СОТ ЖҮЙЕСІНЕ СОНЫ СЕРПІН
Расында да, бүкіл қоғамның өміріне белгілі бір жағдайда әсер ететін осынау ауқымды шараларды жүзеге асыру үлкен күш-жігерді қажет етеді. Десек те, әр ұлтжанды, өз еліне деген сүйіспеншілігі мол азамат мемлекеттің көркейе түсуіне өлшеусіз үлес қосады деп ойлаймын.
Жоспардың әр қадамы белгілі бір өмір саласының даму жүйесіне бағытталған. Соның бастысы – құқық қорғау органдары алдына қойған заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі. Қазақстан Республикасының сот жүйесінде биылғы жылдан бастап үлкен реформалар жүргізіліп, жаңа технологиялық өзгерістер орын алып жатыр.
Соның бірі – биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген еліміздің жаңа Қылмыстық-процестік заңнамасында алғаш рет «тергеу судьясы» ұғымы енгізілді. Бұл Елбасының 5 реформаны жүзеге асыруға байланысты 100 қадамның жиырма екінші қадамында көрсетілген. Яғни, адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек делінген.
Тергеу судьясы – тек қана сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ҚР Қылмыстық процестік кодексінде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын 1-ші сатыдағы сот судьясы. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында прокурорлық қадағалаумен қатар, тергеу судьясы институтын енгізу арқылы сот бақылауын жүргізу азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мемлекет тарапынан қорғалуына тиімді әсерін тигізетіні сөзсіз.
Заңға сәйкес бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмай, жеке басы анықталмаса, бұрын оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасын, процестік мәжбүрлеу шарасын бұзған жағдайда немесе қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынса, тағы да сол сияқты айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар, бұрынғы қолданыста болған Қылмыстық іс жүргізу кодексінде судья күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарған кезде кепіл мөлшерін айқындауға міндетті деген талап қарастырылмаған еді. Ал, қазіргі қолданыстағы кодексте бұл талап көрсетілген, алайда төмендегі істер бойынша кепіл белгіленбейді: Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар бойынша, адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыс жасалған болса, қылмыстық топтың құрамында қылмыс, өзге де террористік және экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған болса, күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар болған жағдайда.
Күдікті, айыпталушы не басқа тұлға кепілді кез келген уақытта соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысында белгіленген мөлшерде енгізуге құқылы.
Жаңа Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген жаңалықтар халықтың сотқа деген сенімінің артуына, соттың өкілеттіктерінің кеңеюіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сот тарапынан халықаралық стандарттарға сай барынша қорғалуына кепілдік беретіндігін айқындайды. Бұл дегеніміз – Елбасы қойған мақсаттарды абыройлы атқаруға мүмкіндік беретін, елдің құқықтық дамуын жаңа деңгейге көтеретін серпілістер.
Ендеше, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында әр қадамымыз қарышты бола түссін.
Айгүл ТАШЕНОВА,
Атырау қалалық
№2 сотының төрайымы.