Парламенті мықты президенттік республика боламыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары негізінен ел тұтастығы мен болашағына арналды. Жаңа Қазақстан құру міндеті күн тəртібіне шығып, мемлекеттік мүдде басты орынға ығысты, сөзден іске көшетін кез келгені нақты істермен айшықталды.
Қазақстанда жаңа саяси мəдениет қалыптастыру керек. Ол үшін күрделі саяси реформалар жүргізу қолға алынды. Реформалардың басты мақсаты – демократия мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Ал, жалпы меже – бюрократиямен күрес, ашық бəсекелестік орнату, азаматтық қоғам құру, топтастыру. Ол үшін суперпрезиденттік республикадан кету қажеттігі айтылып, Парламенті мықты президенттік республика тəсіліне өтуге қадам жасалды. Ендігі өзгерістер Парламенттің қос палатасы Сенат пен Мəжілістің жұмысын түбегейлі өзгертуге бастайды. Осыны іске асырсақ, нақты нəтижеге, елеулі өзгерістердің жемісін көретін күнге жетеміз
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін елімізде демократия мен плюрализм болмай, экономикалық даму мүмкін еместігін айтқан еді. Яғни, олигархтардың, протекциямен билік басына келген азаматтардың шексіз билігіне шектеу қойылатын болды. Осы кезде реакционерлер, реваншистер мемлекеттік төңкеріс жасауды ойға алды. Бірақ, ол жүзеге аспады. Президенттің батылдығының арқасында елімізде конституциялық жүйе қайтадан қалпына келді.
Қазақстан зайырлы демократиялық мемлекет болып қалыптасудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Қоғамдық сана тұрғысынан алып қарасақ, конституциялық нормалар сақталып отыр деуге келмейді. Тәуелсіздік жылдары жіберілген кемшіліктер мен заңбұзушылықтардың орын алғаны рас. Қазір де елімізде кримминалдық және жемқорлық деректер тіркеліп отыр. Мұны жасыра алмаймыз. Қалай болғанда да, біз Тәуелсіз, Бостандықты аңсаған және Еркін мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой. Бірақ бұл айналада болып жатқан құбылыстарға көз жұмып қарау дегенді білдірмейді. Қайта, қандай қылмыспен де күресті күшейте түсу керек.
Ал, халық арасында айтылып жүрген «бізде заң жұмыс жасамайды» деген сөзге келсек, бұл – біржақты пікір. Бізде адам құқының барлық заңды нормалары Ата Заңда бекітіліп, іс жүзінде қолданылып жүр. Мәселен, сөз және баспасөз, ар-ождан, дін бостандығы, адамдардың еңбек ету, оқу мен білім алу құқығы және тағы басқа. Мемлекет осының бәрімен қамтамасыз етіп отыр. Бәрін айт та, бірін айт, біздің халық биыл өз таңдауын жасады. Бұл – Жаңа Қазақстан!
Біздің қоғам өзгерістерге зəру жəне оның тез жүзеге асқанын қалайды. Қазір елдегі өзгерістер өте қатты қарқынды жүріп жатыр. Конституциямыз «жеке адамға табынушылық» синдромынан аластатылды. Еліміздің саяси ландшафты түбегейлі өзгеруде. Олигархтар мен заңсыз байығандардың да заманы тұйыққа тірелді. Жаңа Парламент, жаңа мəслихаттарға жаңа тұлғалар келуі керек. Өзгеріс дегеніміз осы! Саясаткерлердің бет-əлпеті өзгеріп тұруы тиіс, саяси сахнаға үнемі жаңа адамдар шығып тұруы қажет. Саяси дамудың логикасы осында. Бүгінгі күннің басты мəселесі – демократия мен плюрализмді охлакратия мен анархияға айналдырып жіберуге жол бермеу. Ал, демократия дегеніміз – заң мен тəртіп. Оның басты аспектісі норма мен процедура екендігін анықтап алу қажет. Максимализм, экстремизм, төзбеушілік тəрізді қоғамдық дерттерден сақтану тетіктерін қалыптастыру өте маңызды. Қазақстанның географиялық жағдайы өте күрделі. «География – это приговор» деген ұғым бар. Біз географиялық тұрғыда Еуропада немесе Солтүстік Америкада қоныстансақ, басқаша əңгіме айтуға болатын еді. Ал, біз айдаһар мен аюдың ортасында отырмыз. Екеуінің де азуы алты қарыс, батыс күштеріне бой берейін деп тұрған жоқ. Бізге əрқашан осы факторларды есте сақтап отыру қажет. Бірақ, «қайнаған отқа» жеткізбей, көршілермен қарым-қатынасты, өзіміздің арамыздағы аралас-құраластықты салмақты, салиқалы түрде дамыту өте маңызды. Жаңа саяси мəдениет дегеніміз – өзара төзімділік. Мемлекетті сыйлау, демократияға процедура арқылы жету.
Өткеннен сабақ алу, қателіктерді қайталамау – əлемдік үрдіс. Мұндай амал тарихтан да белгілі. Сақ патшасы Томирис «халықты ашындырмау керек» дегенді өмірлік ұстаным ретінде айтып кеткен. Біз де қалыс қалмауымыз керек. Ал, нақты қандай мəселе ескерілуі керек дегенге келер болсақ, əділетті Қазақстан құру жолында билікке келіп жатқан, енді келетін саяси элита халық үніне құлақ асатын, естуші мемлекет құру жолында жұмыстануы керек. Халықтың билікке деген үміті оянды. Соны үзіп алмау аса маңызды.
Сайполла САПАНОВ,
халықаралық саясаттанушы
АТЫРАУ