
Сенаторлар бүгін аквашаруашылықты тұрақты дамытуға арналған заңды қарайды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Аквашаруашылық туралы» заң мен оған ілеспе құжатты қарайды, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.
Айта кетейік, 12 мамырда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтіп, онда депутаттар бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібін бекіткен еді.
Соған сәйкес, сенаторлар «Аквашаруашылық туралы» заңды қарайды. Бұл құжат жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамытуға арналған. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарының көлемін ұлғайту, олардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар аталған заңға ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат та Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылады. Құжат нормаларына сәйкес Жер, Орман, Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстерге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы жылдың 12 наурызында Мәжіліс екінші оқылымда жоғарыда аталған заңды ілеспе түзетулерімен қабылдап, Сенаттың қарауына жолдаған болатын. Сол кезде заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Сергей Пономарев құжаттың аквашаруашылықты дамыту саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктерді, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін инвестиция тарту жағдайын жақсартуға бағытталғанын айтқан еді.
Депутаттардың ұсынысы бойынша жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізілімі енгізіліп, оған енгізілген тұлғаларға су қоймасын жалға алуға бес жылға тыйым салынады. Заңда аквашаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шартты мерзімінен бұрын бұзу негіздері қарастырылған. Сондай-ақ аквашаруашылық субъектілеріне және оны дамытуға жауапты субъектілерге субсидия беруден бас тарту негіздері, аквашаруашылықты субсидиялау аясында алынған қаражатты қайтару талаптары мен мерзімдеріне қатысты шаралар көрсетілген.
– Сонымен қатар біз балық және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын жою бойынша нормативтік құқықтық актілерді, балық және басқа да су жануарларын бақылаудың ақпараттық жүйесінде балық шаруашылығы субъектілерін тіркеуді қарастыратын түзетулер енгіздік, – деген еді Сергей Пономарев.
Түзетулер балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның балықтың жаппай қырылу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою бойынша көмек көрсету жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтеді. Мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары балық өсіру мақсатымен уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің шешімімен конкурссыз су айдынын алуға құқылы. Басқа да нормативтік құқықтық актілер, соның ішінде Экология және табиғи ресурстар және Ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы құқықтық олқылықтарды жоюға және өкілеттіктерді бөлуге арналған нормалар қарастырылған.
Еліміздің балық шаруашылығы тұрақты дамып келеді: 2024 жылдың қорытындысында балық өнімдері нарығының көлемі 94,6 мың тоннаны құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артты. Оның ішінде 45,2 мың тоннасы табиғи су айдындарынан ауланған балыққа, ал 18,2 мың тоннасы балық өсіру шаруашылықтарында өндірілген өнімге тиесілі. Балық өнімдерінің экспорты 23,4 мың тонна болды.
Балықты қайта өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 20 кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттайды. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін 50-ден астам атаулы балық өнімі әлемнің 21 еліне экспортталады.
2024 жылы балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,2 млрд теңгеден асты. Қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын 30 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, жылына 50 мың тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік беретін тағы 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Балық популяциясын қалпына келтіру мақсатында табиғи су айдындарына жыл сайын шабақ жіберу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында су айдындарына 54 миллион дана бағалы балық түрлерінің шабағы жіберілді.
Өткен аптаның бейсенбісіндегі Сенат отырысында депутаттар «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралып, мақұлданған еді.
— Бүгін мақұлданған заңдар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, еліміздің бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің халықаралық мәртебесін арттыруға арналған түзетулер мақұлданды. Сондай-ақ Алматы қаласында АҚШ консулдығын салу үшін жер учаскесін жалға беруге қатысты келісім қаралды. Бұл құжат екі ел арасында инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Тағы бір маңызды құжат – түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған заң да қаралды. Одан бөлек, еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыратын Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы келісім мақұлданды. Жалпы, бұл заңдар шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтып, тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деген болатын Мәулен Әшімбаев.
Отырыстың күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Ольга Булавкина Үкіметті ветеринарларды даярлау ісіне бюджеттен қаржы бөлудің тиімділігіне талдау жүргізуге және бұл бағыттағы оқу бағдарламалары саланың қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға шақырса, Амангелді Толамисов Қазақстандағы демографиялық жағдайға, оның ішінде халықтың қартаюына, өңірлік диспропорцияларға, көші-қон ағынының артуына және урбанизацияның өсуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Бекбол Орынбасаров объектілерді бюджет қаражаты есебінен салу үшін пайдаланылатын жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзіміне қатысты нормаларды қайта қарау туралы мәселені көтерді.