Жарнама
Саясат

Президент Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде 64 мыңнан астам адам үйлеріне оралғанын айтты. Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Табиғат апаты кезінде жалпы 11 998 тұрғын үйді, 5 359 саяжай құрылысын су басқан.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, зардап шеккен өңірлерде 16 715 үй тексеруден өткен. Оның ішінде 15 464 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. Бағалау нәтижесі бойынша 9 903 үйді жөндеуге болады, ал 6875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4 525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ типтік жобамен 2 350 үй салу жоспарланып отыр.

Бүгінде нарықтан 1 814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған. Зардап шеккен аймақтардағы 841 отбасы бұрынғы бұзылған үйлерінің орнына жаңа баспанаға қоныстанды.

Қазіргі уақытта 4 521 отбасы үйлерін жөндеу және қалпына келтіру мақсатында 57,4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды. Жалпы, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бірреттік төлемдерді төлеу үшін Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды. 2024 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша 31 642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлемақы алды (барлығы 32 440 отбасыдан өтініш түсті). Оған жұмсалған қаржы сомасы 11 миллиард теңгеден асады.

Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарында толық аяқталды. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлем беру жалғасып жатыр.

Бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленеді (5 489 отбасы 4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды).

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталды.

Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 миллион теңге болатын 34 өтінімін қарап, мақұлдады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау, техникалық тексеру жүргізу ісін жеделдетуді, сондай-ақ оларды салу мерзімі мен құрылыс сапасын бақылауға алуды тапсырды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button