Жарнама
Саясат

Саяси жүйеде трансформация басталды

Бұл – ел, халық дамуына тікелей əсер ететін негізгі тетік.  Осы орайда, Мемлекет басшысы да бірқатар реформалардың жүзеге асуына тікелей мұрындық болып жүр. 

Проблема туындаса, бірден шешіп, халықтың əлеуметтік көңіл-күйіне мониторинг жасау, шынайы өмірлік сұраныс пен əлеуметтік желілердегі наразылық көңіл-күйді ажырата білу қажет. Азаматтардың нақты проблемаларына назар аударып, мəселелерді шешу, халықтың əл-ауқатын арттыратын жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын жəне орта бизнесті қолдау керек. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елде 23 мың не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын жастар бар деп айтты. Алайда, Үкімет Жолдауда айтылған осы пікірді зерттеген жоқ.

Конституцияға енгізілген өзгерістер – заман талабы. Олар еліміздің жаңа кезеңге аяқ басқандығын білдіреді. Яғни, мемлекетіміз әлеуметтік теңдік пен бостандықты орнатуға нақты бет бұрды деген сөз. Алайда, әлі де жаңа экономикалық саяси даму жағдайында өзгерістер қажет. Осы орайда, менің де Ата Заңға қосар ұсыныс-тілектерім бар. Мәселен, экономикамыздың дамуына сәйкес, жалақы мен зейнетақыны индексациялау мен реттеу заңда қарастырылса, жақсы болар еді. Екіншіден, ел азаматтары жер қойнауынан түскен байлыққа иелік етсе, нұр үстіне нұр. Сонда әр азаматқа сол байлықтың бір бөлігі тиер еді. Ол үшін мұның бәрі заңмен бекітілуі қажет. Бұған еліміздің қаржылық жағдайы әбден жетеді деп ойлаймын.

Бүгінгі амалы-төкпелі заманда біздің халқымыздың ең басты құндылығы – тəуелсіз, мығым Қазақстан мемлекеті! Бізге демократия мен плюрализм қажет, дегенмен демократия мен плюрализм Тəуелсіз Қазақстанның мызғымастығын арттырып, территориялық тұтастығын қамтамасыз етудің құралы болуы қажет. Айналамызда қаншама мемлекеттер шалыс басып, мемлекеттілік бірлігінен айрылып, территориясының бір пұшпағынан ада болып отыр. Мемлекеттің қабырғасын сөгудің бірінші қадамы ел тұрғындары арасында араздық туғызып, қоғамдық дезинтеграция жасау.

Бүгінде əлемде жалпы тұрақсыздық пен араздықтың индексі сағат сайын өсіп келеді. Дəл осындай қиын-қыстау кезеңде бізге бірлік, ынтымақ, ықпалдастық, өзара сыйластықтың амалдарын жасау өте маңызды. Əрқайсымыз артымызда жанұя мен туыстарымыздың мұң-мүддесімен қатар мемлекеттің де мүдделері тұрғанын, мемлекет деген əрқайсымыз екендігін, сол мемлекет үшін болашақ ұрпақ алдында бəріміз бірдей жауап беретінімізді есте сақтайық.

Мемлекетімізді сақтау, оны бағалау өте маңызды. Мемлекет пен қоғамның бірін-бірі ести білуі де зор мəнге ие. Жергілікті билік бұқараның сұраныстарына, олардың қажеттілігіне жедел əрекет етіп, наразылықтардың артуына, олардың қарсылыққа айналуына жол бермеуі тиіс.

Қоғам белсенділерінің көрсетуінше, қазақ жастары үшін екі-ақ жұмыс қолжетімді. Олар – күзетші жəне такси жүргізушісі. Басқа жұмыс жоқ. Мектеп бітірген жас жоғары оқу орнына түсе алмайды. Талап қиын, кедергі көп. Көлік жүргізу куəлігін алу, оқуға түсуден де қиындау. Қоғамдағы тыныштық əлеуметтік, тұрмыстық тұрақтылыққа байланысты. Міне, осыны мықтап есте ұстау керек.

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button