«Позитивті» химия: АҚШ пен Ресей арасындағы жылымық
Әлемдік геосаяси картада жағдай ушыға түскен сайын Қазақстанның жалпы рейтингтегі позициясы нығайып келеді. Неге? Себебі, Қазақ елінің бүгінгі саясаты жазылмаған дала дипломатиясына негізделуімен құнды.
Бір кездері Қазақстан Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру ісіне тікелей араласты. Иә, қателескен жоқсыз, бұл еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткен кезеңде орын алған оқиға еді. Ауған еліне гуманитарлық қолдау жағы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қақтығыстан көз ашпаған елдің жастары Қазақстанда тегін білім алып жатыр. Бір емес, екі бірдей президентін (Асқар Акаев, Құрманбек Бакиев) төңкеріс нәтижесінде елден қуып шыққан қырғыздарға да кезінде басу айтып, арағайындық жасаған бірден бір мемлекет Қазақстан болатын. Осымен жеті жылға жуықтаған Сирия соғысының геосаяси картинаны тіптен ушықтырып жібергені де құпия емес. Жыл басынан бері осы мәселеге Қазақстанның араласуы небары жеті ай ішінде нақты нәтижелерге алып келді.
Есіңізде болар, әлем назарын аударған «Астана процесінің» алғашқы раунды өткен қаңтар айында жылдар бойы бір-біріне бет бақтырмай келген Башар Асад үкіметі мен Сирияның қарулы оппозициясы бірінші рет «келісім үстеліне» отырды. Осынау тарихи оқиға арқылы Астана мүмкін емес нәрсені мүмкін етті. Бал ашып, Астананы сынап-мінеген кей әлемдік сарапшылардың аузына құм құйылды. Өйткені, мұндай диалогтың шын мәнінде орын алатынына тіпті, қатысушы елдердің өзі де процесс басталғанға дейін сенбеген болатын.
Төрткүл дүниенің түгел назарын аударған «Астана процесінің» одан кейін елордада бес раунды өтті. Нәтижесінде кепілгер мемлекеттердің қатысуымен қауіпсіздік аймағы құрылды. «Астана процесінің» ізгі нәтижелер легін өткен аптада ғана Германияның Гамбург қаласындағы G20 жиынындағы тарихи сәт жалғастырды. Жаһандық алып держава лидерлері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің келіссөздер жүргізіп, қол алысуы расымен де әлем күтпеген тосын оқиға еді.
Талай уақыттан бері қырғи-қабақ қатынаста келе жатқан Америка мен Ресейдің ортақ диалогы – алып державалар арасында орнауы мүмкін жылымықтың алғышарты. Анау-мынау емес, екі жарым сағатқа созылған келіссөздердің негізгі тақырыптары туралы ашық айтылмаса да, жалпылама картина қазір әсіресе, интернет кеңістігін гуілдетіп жатыр. Әлем сарапшылары жаһандық сенсацияға балаған басты оқиғаға түсінік берген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон «қос президенттің арасында позитивті химия» жүре бастады деп мәлімдеді. Ал, Ақ үй қожайыны Дональд Трамптың өзі келісімді «керемет» деп бағалады.
Сонымен, сенсациялық кездесудің басты нәтижесі мынадай. Тараптар, яғни, Америка мен Ресей Сирияның оңтүстік-батысында келісім жалауын желбіретуді ұйғарды. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, аталған аймақтағы қауіпсіздік шараларын Ресейдің әскери полициясы АҚШ пен Иордания жетекшілігімен реттейтін болады.
Бұл келісімді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей араласқан «Астана процесінің» толыққанды нәтижелерінің бірі ретінде меншіктеуге құқығымыз бар. Себебі, ғасырлардан бері жалғасқан дала дипломатиясын көп векторлы саясатпен ұштастырған Қазақ елі бүгінде шын мәнінде жаһандық геосаясаттың «көңіл-күйін» реттеуші бірден-бір белді мемлекетке айналды.
P.S.
«Вести. Ru» сайтының хабарлауынша, қазіргі таңда Сириядағы ахуал тұрақтанып келеді. Санаулы күн ішінде Сирия Үкіметі Ракка және Дейр-эз-Зор провинцияларындағы төрт мұнай нүктесін бақылауға алған. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, ақ тудың маңайына біріккен елдімекендер саны бүгінде 2015-ке жеткен. Астана төрінде қабылданған қауіпсіз аймақ құру туралы шешім осылайша соғыс өртінен көз ашпаған сириялықтар үшін оң ықпал етіп жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.