Партияларды дамыту – САЯСИ ҚАДАМ
РЕСПУБЛИКА ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫНДА БІРНЕШЕ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП АЙҚЫНДАЛДЫ. СОНЫҢ БІРНЕШЕУІНЕ НАҚТЫ ТОҚТАЛЫП, ҰНАМДЫ ТҰСТАРЫН АТАП КЕТКЕНДІ ЖӨН САНАДЫМ.
Мені қызықтырған басты мəселе – «суперпрезиденттіктен – күшті парламенті бар президенттік республикаға көшу» ұстанымы. Конституциялық құқыққа сай, республикалық басқару формасының ерекше түріне сілтеме жасау үшін қолданылатын термин бар. Ол мемлекеттік биліктің барлық тұтқаларының Президенттің қолында заңды жəне нақты шоғырлануымен сипатталады. Ал, жаңа Жолдауда Президент қызметінде болған уақытта партия мүшелігін тоқтату, заңнамаға Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы Ереже енгізу қажеттігі айтылды. Президенттің ел тарихында тұңғыш рет шамадан тыс президенттік өкілеттіктерден бас тартуы да тамаша жаңалық.
Бұл Жолдаудың басты тезисі – саяси жəне демократиялық реформалар. Сенаттағы президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін қысқарту да қарастырылды. Жалпы, Сенат өкілеттігін реформалау Парламенттің төменгі палатасына мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Енді Сенат заңдарды мақұлдау мəселесін қарайды. Ал, Парламент Мəжілісінің ғана заң қабылдауына келсек, сол арқылы күшті парламенттік мəдениет қалыптастыруға ықпал болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым[1]Жомарт Тоқаевтың «облыс əкімі қызметіне кемінде екі үміткер болуы тиіс» деген ұсынысы да қызықтырды. Бұл шын мəнінде, рəсімді демократияландырудың белгісі.
Партия өкілі болғандықтан, біз үшін Жолдаудағы ең басты жаңалық – партия жүйесін дамыту. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тіркеу ресімдерін жеңілдету, тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайту, ал өңірлік өкілдердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін қысқарту қажеттігін атап өтті. Мұның барлығы саяси жүйені жаңартып, қоғам мен оның құқықтық, саяси мəдениетін демократияландыруды дамытуға жаңа серпін береді, өркениетті əлем алдында елдің рейтингін көтереді деп сенемін. Бұл бізге бəсекелестік орта беріп, жаңа саяси партиялар пайда болады. Яғни, партияларды дамыту – тұтастай саяси жүйені дамыту.
Ерболат ДƏУЛЕТҚАЗИЕВ,
Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы