
Парламент Мәжілісінің депутаты — Атырауда (+ФОТО)
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев іссапармен Атырау облысында болды.
Мәжіліс депутаты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалында болып, мұндағы ұжыммен кездесті. Ол биылғы 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумның мән-маңызына тоқталды.
– Халықтың басым көпшілігінің мәселелері осы жерде тоғысып жатады. Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктелген.
Конституция екі жолмен ғана өзгереді. Оның бірі – референдум арқылы, енді бірі – Парламент арқылы. Бұған дейін Ата-заңымызда Парламент арқылы төрт рет өзгеріс болған еді. Бұл референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілмек, — деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.
Кездесу барысында филиал қызметкерлері мәртебелері нақтыланбағандықтан үй кезегіне тұра алмай жүргендерін, сонымен қатар, мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге күш салынуы қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты референдумның нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері шешімін табатынына сенім білдірді.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттер Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ





