Судың жайын сушы біледі
Биыл көктемгі өр суының елге әкелген ауыртпалығы аз емес. Әсіресе, жекелеген аймақтардағы елді мекендер орасан зор зардап шегіп, шығынға батты. Соның ішінде Атырау облысы да бар. Алайда, тасқыннан қорғану мақсатында құрылған төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың ұйытқы болуымен облыста ауқымды жұмыс істелді.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыруға барлық мүмкіндік қарастырылып, бүкіл ел жұмылдырылды. Бұл ең алдымен халықтың күші бірлікте екенін, осылай еткенде ғана кез келген қиындықты жеңіп шығуға болатынын байқатты. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандықтарға арнаған Үндеуі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде айрықша атап өтті.
«Біткен іске сыншы көп» демекші, табиғи апаттың алдын алудағы атыраулықтардың қарекетін Үкімет мүшелерімен бірге халық қалаулылары да көзбен көріп, лайықты бағасын берді. Кемшіліктерді түзетіп, ахуалды қалпына келтіру жөніндегі ой-ұсыныстарын ортаға салып, пікірлерін де білдірді.
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитеттің мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов пен Сергей Пономарев облысқа жұмыс сапарымен келіп, Атырау қаласы, Индер және Махамбет аудандарындағы ашық су бассейндерін тиімді пайдалану мәселелері бойынша қазіргі жағдаймен танысты.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаты, жерлесіміз Дүйсенбай Нұрбайұлы төтенше жағдай жарияланғалы Атырау облысына бірінші рет келіп отырған жоқ. Құлсары қаласындағы су тасқынының алғашқы күндерінде-ақ оқиға орнында болып, күрделі жағдайдың нақ ортасында жүрді. Тіпті, жергілікті ахуалды көзімен көрген ол әкімдікпен кездесіп, практикалық көмек көрсеткені де анық.
Осы жолы Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановты әңгімеге тартып, ахуалды қалпына келтіруге байланысты пікірлескен едік. Сол сәті түскен сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Көктемгі су тасқынынан кейін республикада, соның ішінде өр суынан зардап шеккен өңірлерде жүргізілетін жұмыстардың жоспарын жұртшылық білгісі келеді…
– Мұндай апат елде алғаш рет болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, бұрынғы болған жағдайлардан тиісті қорытындылар жасалған жоқ, сондықтан осы қайталанып отырған апаттан қарапайым халық зардап шегуге мәжбүр. Президентіміз Үкіметке тиісті нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, алдағы уақытта республикада, сәйкесінше облыстарда су тасқынымен күрестің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспары жасақталады. Барлық қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарда көпфакторлы тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасы бойынша коммуналдық шаруашылық мекемелері жоқ өңірлерде салалық құрылымдар құрылады.
Ал, Су кодексінің жаңа жобасында су тасқынын басқару саясаты қайта қаралып жатыр. Алда үлкен өзгерістер болады және мұның бәрі өз оң нәтижесін беруі тиіс.
– Елдің батыс аймақтарындағы су бассейндерінде қандай гидротехникалық нысандар салынады?
– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл саладағы бүкіл материалдық-техникалық база әбден тозып, ескірген, оларды жаңарту қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.
Нақты айтатын болсақ, 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарда Ақтөбе облысында 4, Батыс Қазақстанда 2 су қоймасын салу межеленген. Осы мерзімде ел аумағында барлығы 15 су қоймасы күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Соның ішінде Ақтөбедегі су қоймасын да күрделі жөндеу көзделген.
– Биылғыдай қиын жағдайдың қайталанбауы үшін Үкімет тарапынан алынатын мелиоративтік және басқа да нақты шаралар туралы не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен су тасқынының алдын алу және одан келген залалдың көлемін кемітуге бағытталған кешенді шаралар әзірленеді. Сол үшін қазір Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту Тұжырымдамасының қағидалары қайта қаралып жатыр. Түскен ұсыныстардың арасынан мейлінше тиімді тәсілдерді таңдап алу үшін бұл салада әлемге танылған АҚШ, Қытай, Голландия тәрізді елдердің озық тәжірибелері зерделенеді.
– Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің мүшесі ретінде алдағы уақытта қандай мәселелерге жіті көңіл бөліп, назар аудару керек деп есептейсіз?
– Дұрыс айтасыз, бұл бағытта біраз олқылықтар орын алғанын жасыруға болмайды. Енді жағалау сызығының бойынан салынған барлық нысандардың салыну сапасына баса көңіл бөліп, оның заңдылығын реттейтін нормативтік талаптарды мемлекеттік деңгейде бекіту қажет.
Өкінішке қарай, басқасын былай қойғанда, «еліміздің мұнайлы астанасы» деп дәріптеп жүрген Атыраудың өзінде Жайық өзенінің жағалауына жайғасқан көптеген құрылыс нысандарының заңсыз салынғаны белгілі болып отыр. Сондықтан, болашақта мұндай жөнсіздікке жол беруге болмайтынын есте ұстағанымыз абзал. Жағалауды қорғау және өзен түбін тереңдету жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет.
Әріптесім Сергей Пономарев екеуміз облыстағы ахуалды аяқтай жүріп, аралап шықтық. Біздің ойымызша, атқарылған шаралардың ауқымдылығына қарамастан, қазір тасқын қаупін сейілтуге бағытталған жоспарлы жұмыстарды толық іске асырып, мәресіне жеткізудің мүмкіндіктері шектеулі болып тұрғанға ұқсайды. Келешекте бірінші кезекте осы олқылықтың орнын толтыруды ойластыруымыз керек. Нақтырақ айтқанда, мұның өзі тәуекелдердің ықтималдығын анықтауды, қажетті шаралар кешенін жоспарлауды талап етеді. Ал, мұның бәрі белгілі бір уақыт алады. Мысалы, Германияда мұндай талдау нәтижелері су айдындарының өзгерістерін ескере отырып, әр үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл сондай-ақ Еуроодақ елдерінің су тасқыны қаупін бағалауға міндетті екендігімен байланысты.
Ал Қазақстанда қазір адам шығынын жою және келеңсіз зардаптарды барынша азайту үшін әлі болса мүмкіндіктерді толығырақ жұмылдыру жағына айрықша назар аударылғаны дұрыс болар еді.
Қалай дегенде де, келесі су тасқынына дайындық біртұтас шаралар кешенінен немесе мемлекеттік деңгейдегі үлкен бағдарламадан тұруы тиіс. Бағдарлама адам ресурстарының әлеуетін арттыру, құрылыс нормалары мен елді мекендерді дамыту бағдарламаларын қайта қарау, басқа да нақты бағыттарды қамтуы шарт. Ең алдымен су басқан аумақтарда құрылыстардың салынуына қатаң тыйым салынғаны дұрыс.
Саладағы ауқымды проблема – кадр тапшылығы. Сондықтан, білікті кадрлармен қамту мәселесін дереу шешу қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде Тараздағы бұрынғы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты қалпына келтірілетінін, апаттарды болжау және климаттың өзгеруімен күресу үшін ғылымды пайдалану қажеттілігін, сондай-ақ ескерту жүйесін жетілдіру, жасанды интеллектіні және университеттің ғылым мен ғылыми инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Шынында да, бұл да өте маңызды мәселелер.
Бұған қоса, «Қазгидрометтің» материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту, сақтандыру жүйесін дамыту да кезек күттірмейтін міндеттің бірі.
Меніңше, кеңес дәуірінде жақсы жолға қойылған машина-мелиоративті станцияларды қайтадан құру керек. Себебі, Жайық-Каспий су бассейнінде тұрақты түрде Жайық өзені мен оның Каспий теңізіне құяр сағасын тазалап отыру керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді ғой.
Тағы бір мәселе – қазір республикалық бағыныштағы «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалын коммуналдық меншікке басыбайлы беруді түпкілікті шешкен жөн. Әйтпесе «ҚазСуШарға» қарасты каналдарды үнемі тазартып, дер кезінде жөндеп, техникалық тұрғыда күтіп ұстау қажет. Ол үшін қаражат мәселесін республикалық бюджеттен қарастыру тетіктері қиын. Ал, жергілікті меншікте болса, ахуалға қарай отырып, облыстық бюджеттен қаржы бөлу әлдеқайда тиімді.
«Судың жайын сушы біледі» деген сөз бар ғой. Егер осы екі мәселе шешімін тапса, Жайық-Каспий су бассейні мен облыстағы шағын өзендерде суды реттеп отыру неғұрлым жеңіл боларына сенімдімін.
Осы айтылған ескертпелерді басшылыққа алып, келешекте келеңсіз салдардың алдын алу немесе азайту үшін биылдан бастап әрбір бассейнге толық талдау жасап, маңызды факторларды анықтау қажет. Біздің елдің климаттық және гидрологиялық жағдайлары су ресурстарының жылдар ішінде және арасында біркелкі бөлінбеуіне әкеліп соқтырады. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін су тасқынымен де, құрғақшылықпен де күресуді үйренуіміз керек.
Бұл – еліміздің басына түскен үлкен бір сынақ. Сондықтан, болашақта мұндай қателіктер қайталанбау үшін республика Үкіметі осы жағдайдан нақты қорытынды жасауы қажет. Ең бастысы – елдің тыныштығы, халқымыздың амандығы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Дәулетқали АРУЕВ