ҰРПАҚҚА ҮЛГІ ҚАДАМДАР
Елбасы әрдайым елдің тыныштығын, ұлттар арасындағы берік ынтымақтастықты сақтауға үндеп, адамзат құндылығының алтын тірегі болған ұлы мақсатқа жетелеп келеді. Бүгінгі Қазақстанның мәртебесін жоғарылатып, мерейін тасыту үшін саясат пен экономика, білім мен өнер, ғылым саласында жүрген әр қазақстандық өз саласының озаты болып, өнікті еңбек үлгісін көрсетуге мүдделі болуы керек.
Қазір – белгілі бір саланы игеріп қана қоймай, оған жаңалық енгізетін, сол бастаманы мемлекеттің ертеңгі игілігіне арнайтын уақыт. Осы орайда өзім басшылық жасап келе жатқан «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қоры облыста бейнелеу өнері бойынша бірқатар шаруалар атқарып келеді.
Аймақтың бейнелеу өнері шеберлеріне «Алтын қайық» мүсінін табыстауды қолға алдық. Ондағы мақсат батыс өңірінде кенжелеу қалған бейнелеу өнерін жандандыру, шеберлерді ынталандырып, шығармашылықтарын шыңдау болатын. Бұл марапатқа ие болып жүргендер – қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлестерін қосып, Алаш руханиятының жандануына атсалысқан азаматтар. Біздің құрылтайшымыз «Ақ желкен» шығармашылық орталығында бейнелеу өнерінің шеберлеріне арнап айына екі рет көрме ұйымдастыру да дәстүрімізге енген.
Дәстүрге айналған тағы бір шара – 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Дала дарабоздары» атты фестиваль. Бірнеше жылға есептелген бұл фестиваль шеңберінде қазақ қылқалам шеберлері Шаймардан Сариев, Әбдірашид Сыдыханов, Мұхит Қалимов шығармаларына арналған өнер конкурстарын өткізіп келеміз.
Ұлттық қолөнерді дамыту бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. «Сарайшықтан-Астанаға» атты этномәдени экспедиция ұйымдастырып, Атырау өңірінің барлық ауылдық елді мекенін аралап шықтық. Шежірелік әңгімелер, көзі жойылып бара жатқан жәдігерлер, өңірде болған ұста, зергерлер, өрімші, ағаш шеберлері туралы мағлұматтар жинадық. Бұрынғы ерте замандағы шеберлердің өнерін жалғастырып жүрген адамдарды таптық. Осыған орай, «Таралғы» атты этномәдени экспедиция ұйымдастырылды. Бүгінгі күні Атырауда қазақ қолөнерімен айналысу тек өнерді дәріптеу емес, күнкөрістің бір жолы екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осы «Таралғыдан» кейін ағаш шеберлері «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алып, елге игілікті қызмет көрсетуде.
Жыл сайын қаладағы Жеңіс саябағында, «Арбатта» мәдени кештер маусымын өткізіп келеміз. Ашық аспан астында көшпелі көрме ұйымдастырып, әуесқой өнерпаздардың өнер көрсетулеріне мүмкіндік жасаудамыз.
Ең бастысы, рухымыз дағдарысқа ұшырамасын. Біз әлемді еліміздің рухани байлығымен, мәдениеті мен өнері қатар озған өркениетімен таң қалдыруымыз керек. Және мұның барлығы кейінгі ұрпаққа мұра болып қалуға тиіс.
Нұрберген ДӘУЛЕТОВ,
«Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы,
Атырау қаласы.