Жарнама
Саясат

Қара нанның дәмі…

немесе кішкентай ауылдағы үлкен оқиға

Біздің ауылдан шығысқа қарай сәл ұзағанда, жол бойында күнге күйіп көнерген, бейнеленген суреті мен жазуы табиғаттың әсерінен бозаң тартқан, иен далада жалғыз-жалқы тақтайша тұрар еді. Оны атама еріп, аудан орталығына қарай жол тартқанда ғана көретінмін. Атам әр өткен сайын оған асқан сүйіспеншілікпен қарайтынын ғана аңғаратынмын.

Атама сұрақты үдетемін:

– Ата, «Қазақстан-2030» деп неге жазып қойған? Ол кезде не болады? Анау жолбарыстың суретін неге салған?

Күдігінен үміті басым сезіммен сәл жымиған күйі атам түсіндіріп ала жөнелетін.

– Айналайын, ол жолбарыс емес, барыс! Барыс деген киелі жануар – aңдардың ішіндегі ең батылы, ең табандысы. Бұл – біздің еліміздің дамуының символы, қызым. Ұзақ мерзімге жоспарланған стратегия. Әне, 2030 жылы біздің еліміз гүлденіп, дамиды. Мына ауылымыз адам танымастай өзгереді. Ол кезде қолмен от жақпаймыз, көлден су тасымаймыз, дүкендерде тамақ ағыл-тегіл болады. Бәрі арзан, бәрі қолжетімді. Не жеймін, не киемін деп ойламасаң да болады…

– Алақай, ата, керемет қой?!

– Иә, қызым. Сол кезде сендер Қазақстан деген елдің бақытты тұрғыны боласыңдар. Бірақ, мен ол күндерді көре алмаймын…

– Неге, ата? Сіз неге көрмейсіз?!

– Оны кейін түсінесің, қызым!..

2030 жылы бәрі ғажап болатынына кеудем үмітке толып қуанатынмын да, оны атамның көре алмайтынын ойлап, мұңайып қалатынмын…

Бұл кезде еліміз Тәуелсіздік алғанына 7 жылдан асқан болатын. Мен 8 жаста едім. Оң-солымды енді айырған ойын баласымын. Ата 70-те болатын. Тәуелсіздік деген cөзді дүниеде алғаш рет атамның аузынан естідім. Ол не?! Неден, кімнен алынған еркіндік?! Әрине, санам жетпегені анық…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында бір жасар сәби екенмін. Тек мен емес-ау, ауылдастарым да сәби секілді болыпты. Себебі, бөркін аспанға атып қуанған адам болсайшы. Бір-біріне сүйіншілеген жан болсайшы! Неге? Өйткені, 70 жыл өзге идеологияның тәрбиесін көрген ауыл адамдары да Тәуелсіздік таңы атқанда абдырап қалғаны рас еді. Оларда бір ғана ой болды:

– Енді қалай күн көреміз?!

Иә, Тәуелсіздік бізге үміт пен күдік араластырып келді. Оның алғашқы жылдары деген бөлек сезім. Аңғал да адал, ақкөңіл халқымыз өмірді жаңадан бастаған кез еді бұл.

Біздің ауыл – Атырау облысының ең шеткі аймағы, Ресейдің Астрахан облысымен шекаралас кішкентай ауыл. Судың арғы беті – Ресей елі. Ежелден сауда-саттығы терең, мал-жаны аралас-тұғын. Құдандалы, ағайын-дос еді. Бір өзеннен су ішкен орыс-қазағы бір-бірімен тамыр болатын. Дүкендерге ас-ауқат, әрине, сол жақтан әкелінетін. Ауыл адамдары «қала» деп Астраханды ғана білетін-ді.

Ауылдастарымның көкейінде «Енді қайтпекпіз?..» деген сұрақ тұрды. Содан алашапқын басталып та кеткен еді. Кәдімгі дүрбелең дерсіз. Жаңа үйге тұңғыш көшіп барған тұрғындар секілді сезім. Дүкендер сөресі бос, нанға кезекке тұрған, жұмыстан босап қалған ауылдастарым…

Бірде нан алуға барғаным есімде. Қолымда – Сүйінбай ақынның бейнесі бар 3 теңге. Ұзынсонар кезектің дәл соңына келіп тұрыппын. Абыр-дабыр. Сөреге жету қайда?! Сонда да тұра берсем керек. Ымырт үйірілді. Әбден түн болғанда, қолыма екі бөлке қара нан ұстап шығыппын. Үйге жеткенше біреуін шетінен кертіп тістеп келемін. Сол дәм әлі таңдайымнан кетпейді. Нан деген сонша тәтті болады екен-ау!..

xxxl
Ауылдағы мектеп көрінісі

Қазір ойласам, сол бір дәм мен үшін Тәуелсіздіктің дәмі секілді. Тым-тым тәтті. Тым-тым ыстық еді…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы біздің ауылдағы тағы бір көрініс жадымда. Бір-бірінен табақ ұстап, ұн сұрап жүрген көршілер…

Менің атам Қиғаш өзенінде кеме жүргізушісі болатын. Астраханға балық жеткізеді. Қайтарда ұн, секер, күріш секілді азық-түлік тиеп қайтады. Атам келген күні үйге көршілер ағылатын. Қолдарында бір-бір ыдыс. Бірі ұн, бірі секер алады. Біздің де көрші үйге табақ ұстай барған кезіміз болды. Анам бірде көрші апаның үйіне күрішке жұмсады. Қолымда – әйнек ыдыс. Ойын баласының үлкен кісілерше тамақ сұрап әкелуі қайбір жақсы дейсіз. Бірақ, соны қызық көреміз бе, әлде үйреншікті болып кеткен бе, әйтеуір құстай ұшамыз.  Жүгіріп келе жатып, көршінің үйіне жете берісте шалынып құлап, ыдысты сындырып алдым. Енді үйге кіре алсамшы…

Анамнан тығылып жүрмін. Ұрсады деп сырт айналып қашып жүріппін. Сол кездің балаларының бәрінің басынан өткен оқиға еді бұлар…

«Совхоз», «пай», «бөліс», «нарық» деген сөздерді естиміз. «40 жыл сауыншы болғанда алғаным 2 бұзаулы сиыр» деп кейіген аналарды да, «Анау пәленше саусағы саусағына тимей жүріп, 40 қой алыпты» деп, бір-бірін тілдегендерді де көрдік. Түйсініп жатқан біз бар ма?! Не бөліп, не жетпей жатқанынан хабарымыз жоқ. Осынау абыр-дабыр, алағай-бұлағай кездегі жұпыны киімді ауылдастарым біртүрлі жүдеу секілді болатын. Бірақ, олар өмірге сонша ынтық еді. Олар бір-бірінен ыдыстап тамақ тасып жүріп жетілді. Етігімен су кешіп балық аулап, отбасын асырап бақты. Қысты күні арбалы ат, сүйретпелі түйемен отын тасыды. Отбасын аязға тоңдырған жоқ. Сол кезде ауыл адамдарын қатты қысқан жоқшылық дегенді біз – балалар ғана сезбей өстік. Өйткені, олар Тәуелсіз еліміздің іргетасын асқан махаббатпен, зор ынтамен қалап жатқан болатын.

Біздің ауылда орыс отбасы көп болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында олардың көбі тарихи отанына көше бастады. Әлі күнге орнығып қалғандары да баршылық.

Бір күні біздің ауылда үлкен оқиға болды. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс келіншек «тарихи отаныма көшеміз» деп әлекті салыпты. Жігіт өз ауылы, өз атакүлдігін қалай қисын?! Кетпейін десе сүйген жары, балалары тағы бар. Үлкендер «өзің біл, айналайын, отбасыңнан жырақ қиналып қалмасаң болды» дегеннен бөтен ақыл қоса алмайды. Ақыры, айрандай ұйыған бір отбасы екіге бөлініпті. Орыс келіншек ағайын-туысына ілесіп, балаларын алып тайып тұрды.

…Орыс халқының біздің ауылдан көшуі үлкен үдеріс болған. Тек біздің ауыл емес, аудан бойынша да көш көлікті болғаны белгілі. Себебі, Ресеймен іргелес ауданда шынымен орыс отбасы көп еді. Төрт-бес жыл өтер-өтпесте «ат айналып қазығын табадының кері» келді. Ресейге барып, онда да оңып тұрмаған тіршілікке үйренісе алмаған тамыр орыстар өсіп-өнген елімен қайта қауышты…

Телефонмен тілдесті ме, хат жазысты ма, ол жағын білмейміз, әлгі күйеуін тастап кеткен орыс келіншек те балаларын ертіп, бір түнде біздің ауылға қайта келіпті. Содан екі жұп қайта қосылды. Соңы тойға ұласты. Сонда орыс келіншек былай деп тост көтеріпті дейді естіген жұрт: «Русь – менің тарихи отаным. Бірақ, мен онда туған жоқпын. Адамның бақыты тек туған жерінде екен!..»

Рас-ау. Бүгінде кейбір жастарымыздың шетел асып көшіп жатқанын көріп отырмыз. Бәлкім, карьера шығар, бәлкім, дүниені көргісі келер. Бірақ, біздің ата-әкелеріміз қиын шақта елді тастап кеткен жоқ еді…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы олар көрген қиындықты біз жүрекпен сезінуге тиіспіз. Бүгінгі қуатты мемлекетіміз – солардың маңдай терінің жемісі. Біздің шын бақытымыз – тек Қазақстан деген аяулы елде!

Р.S.

Сағынып ауылға барамыз. Бүгінде атам жоқ. Өзі айтқандай, «2030»-ды көре алмайды. Анам да бақи кешті. Ал, ауыл шынымен өзгерген. Ешкім от жақпайды. Су тасымайды. Интернет келіп тұр. Ауыл ішіне асфальт төселген. Балаларға арналған ойын алаңдары жайнап тұр. Тәуелсіздіктің жемісі!..

Тек ауылдың шығыс бетіндегі «Қазақстан-2030» деген көмескі жазуы, барыс суреті бар жалқы тақтай жоқ. Оның орнына «Қазақстан – Мәңгілік ел» деген су жаңа билборд ілінген. Ішімнен дұға тіледім: «Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!»

Иә, «елу жылда –  ел жаңа» дегендей, ата-бабамыз армандаған «Мәңгілік ел» идеясы 30 жылда тұғырына қонды. Елбасы бастаған сарабдал саясат жемісін бере бастағаны бүгінде анық байқалады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

One Comment

  1. Шәкіртім Нұргүл, қаламың қарымды болсын!Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жазылған еңбегің ел құлағын елеңдетер тартымды дүние екен. Еңбегің жанып,шығармашылығың арта берсін.Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button