
Президентті 7 жылға сайлауды ұсынды
Президент мандатының 7 жылдық кезеңі кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», — деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент бұл бастаманың негізіне тоқталды.
«Бір жағынан 7 жыл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.