«Қызбел-Қандыағаш-Қарабау»: Байтақ дала тарихқа үңілуге үндейді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қостанай облысынан басталған «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығының мақсаты – халық батыры Өтей Ақымбетұлының рухын асқақтату және ішкі туризмді дамыту болатын. 16 қазан күні жаяу келе жатқан екі жігіт Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Жабасақ ауылына келіп тоқтады.
– Бұл күні біз Ақтөбе облысының Қостанай облысымен шектесетін жеріндегі Толыбай ауылынан Жабасаққа дейінгі 53 шақырым жерге тоқтаусыз жүріп жеттік. Қызбелден бері есептегенде, шамамен 300 километрдей жол жүрдік. Әуелі жолсызбен жаяу жүру қиындық туғызды. Алғашқы күні тек 15 шақырым ғана жүрдік. Келесі күндері 23-25, одан 37 километр, біртіндеп бойымыз үйреніп, жылдамдықты арттырған соң күніне 53 шақырымды бағындырдық. Егер осы қалыптан танбасақ, Ойылдан Қарабауға дейінгі 200 шақырымдық межеге екі қонып жетеміз деген ойдамыз, – дейді жорықшылардың бірі Сәттібек Ысмайылов.
Онымен сапарлас Ерлан Хұсайыновтың айтуынша, Сәттібек 19 қыркүйекте тобығын шығарып алған екен. Енді ұзақ әрі жылдам жүріске аяғы ауырып, ақырын жүруге тура келіп тұр. Негізгі мақсаттары Өтей Ақымбетұлының зиратына тәу етіп, бабалар салған бауырластық жолын кейінгі ұрпақ арасында өрістету болған соң, олар ұзақ сапарда алдын-ала жол кескенді ұнатпайды.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылынан Сарат ауылына дейін 11 сағат жүріп, кешкі сағат сегіздің шамасында келген жорықшы жігіттерді ауыл әкімі Талғат есімді азамат күтіп алып, жайлы демалуына жағдайын жасапты.
– 17 қазан күні ертеңгісін Сараттан 75 километр жердегі Қарабұтақ ауылына қарай жолға шығып барамыз. Екі ортада Ақкөл ауылына түнейміз деген жоспарымыз бар. Кең байтақ даланың қазіргі көрінісі бір кездегі қалың тарихтан сыр шертіп жатыр. Тіпті, жер-су атауларының өзінен-ақ ұлт тарихының біз білмейтін әлі талай жұмбағы барын аңғарғандай боласыз. Он күннен астам жүргеннің өзінде осы сапар бізді көп ойландырып, санамызға түрлі пікір қалыптастырып келеді. Мұның қорытындысы жөнінде ой түйіндеп, ұлттың жылнамасына тереңірек бойлау үшін мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырсақ деген тұжырымымыз бар, – дейді жорықшылар.
Жылнамаға үңілсек, Қостанай облысының Алтынсарин ауданымен шектесіп жатқан бұрынғы Қарабұтақ ауданының орталығы, кеңес кезінде Комсомол атауын иеленген ауыл – табиғаты нулы, сулы, аты тарихқа жазылған атақты бекініс-қала. 1993 жылы «Бөгеткөл ауданы» деп аталып, бірер айдан соң «Әйтеке би ауданы» болып қайтадан аталды. 1997 жылы Бөгеткөл ауданының аумағы толықтай Әйтеке би ауданына қосылды.
Мәреден сөреге дейінгі 1200 шақырымды екі жігіт қазан айының соңына дейін, яғни бір айға жетпейтін уақытта жаяу жүріп өтпекші.
Қуат ҚОСЫМБАЕВ
One Comment