Студенттер үшін жағымды жаңалық
«Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады». Бұл бүгін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа кезекті Жолдауында айтқан ең жағымды жаңалық болды!
«Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі» деген Мемлекет басшысы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайын да назардан тыс қалдырмады. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес екенін айтып, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу керектігін алға тартты.
«Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс» дей келе, Президент мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналатынын да еске салды.
Мәншүк МҰҚАШЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор