РУХАНИ ТҰТАСТЫҚ ЖАРШЫСЫ
Ең бастысы, форум Қазақстанды конфессияаралық және этносаралық тұрақтылық пен келісімді өзара ұштастырып, серпінді дамып келе жатқан елдердің қатарынан танытып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен алғаш рет 2003 жылы шақырылды. Оның негізгі мақсаты – діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті тереңдетіп, нығайтуды, араздық пен экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруды, діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогты өрістетуді мақсат ететін барлық халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдасу болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өтті. Форумның жұмысына Еуропа, Азия және Африканың 17 елінен келген белгілі діни жетекшілер, қайраткерлер және құрметті меймандар қатысты. Қатысушылар дінаралық саммитті тұрақты өткізіп тұру жөнінде ұйғарымға келіп, форумның жұмыс органы — Съезд Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады.
2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген тақырыпта өтті. Оған Еуропа, Азия, Африка және Американың 20 елінен келген 43 делегация қатысты. Бұл форумда «Дінаралық диалогтың принциптері» атты маңызды құжат қабылданып, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын ашу туралы бастама көтерілді.
2009 жылы үшінші мәрте өткен съезд «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» атты тақырыпқа арналды. 77 мемлекеттің өкілдері қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Діни лидерлер кеңесін құруды ұсынды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты. IV съезд аясында форум институттарының қалыптасуы жалғасты. Атап айтқанда, үйлестіруші орган – Діни лидерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Діни лидерлер кеңесінің мүшелері Елордадағы «Мәңгілік ел» даңқ қақпасының маңында «Рухани жарасым» аллеясын ашты.
Қорыта айтқанда, діндер съезі — жалпы әлем халқына рухани құндылықтарды дәріптеуге, адамдар санасына дәстүрлі діндердің адамгершілік ұстанымдарын насихаттау және жер бетінде барша адамзат баласының бейбіт өмір сүруіне, олардың арасында келісім мен үйлесімділікті қалыптастыруға жол ашып отыр.
Жанар ТЕҢЛІБАЕВА,
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты,
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері.