Партиялық емес байқау орталығы президент сайлауының барлық кезеңін бақылайды
Партиялық емес байқау орталығы 20 қарашада өтен президент сайлауында барлық сайлау учаскесіне байқаушыларын жібермек. Бұл туралы аталған орталықтың төрағасы Төлеген Күнәділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірлерде республикалық деңгейде ахуал штабтарын құрдық. Ол жерде барлық байқаушылар пулын оқыту іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 80-нен астам онлайн және офлайн форматта оқыту жүргізілді. Сайлау науқанының күрделі екенін жақсы білеміз. Сондықтан осы науқанда тәжірибелі, байқаушы ретіндегі құқықтары мен міндеттерін түсінетін адамдарға арқа сүйейміз. Бұл сайлауды шынайы бағалауға мүмкіндік береді», — деді ол елордада ұйымдастырыған брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, өткен аптада орталық президенттікке кандидаттардың штаб жетекшілерімен кездесу ұйымдастырған. Онда үгіт-насихат жұмыстары кезіне қоғамдық мониторинг жүргізу, сайлау күні барлық учаскеде сайлау үрдістерін бақылау мәселелері бойынша пікір алмасу болған.
«20 қараша күні еліміздегі барлық сайлау учаскесіне байқаушыларымызды жіберуге ниетті болып отырмыз», — деді Төлеген Күнәділов.
Сондай-ақ орталық төрағасы президенттік сайлауды байқауға келетін ТМД, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың миссия өкілдерімен кездесулер жоспарланғанын да атап өтті.