Бұл азаматтың балалары да өзіне сай еңбекқор. Жоғарыда әңгімелеген Бурак –  Түркияның халықаралық Туризм университетін тәмамдаған кәсіпкер. Қыздарының үлкені Гүлсім Халықаралық «Turkish Airlines» әуе компаниясында қызметте. Лауазымы да біз естімеген: ұшқыштардың әмірі! Бұл компанияда ұшақты өзі басқармаса да, рейс орындау кезінде ұшқыштардың жұмысын қадағалап, оларға нұсқау беріп отыратын адам болады екен. Кенже қызы Кубра – халықаралық Бизнес университетін тәмамдаған, қазір жас ана. Гүлсімнен басқа екеуінің азан шақырып қойған аттарының да мағынасы бар екен. Мединаға барып келген Дервиштің әкесі кіші қызға сол жердегі мешіттің атын береді. Ал, Бурак – сол кісінің айтып кетуі бойынша, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мінген түйесінің аты көрінеді.

Қазақстан егемен ел болғаннан кейін Дервиш өзінің «Кылыш Экспорт» компаниясымен тарихи Отанына келеді. Алғашқы алып келген тауары – кілем мен люстра. Заттарын өткізгенмен, ақшаларын уақытында ала алмай қатты қиналады. Ұлттық валюта – теңге шыққанда, бәлен мөшек орыс рублімен қалады, ол ақшаларды сол мөлшерде ауыстыру мүмкін болмайды. Содан кейін біраз мезгіл Ақтөбе қаласына тұрақтап, «Нұрдәулет» кәсіпорны жігіттерімен біршама қызмет істеп, жеті жылдан кейін кері өз еліне оралады. Екі елдің арасында бизнесті дамытуға кедергі болатын түрлі себептер бар екенін де айтады ол. Дервиштің өтініп сұрағаны, «Неге виза тек қана отыз тәулікке дейін, ол уақыттың ішінде қандай шаруа тындыруға болады?» Әлі де болса көп мекемелердің бюрократиялық кеселден арыла алмай жүргенін қатты қынжылып айтты. «Бір атым насыбайдан көңіліміз қалған» қазақ емеспіз бе, қазір ұлым Бурактың да барып, кәсіп жасауға құлқы жоқ.

Сөз соңында Дервиш өз елінің жастары туралы сөз қозғады. Олардың жүріс-тұрысын, күнделікті өмірлерін қатаң қадағалап отыратынын айтты. Егер де біз бір қазақ баласының жағдайы болмай, оқуын оқи алмай жүргенін естісек, қаржысы болмай  тентіреп жүргенін көрсек, ел болып көмектесеміз. Бұндай жағдайлар бола қалса, ол біздің намысымызға тиеді. Біздің қыздарымыздың ішінде қылмыспен айналысатын біреуі жоқ, ұлдарымыз ұрлықтан аулақ.

Дервиш кейбір діни теріс ағымдардың жетегінде жүрген қазақ жастары туралы ғаламтордан көріп отырғанын қатты қынжыла отырып айтты. – Біздің ата-бабамыздың шалбардың балағын кесіп, әжелеріміздің бетіне паранжа жамылмағанын бәрің де білесіңдер. Ал, енді, «балалары әке-шешесімен, бауырларымен бір дастарханда отырып ас ішпейді» деген қайдан шыққан нәрсе. Бірге шүйіркелесіп отырмасақ, біздің қандай жанұя болғанымыз?

«Аңқау елге – арамза молда»  деген қазақ. Біз өз дініміз бар халықпыз, басқа жерден молда іздеудің қажеті жоқ. «Біріншіден, өз тіліңді сақта, екіншіден, ата-жұртыңның салтын ұстан» дейді түрік халқы.

Қоштасар сәтте Дервиш Қылыш бауырымыз елге дұғай-дұғай сәлем айтты, бүкіл қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтады.

Амангелді МҮТИҒОЛЛИН,

Атырау-Стамбул-Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз