САПАЛЫ ЖОЛ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Шын мәнінде де жол – өмірдің өзегі, тірліктің қайнар көзі. Бұған Мемлекет басшысының өзі ерекше мән беріп отырғандығы да сол себептен болса керек. Осы ретте, пайдаланудағы автокөлік жолдарының жоғары сапалы деңгейін сақтап, талапқа сай күтіп-ұсталуында, қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «Атырау жол зертханасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне де көп міндеттер жүктелген.

Жоғарыда келтірілген құжаттарда атап көрсетілгеніндей, еліміздің, қала берді өңіріміздің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстарын бірнеше бағытта және кезең-кезеңімен жүргізу көзделген. Оның біріншісі: Батыс Қытай-Батыс Еуропа, Астана-Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтөбе-Атырау, Алматы-Өскемен, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда, Атырау-Астрахан бағыттарын қамтиды. Осы жолдардың жекелеген тармақтары Атырау облысының аумағы арқылы өтеді. Бұл орайда, Атырау-Ақтау, Атырау-Ақтөбе, Атырау-Орал және Атырау-Астрахан аралықтарын байланыстыратын автотрассаларды айтуға болар еді.

Өз кезегінде біздің мекеме де республикалық трансферт есебінен қаржыландырылатын аймақтық және жергілікті маңыздылықтағы автокөлік жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарының және қолданылатын материалдардың сапасын, халықаралық стандарттарға сай келуін қадағалап, жүйелі тексеру жүргізеді. Маман-қызметкерлеріміз жыл сайын республикалық жол ғылыми-зерттеу институтында білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін толықтырып, шеберліктерін шыңдап отырады. Материалдық-техникалық базаның нығайтылуы, зертхананың заманауи үлгідегі құрылғы-қондырғылармен жабдықталып, жарақтандырылуы ұдайы назарда ұсталады.

Осылайша, кейінгі кездері жолдардың үстіңгі қорғаныш қабатын тозудан сақтауға немесе оның жарамдылық мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін «Микросюрфейсинг» түріндегі эмульсиялы-минералды құйма қоспасын қолданып, өткен жылы «Ақтөбе-Атырау-Астрахан (РФ шекарасы)» автомагистралының 539-570 шақырымы аралығына жүргізілген жөндеу жұмыстары оң нәтижесін берді. Айта кету керек, жүк машиналарының дөңгелектерінен түскен салмақтың әсерінен және бетіне төселген битумның тозуы салдарынан жол бойында жарықшақтар жиілеп, қабыршақтар көбейіп, үгітілулер мен ойықтар (шұқырлар) пайда болып жатады.

Өкінішке орай, барлық учаскеде бірдей жолдың күтіп ұсталмауы немесе үнемі бақылауда болмауы, сайып келгенде, тұтастай жол жамылғысының жаппай бұзылуына, жарамсыздығына, ал, жолдың сапалы жөнделмеуі, кемшіліктердің дер мезгілінде қалпына келтірілмеуі жұмсалатын шығынның үш-төрт есе көбеюіне әкеліп соқтырады. Сараптама қорытындылары көрсеткеніндей, жоғарыда аталып кеткен полимерлі түрлендіргіш эмульсия жол жабындысының тозған жоғарғы қабатын қалпына келтіріп қана қоймай, оның көмегімен жарылған тұстар тұтасып кетпес үшін оларды бір-бірінен оқшаулауға, сөйтіп, қауіпті учаскелерді сәл де болса азайтуға, кішігірім ойықтарды, ұзына бойлық, көлденең шұңқырларды жөнге келтіруге, жол төсемесінің беткі қабатын ылғалданып, суға қанығудан қорғауға қолайлы жағдай жасап, жабысу қабілеттілігін және тегістік дәрежесін арттырады. Жол бойындағы шамалы ақаулықтарды қосымша шығынсыз-ақ қалпына келтіруге болады. Және бір айтарымыз, микросюрфейсинг технологиясы көбінесе техникалық санаты 1-3 деңгейімен бағаланатын жолдарда қолданылады.

Қазіргі кезде «Атырау-Индер», «Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка-Шортанбай» тас жолдарының құрылыс жұмыстары аяқталып, бұл нысандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Жайық өзенінің оң және сол жағалауларын байланыстыратын, Махамбет селосының тұсынан өтетін автомобиль көпірінің салыну барысы мұқият қадағалануда. Бұл нысанның бұрынғылардан басты бір ерекшелігі, мұндағы аралық құрылымдар 120 метрге дейін тіреусіз  орналастырылған. Мемлекет басшысының Жолдауында және Ұлт жоспарында қарастырылғанындай, республика көлемінде жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстарға жалпы саны 9000-нан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы орайда атыраулықтардың да өзіндік үлес- еншісі болары анық.

Ербол  КЕНЖЕШЕВ,

«Атырау жол зертханасы» РММ-нің басшысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз