Сайлау комиссиялары бекітілді
Атырауда облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша округтік сайлау комиссияларының құрамы бекітілді.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясында VII шақырылым депутаттары облыстық мәслихаттың 2019 жылғы «Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» №289 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселені қарады.
Сессия салтанатты рәсімнен басталды. Облыстық мәслихаттың XVIII сессиясының шешіміне сай, депутат Сабыржан Сұлтановқа берілген «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев табыстады. Бұдан соң облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша тиісті бір мандаттық аумақтық сайлау округтерінде №1-9 округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы мәселе талқыланды. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың айтуынша, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау науқанының аралас жүйеге көшуіне орай, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 15 бір мандаттық округ құрып отыр, онда 9 комиссия жұмыс жасайды.
– №10, 11, 12, 13, 14, 15 бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша округтік сайлау комиссияларының жұмысын сәйкесті аумақтық сайлау комиссиялары атқарады, — деп түсіндірді Азамат Мақсотұлы депутат жолдаған сауалға орай.
Осылайша, мандат иелері жаңашылдыққа қатысты мәнжайды анықтаған соң, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде жасақталған сайлау комиссиялары мүшелерінің тізімімен танысты. Елдегі 4 партия және қоғамдық қорлар мен бірлестіктер өкілдерінен құралған тізім бірауыздан қолдау тапты. Келесі кезекте облыстық мәслихаттың биылғы бірінші тоқсандағы жұмыс жоспары бекітілді. Мәслихат сессиясын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев көптеген заңнамалық өзгерістер орын алып жатқанын, соның ішінде сайлау жүйесіне қатысты жаңашылдықтар да бар екенін атап өтті. Еліміздегі саяси реформаларға байланысты аумақтық сайлау округтеріне енгізілетін өзгерістердің қажеттілігін және бекітуге ұсынылған жұмыс жоспарында облыстың әл — ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қамтылғанын айтты.
Гүлжан БОЛАТ