РЕФЕРЕНДУМ: Атырауда өңіраралық штаб отырысы өтті (+ФОТО)

img 20220529 wa0029 Саясат

Бүгін Атырау қаласындағы Салтанат сарайында 5 маусымда өтетін республикалық референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының өңіраралық отырысы өтті. Оған Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан мәслихат хатшылары мен ардагерлер кеңесі, референдумды қолдау жөніндегі штаб төрағалары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиынды референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб төрағасы Төлеубек Мұқашев жүргізіп отырды.

– Конституциялық референдум өткізуге аз уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, белсенді қатысу әрбір азаматтың борышы. Себебі ол бүгінгі Қазақстанның ғана емес, болашақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Мемлекет басшысының бүкілхалықтық референдумды өткізуге қатысты бастамасын қолдау мақсатында еліміздің мәслихаттары бірлестігінің ұсыныстарымен Республикалық қоғам штабы құрылған болатын. Сол штаб өкілдері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде референдум өткізуге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мақсат – референдумның маңызы мен мәнін бүкіл бұқара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты кеңінен ақпараттандыру. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғанда сайлауалды бағдарламасында негізгі 3 мәселені көтерген болатын. Біріншісі, халықтың әл-ауқатын көтеру, Екінші, әділеттілік. Үшінші, мемлекетіміздің дамуы. Қазіргі күні болып жатқан барлық реформа Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының логикалық жалғасы деп қарастыру керек. Президент ұсынған Конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді.

Әлемдегі дамыған озық мемлекеттердің саяси жүйесі – демократиялық жүйе екенін айтты. Себебі демократиялық жүйе экономикалық бостандыққа жол ашады. Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, онда демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы Конституциялық реформа туралы бүкіл халықтық референдум мемлекеттің болашағына әсер ететін аса маңызды күн деп ойлаймын. Бұл түзетулер саяси жүйені қайта құру үшін көптен күткен шараларды қамтып, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылы форматтарын жаңартуға деген сұранысын көрсетеді. Конституциялық реформаның ережелері әртүрлі қоғамдық күштердің, сарапшылар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына негізделгені маңызды, – деді Т.Төлеуұлы.

Осыдан кейін республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алды. Оның сөзінше, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестік жанынан жалпыұлттық референдум өткізуді қолдау жөніндегі штаб құрылған. Оның жұмысы екі бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-мағынасын түсіндіру. Екінші бағыт референдумға белсенді түрде қатысу мәселесін қамтиды.

Содан соң Атырау облысы бойынша референдумды қолдау жөніндегі штаб төрайымы Гүлзада Шакуликова баяндама жасады. Ол 6 мамырдан бастап белсенді түрде өңір тұрғындарына Ата Заңға енгізілетін жаңа өзгерістер бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.    

– Өңірлік штаб құрамына 25 адам тіркелген. Олар – облысқа белгілі қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, журналистер мен танымал блогерлер. Референдумды қолдау бағытында аймақта барлығы 182 іс-шара жоспарланса, соның бүгінге дейін 130-ы өткізілді. Атап айтқанда, жеті ауданда 50 кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Атырау-Жарық», «ИнтергазЦентральная Азия», «Қазақтелеком» филиалы, «Атырау-Ақпарат», «Ембімұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты, «ҚайнарМұнайГаз» және басқа да компания ұжымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.   Сол сияқты, референдум маңыздылығы жөнінде еліміздің Парламент Мәжілісінің  депутаттарының қатысуымен алыс елдімекен тұрғындарына да ақпараттық шаралар өткізілді.  

Бұдан бөлек, Атырау политехникалық колледжі, «APEC Petrotechnic», ХДосмұхамедов атындағы Атырау университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде білім алып жатқан жастармен де кездесулер өтті. Ардагерлер мен ақсақалдар кеңесі, «Атырау облысы бойынша Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» мүшелерінің қатысуымен жиындар өткізілді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша «FunTime» атты жастар арасында пікірсайыс ұйымдастырылды. Штаб мүшелерінің қатысуымен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жастар арасында #менреферендумғақатысамын атты челлендж бастау алды. Әлеуметтік желіде жүздеген жазбалар жарияланды. Сонымен қатар, халық көп шоғырланған қоғамдық көлік, сауда орындарында дыбыстық хабарландырулар таратылуда. Мәдени-көпшілік спорттық шаралар өтіп жатыр. Сайып келгенде, халықтың референудм өткізуге деген оң көзқарасын байқауға болады. Азаматтардың саяси сауаттылығы мен белсенділігі артқаны анық көрініп  тұр.  Әлеуметтік желіде позитивті жазбалар көптеп кездеседі. Аталған шаралар құр өткізіліп қана қоймай, халық тарыпынан айтылған нақты ұсыныс-пікірлер жинақталып, талдау жасалды, – деді Г.Тәңірбергенқызы.

Кездесуде арнайы келген Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысының референдумды қоғамдық қолдау штабтарының төрағалары Сұлтанбек Ташкенбай, Табылғали Сапаров сөз алып, халықтың референдумға келіп, өз таңдауларын жасауға жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті. Ал, Махамбет аудандық мәслихат хатшысы Қайыржан Мәжиев пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев бұл референдум азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласып, белсенді қатысуын көздейтін маңызды шара екенін айтты. Сондай-ақ, Жылыой аудандық референдумды қоғамдық қолдау штабының төрағасы Шынаргүл Темірбаева ауданда бүгінге дейін 2050 адамға түсінік жұмыстары жүргізіліп, нақты 50-ге жуық ұсыныс-пікір жолданғанын жеткізді.

Шара барысында біз Маңғыстау облысынан келген делегаттардың бірі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетовтің алдағы саяси науқанға дайындық қалай өтіп жатқанын сұрадық.  

«Маңғыстауда облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның мақсаты – референдумға қатысты барлық ақпаратты жергілікті халыққа түсінікті тілде жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінгі өтіп жатқан шараның да маңызы зор. Мұнда еліміздің батысында орналасқан көршілес өңірлерден делегаттар жиналған. Осындай жауапты шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді. Осындай «дөңгелек үстелдер» барлық өңірде өтіп жатыр. Қалай болғанда да, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын білу өте маңызды. Сонда ғана еліміздің өсіп-өркендеуіне нақты қандай өзгерістер қажет екені белгілі бола түседі» дейді С.Құдайбергенұлы.

Көшпелі кездесу соңы өзара пікір алмасуға ұласты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз