Сайлау: Бәріне қарсы дауыс беруге болады
Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енгізілгелі отыр және сайлаушылар бір емес, бірнеше бюллетень бойынша дауыс береді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың тең жартысы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайланбақ. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толықтай мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Яғни, саяси партиялар емес, халық арасынан шыққан нақты адамдар дауысқа түсетін әдіс бойынша таңдау жасалады. Жергілікті жағдайға тоқталсақ, Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50%-ы, яғни, 15-і мажоритарлық жүйе бойынша, қалған 15-і партиялық тізім бойынша сайланады.
Ал, қалалық мәслихаттың 25 депутаты, аудандық мәслихаттардың 85 депутаты толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда облыста 9 мәслихаттың 140 депутаты сайлануы тиіс. Қазір нақты іс-шаралар басталды. Мысалы, Жарлық жарияланған күннен басталған үміткерлерді ұсыну процесі 20 күнге созылады. Яғни, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Ал, үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал, 4 наурыздан бастап сайлаушыларға өз учаскесіндегі сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін тексеру мүмкіндігі берілмек.