Қарақат Әбден президенттікке үміткер талаптарына сай келеді – ОСК
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің барлық талапқа сәйкестігі туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын.
Үміткердің сәйкестігі туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол кандидат Қарақат Әбденге қатысты ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және ҚР Әділет министрлігіне тиісті сұраулар жіберілгенін айтты.
«Аталған құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай, азаматша Қарақат Жақсылыққызы Әбденге қатысты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды. Президенттікке кандидат Қарақат Әбден 1974 жылы 7 мамырда Целиноград облысы Қорғалжын ауданындағы 22-партсъез атындағы совхозда туған. Құжаттар қаралатын күн қарсаңында ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен келіп түскен құжатқа сай, Қарақат Жақсылыққызы Әбден бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған, соттылығы жоқ, сыбайлас жемқорлық қылмыс кінәсі жоқ, белсенді сайлау құқығына ие. ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметке сай, тумысынан Қазақстанның азаматшасы болып саналады, Қазақстанда соңғы 48 жыл тұрады», — деді А. Смағұлов.
Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 10 қазандағы қорытындысы негізінде, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ұсынылған джиплом көшірмесіне сай, жоғары білімі бар.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұсынған дерекке сәйкес, мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі – 9 жыл 1 ай.
«Біз ҚР Конституциясы мен ҚР сайлау туралы Заңының талаптарына сәйкес, Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын белгілейтін тиісті хаттамаға қол қою рәсімін жүргізіп жатырмыз. Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызы ҚР Конституциясымен және ҚР сайлау туралы Конституциялық заңымен қойылатын талаптарға сәйкес келетінін анықтады», — деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров дауыс беру рәсімінен кейін комиссия отырысында.
Айта кетейік, Қарақат Әбден – танымал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты. Төрт бала тәрбиелеп отыр.