САЛАУАТТЫЛЫҚ – ҰЗАҚ ЖАСАУ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында көзделген міндеттер мен талаптарды түсіндіріп талқылауға арналған жиналыс өтті.

 

Онда департамент директоры Өмірзақ Зинуллин Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының қоғам, мемлекет дамуындағы атқарар маңызы туралы әңгімеледі. 

Жолдауда өркениет жолында жаңа технологиялық даму биіктерін игере отырып, халықтың әл-ауқаты мен жұмысқа қабілеттілігін жақсарту арқылы әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену бағдарламасы егжей-тегжейлі баяндалады. Дамудың даңғыл жолы саналатын ұзақ мерзімді бұл бағдарламада назардан тыс қалған мәселе кемде-кем. Соның бірі – халықтың денсаулығы.

Қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы азаматтардың денсаулығы –жаңа сатыға көтеру қажеттігіне зор мән беріліп отыр. Мемлекетіміздің азаматтарының орта жасын 80 жасқа жеткізу – дәрігерлер алдына қойылған басты талап.

Сонымен қатар, Жолдауда айтылған денсаулық сақтау саласындағы басты басымдықтың бірі – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Бұл орайда спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі туралы тарқатылып айтылды. Егер халықтың саулығы – қоғамның басты құндылықтарының бірі десек, осы елдің баға жетпес игілігі үшін денсаулық күзетінде жүрген медицина қауымы алдарына қойылған міндеттерді ынта-жігермен атқаруға күш-жігер салатынын айтты. 

Департаменттің мектепке дейінгі балалар және білім беру нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Бәтима Сұлтанғалиева, департаменттің бөлім басшысы Артур Бисенов өздерінің ойларын ортаға салды.

Самал ХАБИБУЛЛИНА,
облыстық мемлекеттік 
санитарлық-
эпидемиологиялық 
қадағалау департаментінің 
бөлім басшысы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз