Жарнама
Саясат

«Қазақстан-Қытай» саммиті – ел тәуелсіздігіне кепілдік

Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің келуі бүкіл әлемнің назарын аударды. Түрлі дәрежедегі БАҚ жамырай жазған бұл жаңалық жөнінде белгілі саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайполла Сапановпен “Атырау” газетінің тілшісі сұхбаттасқан еді.

– Сайполла Жұмабайұлы, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас туралы жаңалыққа көзқарасыңызқандай?

– Қазіргі халықаралық қатынастарда әлемдік қауымдастық пен баспасөздің назары – Қазақстанда. Себебі, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мырзаның елімізге ресми сапары аяқталды. «Орталық Азия-Қытай» екінші саммиті өтті. Бұл кездесу аясында екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін байқауға болады. Қытай тәрізді ірі держава басшысының Қазақстанға арнайы келуі, оны Президенттің өзі барып әуежайдан қарсы алуы дипломатияда зор құрметтің белгісі болып саналады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Қытайдың көрші ретіндегі татулығын, ешқашан қандай да бір кикілжіңге бармағанын атап көрсетті. Тарихқа қарасақ та, екі ел арасында түсініспеушілік, этностық яки шекарағақатысты мәселе болып көрген жоқ.

Қазақ пен Қытайдың тарихы өте терең. Енді, міне, жаңа стратегия көтерілді. Соның бір көрінісі – сауда айналымы 44 миллиард долларға жетуі. Бірнеше ірі миллиардтық жобаларға келісім жасалды. Қазақстанда зауыт салу, өнеркәсіптің түрлері, туризм, басқа да салалар бойынша Қазақстанның экономикасын көтеруге Қытай тарапы инвестиция салып отыр. Бұл екі жаққа да тиімді. Мәселен, елде қандай да бір зауыт ашылса шетелге өнім шығарады. Атыраудағы Қытай инвестициясы негізінде салынған май зауытын айтуға болады.

– Экономикадан бөлек басқа бағыттарға әсер ете ала ма?

– Әрине, бұдан бөлек мәдени қарым-қатынас бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай гуманистік бағыттағы саясат керек екенін айтып өтті. Мәселен, екі ел өз халқына қытай, қазақ тілдерін үйретуі, озық технологияларды алмасуы, жаңа білім ордалары ашылуы секілді маңызды мәселелер оң шешілсе дұрыс болады деп ойлаймын.

– Ең ұтқыр келісім қандай болды деп ойлайсыз? Өзіңіз білесіз, соғыс жүріп жатқан елдер де бар. Сондай жағдайда бұл сапар қаншалықты сенімді?

– Иә, алыпқашпа әңгіме көп. Пандемиядан кейінгі Си Цзиньпиннің Қазақстандағы екінші сапарында еліміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне кепіл бола алатынын айтуы ең ұнамдысы болды. Қазіргі геосаяси жағдайда елімізге қол сұқпай, керісінше ішкі, сыртқы жағдайымызға қолдау білдіргені дүние жүзіне баспасөз арқылы тарады.

Жалпы Орталық Азия мен Қытай секілді алпауыт мемлекеттердің достығы – әлемнің тыныштығы. Аймақ қауіпсіздігіне факт деп қорытындылауға болады. «Бір белдеу, бір жол» – осыдан он жыл бұрын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ұсынған халықаралық бастамасының құрамдас бөлігі. Осы жоба басталғалы Қытайдан Еуропаға тасымалданатын заттың 87%-ы Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан бұл мүмкіндікті әртараптандыруға көңіл бөлуіміз керек.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button