Қоғамдық штаб мүшелері ембіліктермен кездесті
ҚР Президенттігіне үміткер Қ.К. Тоқаевты қолдау мақсатында облыстық қоғамдық штаб мүшелері Амангелді Абдолов, Ермекқали Юсупов, Сырымбек Сәрсенбаев “Ембімұнайгаз” АҚ-ның қызметкерлерімен кездесті. Оларға кандидаттың сайлауалды бағдарламасы түсіндіріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
-3 партия мен қоғамдық ұйымдар бірігіп халықтық коалиция құрылды. Бұл — бұрын-соңды болмаған оң өзгеріс деп білемін. Жастарға 2,5 пайызбен несие беруі — олардың кәсіпке бет бұрып, жағдайларын жақсартуға жол ашады. Сондай-ақ шағын мекемелерді 3 жылға дейін салықтан босатуы да азаматтардың жақсы жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр. Алда осындай оң бастамалардың болатынына мен кәміл сенемін,- деді сенімді өкіл Ермекқали Юсупов.
-Біз сайлауалды бағдарламаны түсіндіріп, өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға арнайы келдік. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында бұрын болмаған оң өзгерістерге жол ашылғанын ел біледі. 18 жасқа дейін әр баланың есеп-шотына қаржы құйып, оны 18 жасқа толғаннан кейін пайдаға жарата алуы — өте жақсы бастама деп білемін. Олардың оқуын төлеп, тіпті баспана мәселесін реттеуге де мүмкіндік туады — деді штаб мүшесі Сырымбек Сәрсенбаев.
Жиынға қатысқан мекеме қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.