Қазақ тілі – үйренуге ең оңай тіл
Ана тілімізді дамытуға арнайы уақыт, ерекше көңіл бөліп, зор ықылас танытып жүрген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының игі бастамаларын қос ққолдап қолдаймын.
Ол: «Қазіргі IT технологияларды қазақ тілінің қызметіне қоя білуіміз қажет. Бұл бағытта ғаламдық алпауыттардың кең қолданыстағы платформаларын қазақшалау және өз мамандарымыздың қазақша мәтін тану, дыбыс тану, қазақша сөйлеу мен жазуға, жалпы қазақша жұмыс істеуге көмектесетін жүйелерін дамытуға жағдай жасау міндеті тұр» деп бекерге айтып отырған жоқ. Мәселен, Испания мен Израиль мемлекеттерінде мектептегі барлық пән 7 сыныпқа дейін тек испан мен еврей тілінде ғана жүреді. Содан кейін ағылшын тілінде оқытылады. Осылайша, ондағы мамандар қоршаған ортаны өз тілінде танып білген соң ғана бала өзге тілдерді үйрене алады деген пікірге келген. Айтпақшы, мен «Қазтранском» акционерлік қоғамында жұмыс жасайтын Радик Құлшықов деген татар ұлтының өкілін білемін. Ол қазақшаға судай. Қызмет бабымен танысқан осы бір азамат жайлы жазғым келді. Қазақ еліне деген құрметі, мемлекеттік тілді қадірлейтіні, айналасына қашан да ізгілік сыйлап жүретіні ұнайды. Қазақша майын тамызып сөйлегенде, еріксіз риза боласың. – Қазақ жерінде дүниеге келген қай ұлттың өкілі болсын, мемлекеттік тілді білуге, сыйлауға міндетті, – деген пікірде Радиктің өзі. – Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында қазақ балаларымен бірге ойнап өстік. Ата-анам қазақ халқының әдет-ғұрыптарын сақтап, бізді қазақша тәрбиеледі. Жергілікті ұлт өкілдерімен аралас, сыйлас болуымыз біздің отбасылық өмірімізге де әсер етті. Біздің шаңырақты интернационал отбасы деуге болады. Мен Лариса деген орыс қызына үйлендім. Қарындасым Гүлфия қазақ отбасына келін болып түсті. Екі балам бар, үйімізде қазақша сөйлесеміз. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі, оның сан қырлы қалтарыстарына терең бойлап, сөз мәйегін тапсаң, қызығушылығың одан бетер арта түседі. Міне, осы қарапайым мысалдың өізнен-ақ қазақ тілінің қаншалықты құдіреттілігін көруге болады емеспе?!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
жазушы-өлкетанушы, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі