
Қытаймен экономикалық әріптестік жаңа белеске бет алды
Қос көрші – Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жыл өткен сайын нығайып, жаңа іскерлік байланыстарға ұласып отыр. Ұлы Жібек жолының бойында ғасырлар бойы тоғысқан мәдениеттер мен сауда-саттықтың дәстүрі бүгінгі күні де қайта жаңғырып, көреген саясат пен сенімді серіктестікке айналды.
Бүгінде Қытай – Қазақстанның ең ірі әрі белсенді экономикалық серіктестерінің бірі. Бұл елмен арадағы стратегиялық әріптестік тек шекарамен шектелмей, сан салада – сауда мен энергетикада, логистика мен өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығы мен цифрлық технологияда – жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Сауда – қос ел арасындағы қарым-қатынастың басты арнасы. Қытай Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі саналады. Екі тарап өзара тауар айналымын ұлғайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қытай нарығына еліміздің мыс, өсімдік майы, дәнді-дақыл сияқты табиғи әрі сапалы өнімдері жол тартып жатыр. Бұл – Қазақстан үшін экспорт географиясын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық брендті қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қытайлық компаниялардың еліміздің инфрақұрылымы мен өнеркәсібін дамытуға белсенді қатысуы – инвестициялық ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Жолдар салынып, зауыттар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бұл қарым-қатынас – тек экономикалық емес, әлеуметтік серпілістің де кепілі.
«Бір белдеу – бір жол» бастамасы қос тарап үшін де маңызы зор. Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздері Еуразия құрлығын байланыстырып, бүкіл өңірдің экономикалық тынысын кеңейтіп отыр. Көлік және логистика саласындағы жобалар – жай инфрақұрылым емес, елдер арасындағы өзара сенім мен жауапкершілік көпірі.
Энергетика саласында да ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Электр станциялары мен жаңа желілер құрылысы – ел экономикасының қуатын арттыруға бағытталған.
Ал ауыл шаруашылығында түйе сүтінің құрғақ түрі сияқты ерекше өнімдер экспортқа жол тартуда. Бұл – Қазақстанның экологиялық таза өнімдерге бай екенін дәлелдейді.
Қытайдың жоғары технологиялы компаниялары Қазақстанда «ақылды қалалар» жүйесін дамытуға атсалысуда. Бұл серіктестік – цифрлы дәуірге лайықты ортақ жауап. Болашаққа қадам тастау – бірлесе жасаған қадаммен берік болмақ.
Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты түрде өтетін мемлекетаралық форумдар мен бизнес кездесулер – ынтымақтастықтың жүйелі әрі жоспарлы түрде дамып жатқанын көрсетеді. Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі мен өңіраралық форумдар осы бағыттағы нақты қадамдардың дәлелі.
Екі ел арасындағы қатынасты реттейтін кең ауқымды келісімдер мен құқықтық база – серіктестіктің тұрақты негізін қалыптастырып отыр.
Сыртқы қарыз мәселесінде де Қазақстан тұрақтылықты сақтап отыр. Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздің Қытай алдындағы сыртқы борышы 9,2 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл сома негізінен Қытайдың Экспорт-импорт банкі (Эксимбанк) арқылы алынған, әрі ол нақты жобаларға бағытталған.
Қытаймен арадағы экономикалық әріптестік – бұл жай ғана сауда мен келісімдер тізбегі емес. Бұл – сенімге құрылған серіктестік, көрегендікпен өрілген көрші елдер достығы. Екі ел де осы байланыстан ұтары көп екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бұл әріптестік келешекте де жаңа жобалармен, тың бастамалармен толығатыны анық.
Халқымызда «Жақсы көрші – жарты ырыс» деген тәмсіл бар. Қытаймен арадағы ынтымақтастық – осы ырыстың дәлелі.
Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қаржы және есеп кафедрасының қауымдастырылған профессоры