Жарнама
Саясат

Саяси бәсекелестікті арттырады

Соңғы жылдары елде саяси трансформация көрінісі кең өріс ала бастады. Көптеген жаңашылдықтар жүзеге асып, ұзақ жылдар бойы сақталған саяси жүйенің сеңі бұзылды.

Ең алдымен, былтыр 5 маусымда бүкілхалықтық референдум өтіп, халық реформаларға қатысты таңдау жасады. Ал, қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауы аясында тұтастай сайлау жүйесін жетілдіріп, партия мүмкіндіктерін молайту, сол арқылы ашық, әділетті қоғамға жету жолдары қарастырылды. Сол кезде қабылданған шешімдер биылдан бастап күшіне енуде. Демек, осы жыл саяси өзгерістерге, жаңалықтарға толы болмақ. Соның бір көрінісі жыл басында сенат сайлауы белгіленіп, өз мәресіне жетті. Алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауларына науқанына қатысты жаңашылдықтар да көп. Халық тікелей қатысып, таңдау жасамақ. Сол арқылы депутаттық корпус жаңарып, мандат иелерінің қатары жаңа есімдермен толығады, яғни саяси бәсекелестік артады.

Былтырғы басты саяси оқиға ретінде айшықталған бүкілхалықтық референдумда халықтың басым бөлігі Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдап, дауыс берді. Маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру шарасында 18 жастан асқан әр азамат дауыс беруге құқылы. Жалпы алғанда, тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін де бірнеше рет референдум өткен. Алғашқысы 1995 жылдың 29 сәуірінде өтіп, Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі талқыға салынды.

Бұдан соң, 1995 жылы 30 тамыздағы референдум нәтижесінде қазіргі қолданыстағы Ата Заң қабылданды. Демек, былтырғы референдум – үшіншісі. Осылайша, өткен жылы 5 маусымда ел Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдумда дауыс беруге қатысқан 8 миллионға жуық қазақстандық – елдегі барлық сайлаушы санының 68 пайызы еді. Соның 77 пайыздан астамы өзгерістерді қолдап дауыс берген соң, референдум арқылы Конституцияның үштен біріне, яғни, 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Халық талқысына түскен өзгерістердің бірі – басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға көшуі.

Сонымен қатар, Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынуын да бұқара оң бастама деп бағалады. Жер мен жер астындағы байлықтың халыққа тиесілі болуы, қазақстандықтардың тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алуы – тиімді жаңашылдықтар қатарында. Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша арнайы Үндеу жолдап, референдумның нәтижесі билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашатын мүмкіндік екенін атап өтті.

Сондай-ақ, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын да айтты. Осылайша, халық қолдаған оң өзгерістер биылдан бастап, жүзеге асырыла бастады. Соның бірі – жыл басынан бастап, Конституциялық соттың қызметін бастауы. Бұған қоса, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілді. Демек, басты байлық саналатын адам және оның жайлы тұрмысы үшін ілгері қадамдар жасалды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button