ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден әжелермен ән орындады
Қарақат Әбден қазақстандықтарды Республика күнімен ерекше форматта құттықтады. Президенттікке үміткер «Ару Ана» әжелер ансамблімен бірге қазақтың бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әнін шырқады. Рухты да қуатты ән аналар қауымының орындауында жаңа реңкке ие болды.
«Қайта жаңғырған Республика күні ұлттық мерекеге айналып, патриоттық рухымызды асқақтата түсті. Бірнеше ұрпақтың жадында сақталған «Атамекен» әні жастарды елжандылыққа тәрбиелейді. Жас ұрпақ халқымыздың рухани құндылықтарын жадында сақтап, ақ жаулықты аналарымыздың тәрбиесін бойына сіңіріп өссе, еліміздің келешегі зор болатыны анық. Мен барша қазақстандықтарды осы ұлық мерекемен құттықтаймын!» — деп жеткізді Қарақат Әбден.
Еске сала кетейік, кандидаттың республикалық және өңірлердегі штабтары кестеге сай жұмыс істеп тұр. Үміткер осыған дейін елорда маңындағы елдімекендер мен Қарағанды қаласында болды. Алдағы күндері Павлодар мен Абай облыстарының жұртшылығымен кездесуді жоспарлап отыр.