Қазақстан – Ауғанстанның 10 негізгі сауда серіктесінің бірі
ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш Ауғанстанмен қай салаларда тауар айналымы жолға қойылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз тату көршілес Ауғанстанмен қалыптасқан дәстүрлі экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық байланыстарды әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі таңда Қазақстан – Ауғанстанның негізгі 10 сауда серіктесінің бірі болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1 млрд долларға жетті. Бұл жоғары көрсеткішті арттырып, алдағы уақытта 3 млрд долларға дейін жеткізу көзделген», — деді вице-министр елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында.
Спикердің айтуынша, Ауғанстан дәстүрлі түрде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда астық пен ұнды импорттайтын маңызды елдердің бірі. Дегенмен, мұнымен шектелмей, өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейтіп, екіжақты ынтымақтастықтың берік негізін құру аса маңызды.
«Ауғанстанның еліміз сияқты пайдалы қазбаларға бай мемлекет екені белгілі. Сонымен бірге, Орталық және Оңтүстік Азия торабында орналасқан бұл елдің транзиттік-көліктік әлеуеті өте зор. Осы тұрғыда халық саны шамамен 220 млн Пәкістан нарығына шығатын, Пәкістан арқылы Таяу шығыс, шығанақ елдірінің нарықтарына шығуды, жаңа көлік логистикалық бағыттарын қалыптастыруды аса маңызды деп санаймыз. Жалпы алғанда сауда – басымдықтарымыздың бірі ғана. Осы орайда біз өзге басым бағыттарда, көлік-логистикалық, энергетикалық, инфрақұрылымдық және телекоммуникация салаларында Ауғанстанмен бірлесе жұмыс істеуге әзір екенімізді мәлімдейміз», — деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі.
Бұған дейін Қанат Тумыш Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ Өңірлік орталығы құрылатынын айтқан еді.
Соңғы екі жылда Қазақстан Ауғанстанға 81 вагон азық-түлікті гуманитарлық көмек ретінде жіберген.