ӨТКЕНДІ САРАЛАУ, БОЛАШАҚТЫ БАҒДАРЛАУ
Биыл жалпы құны шамамен 15,5 млрд. теңге тұратын 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 44,9 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 102%-ды құрады.
Бір жылдың ішінде агроөнеркәсіп секторында жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылып, 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Егін шаруашылығын қолдау бағытында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жергілікті бюджеттен 197,7 млн. теңге субсидия берілді.
Өткен жылы облыстағы шаруашылықтардың мал азығын дайындауға кеткен шығындарының 50 пайызы бюджет есебінен субсидия түрінде өтеліп, 266 шаруашылыққа жергілікті бюджеттен 327,5 млн. теңге берілді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен екі жақты фьючерстік келісім-шарт жасақталды.
Бұл жұмыстарға бюджеттен 209,3 млн. теңге қаржы бөлініп, жергілікті 17 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 4000 тонна картоп, 420 тонна сәбіз, 1700 тонна жуа, 50 тонна қызылша және 250 тонна қырыққабат дайындалды.
Бір жылда 263,3 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің 442 жәрмеңкесі ұйымдастырылып, азық-түлік тауарлары нарықтан 15-20% төмен бағамен ұсынылды.
Балық шаруашылығын дамытудың 2006-2015 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, салаға балық шаруашылықтарымен 152,6 млн.теңге инвестиция тартылды.
2013 жылдың қорытындысымен балық өнімдерін өңдеу көлемі 12,1 мың тоннаны құрады. Атырау қаласы маңынан өндіру қуаты 100 тонна бекіре тұқымдас балық (2015 ж), 1,0 тонна азықтық уылдырық (2019 ж) өндіретін жабық циклді тауарлы-бекіре фермасының құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпкерлік
Өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Соның нәтижесінде 38 жаңа өндіріс ашылып, 383 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Шағын және орта кәсіпкерлікте ілгерілеушілік бар. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 89,3 мың адамды құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға көбейді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы белсенді субъектілерінің саны 31 947 бірлікті құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.
Шағын және орта бизнес субъектілерімен 471,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді (2012 ж.-437,9 млрд.теңге).
Инвестиция
Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 1037,6 млрд. теңгені құрады.
Газбен жабдықтау
2013 жылы облыс халқын «көгілдір отынмен» қамту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды.
1983 жылдан іске қосылған Индер ауданы Елтай селосындағы қолданыстағы жерасты төмен қысымды газ құбырының тозуына байланысты жалпы құны 239,5 млн. теңгені құрайтын нысанның құрылысы іске қосылды. Нәтижесінде 23,5 шақырым төменгі қысымды газ құбыры ауыстырылып, Елтай тұрғындары үздіксіз газбен қамтылып отыр.
Облысымыз үшін әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың бірі – Атырау қаласының оң жағалауын үздіксіз газбен қамтамасыз ететін «Редут-Финская» АГТС-екінші желісі» магистральды 21,5 шақырым газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жұмысы 2012 жылы басталған жалпы құны 5,4 млрд. теңге болатын «Индер-Махамбет» апатты магистральды газ құбырын ағымдағы жылы аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылысы
2013 жылы жалпы алаңы 515,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2012 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға өсті.
Ауыз сумен қамтамасыз ету
«Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде облыстың 72 елді мекенінде сумен жабдықтайтын жаңа нысандар салу және қолданыстағыларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
15 нысанның құрылысы аяқталып, нәтижесінде 14 елді мекендегі 7526 адам (1567 үй) таза ауыз сумен қамтылды, яғни облысты орталықтандырылған ауыз сумен қамту бір жылда 54%-дан 61%-ға өсті.
2014 жылға 26 нысанның (23 ауыспалы және 3 жаңа) құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр.
Көлік инфрақұрылымы
Бүгінгі күнге облыстағы жергілікті автокөлік жолдарының 37 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда.
Осыған байланысты көлік инфрақұрылымын дамытуға 2014 жылға 14 567,9 млн. теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 54,3% артты.
2013 жылға республикалық бюджеттен 3,0 млрд. теңге қаралып, «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» облыстық маңызы бар автомобиль жолының
114 шақырым «Миялы-Сағыз» бөлігіне жаңғырту жұмыстары аяқталып, «Қарабау-Миялы» бөлігінің 123 шақырымына жаңғырту жұмыстары басталды (2013 жылы-16 шақырым).
Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Тұрғызба (7,2 шақ), Бейбарыс селоларының (9 шақ) және облыстық маңызы бар ұзындығы 18 шақырым «Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады.
Облыстық маңызы бар 150 шақырым «Атырау–Индер» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы 71 шақырымы күрделі жөнделді.
Биыл осы жолдың бойында орналасқан жеті ауылдың кірме жолдарымен қоса ішкі жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Махамбет ауданының Махамбет селосындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпірінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, құрылысына тендер өткізілді, жұмыстары басталуда, 2015 жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарын бастауға жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы темір жолдар арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
2013 жылы Ақжайық, Миялы селоларында жалпы ұзындығы 5,8 шақырым селоішілік автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл жалпы ұзындығы 16,6 шақырым Тұщықұдық, Ерғалиев, Махамбет селоларының ішкі жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.
2014 жылы моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде 409 млн. теңгеге Құлсары қаласының қалаішілік автомобиль жолдарына қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Халықты әлеуметтік қорғау
Облыста 2013 жылы халықты әлеуметтік қолдау шаралары басым бағытқа ие болды. 64,4 млн.теңге атаулы көмек тағайындалып, төленді. Аз қамтылған отбасындағы 18 жасқа толмаған 18 мың балаға 254,6 млн.теңге, аз қамтылған 755 отбасына тұрғын үй көмегі тағайындалып, 14 млн.теңге төленді.
Бүгінгі таңда облыста 18 325 мүгедек болса, олардың 2 580-і – мүгедек балалар. Облыста мүгедектердің әлеуметтенуі, сауығуы және кедергісіз жүріп-тұруы қатаң бақылауда болады.
2013 жылдың қаңтар айынан бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, қыркүйек айынан бастап Ауған соғысының қатысушылары мен осы ұрыс-қимылдарда қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына ай сайын 10 мың теңгеден, барлығы 29,9 млн.теңге төленді.
Осы аталғандардан басқа мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында 22 мыңнан астам адамға жергілікті бюджеттен 247,6 млн.теңгенің көмегі көрсетілді.
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2013 жылы 16 507 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі бес пайыз көлемінде сақталды.
Есепті кезеңде жұмыспен қамту органдарына 16 337 адам тіркеліп, 11 102 адам тұрақты жұмысқа орналасты (68%).
2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы аясында облысқа 5 млрд. 300 млн.теңге бөлініп, игерілді. Бағдарламаның барлық бағытымен 6 681 адам қамтылды.
Денсаулық сақтау
2013 жылы облыс бойынша жоспарланған бес дәрігерлік амбулаторияның және облыстық балалар ауруханасының жапсаржай құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Биыл облыс орталығынан «Аджип ҚКО» компаниясының демеушілігімен 180 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы және облыстық балалар ауруханасының ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал, «Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы» орталығының құрылысы аяқталып келеді.
Ағымдағы жыл аяғында 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылыстары пайдалануға беріледі. Индер кенті мен Геолог селосынан ауысымына 100 келушіге арналған емханалардың құрылысы басталады, Ганюшкино селосынан 75 төсектік аудандық орталық аурухананың жобалық-сметалық құжаты жасақталуда.
Өткен жылмен салыстырғанда демографиялық көрсеткіштердің жақсаруы байқалады. 1000 адамға шаққандағы жалпы өлім көрсеткіші 12,8 пайызға (7,0-ден 6,1-ге), сәби өлімі 35,2 пайызға (15,9-дан 10,3-ке) (ҚР -11,5), туберкулез ауруының көрсеткіші 11 пайызға (102,1-ден 90,8-ге) төмендеді.
Дегенмен, медициналық кейбір индикаторлар, оның ішінде ана өлімі көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары болып отыр.
Дәрігер-кадрлардың мәселесі үш жыл ішінде 33 пайызға төмендегенмен облысқа әлі 220 дәрігер қажет, оның 68-і ауылдық медициналық ұйымдарға.
Білім беру
2013 жылы 1500 млн. теңге бөлініп, 4 колледжге, 6 мектепке және 28 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Құрылысы жүріп жатқан жалпы білім беретін 22 нысанның 6-ы 2013 жылы пайдалануға берілді. Қалған 5 мектеп пен 11 балабақшаның құрылысы биыл аяқталады.
Облыста апатты жағдайдағы 11 мектепті 2014-2015 жылдары жаңа ғимараттармен алмастыруды қарастырдық. Қаржыландыру көздері анықталды, жобалары жалғасуда.
Былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен облыстың орта көрсеткіші 74,1 балл болды.
«Алтын белгі» және «Үздік аттестатқа» үміткерлердің 47,5 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. Аудандар арасында Махамбет, Мақат, Қызылқоға және Жылыой аудандарының нәтижелері төмен болды. Республикада ең жоғары 125 балл жинаған 7 оқушының 3-і — Атырау облысының түлектері.
Былтыр барлық мектептерге асханалық құрал-жабдықтар алынып, аз қамтылған отбасы балалары мен бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылды. Жергілікті бюджеттен оған 935 млн.теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл да бұл мақсатқа 1 235 млн.теңгеден астам қаржы қаралды.
Биыл облыс орталығынан «Оқушылар және жастар сарайы» құрылысы басталып, 2015 жылы іске қосылады.
Облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту — 52,9 пайыз, ал 3-6 жастағы балаларды қамту — 78,5 пайыз.
Балабақша кезегінде тұрғандар саны 2011 жылғыдан 4 380-ге артық, қазір кезегін күткен 18 119 арыз бар.
Елбасы 2020 жылға дейін балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтуды тапсырды. Бүгінде осы тапсырманы орындаудың іс-шаралар жоспары жасақталды.
Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет есебінен 2 балабақшаның, демеушілердің көмегімен барлығы 15 балабақшаның құрылысы басталады.
Мәдениет
2013 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 3,4 млрд.теңге бөлінді.
Мәдени ұжымдардың материалдық-техникалық базалары жаңартылып, облыстағы 10 мәдениет ұйымына және жеті аудандық мәдениет бөліміне 13 жеңіл көлік, 3 ГАЗель, 2 автобус және 1 жүк автокөлігі алынды. 18 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтті, тағы 28 мәдени нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Биыл Атырау қаласынан «Салтанат сарайының» құрылысы ақпан айында басталып, қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Қызылқоға ауданының 13 елді мекенінде 10 клуб және 10 кітапхана ашылып, мәдениет ұйымдарының саны 7%-ға өсті.
Сондай-ақ, Атырау қаласынан, Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет, Индер және Исатай аудандарынан мәдениет нысандары құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Жергілікті тарих және мәдениет нысандарын қалпына келтіру мақсатында 6 ескерткіш қайта жөндеуден өткізілді.
Өткен жылдың мамыр айында 1000 адамнан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің қатысуымен Құрманғазы фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара елеулі оқиға болып, Рекордтар кітабына енді.
Спорт
Атырау облысында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
2013 жылы салаға бөлінген қаражат 31 пайызға өсіп, 3,2 млрд.теңгені құрады.
Ұлттық спорт клубы, су спорты түрлері бойынша Атырау спорт клубы және Ауыр атлетика Федерациясы ашылды. 2012 жылмен салыстырғанда спорттық ғимараттар саны 24-ке артып, 946-ға жетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы – бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыстың барлық спорттық ғимаратының халыққа қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Тұрғындар кешкі мезгілдерде спорт кешендерінің залдарын тегін пайдалануда. Нәтижесінде облыстағы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны 127 мыңнан асты.
Облыстағы 12 спорт мектебінде спорттың 21 түрінен тегін секциялар жүруде. Өткен жылмен салыстырғанда спорт мектептерінде шұғылданушылар саны 1630-ға көбейіп, 10 130 адамды құрады.
Өткен жылдың қыркүйек айында қала маңындағы Геолог селосында №4 спорт мектебі ашылып, 1000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер спортқа тартылды.
Республика бойынша алғаш рет «Мүгедектер спорттық клубына» толығымен пайдалануға берілген спорттық кешенде спорттың 13 түрінен 150 мүгедек жан спортпен тегін шұғылдануда.
Жыл басынан бері 3000-нан астам бала суда жүзу үйірмесіне тегін тартылып, 600 бала облыстың спорттық резерві қатарына тіркелді.
Қоршаған ортаны қорғау
Атырау облысында құм көшіп, елді мекендерді құмның басуы үлкен мәселе болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында ғылыми негізделген жоба жасақталып, Исатай селосындағы құмды тоқтату шаралары жасалды. Биыл Қызылқоға ауданының Миялы және Жасқайрат селолары үшін аталған жұмыстың жерге орналастыру жобасы жасақталды.
Аймақтың экологиялық қауіпсіздігін сақтау және оның жағдайын жақсарту бағытындағы негізгі жұмыстардың бірі — қала ішінде және сыртында жасыл желекті көбейту болып отыр.
Осыған орай, Атырау қаласының жасыл белдеуін құруға арналған іс-шаралар жоспары жасақталып, жобаға сәйкес қосымша 2300 гектар көгалдандырылуы тиіс аймақ анықталды және оның жерге орналастыру жобасы жасақталды.
2014 жылы жасыл аймақты құруда ірі табиғат пайдаланушыларды тарту мақсатында келіс- сөздер жүргізілуде.
2013 жылы санитарлық-тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету үшін 5 арнаулы техника сатып алынды. Сонымен қатар, 500 қоқыс жәшігі мен 410 дана урна, 300 дана отырғыш орнатылды.
Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды, бұл жұмыстарды бастауға биыл 300 млн.теңге бөлінді.
Өңірлерді дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту
2013 жылы «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға 168,6 млн.теңге бөлініп, 4 жоба субсидияланды және 4 кәсіпкерге қайтарымсыз гранттар, 45 жеке тұлғаға шағын несиелер берілді және 110 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылды.
Бағдарламаның даму бюджеті шеңберінде 229,1 млн.теңгеге 2 жоба іске асырылып (қаланың автокөлік жолдарын және шағын аудандарда электрмен қамту нысандарын қайта жаңғырту), бұл жұмыстар биыл жалғасуда.
Сонымен қатар, бағдарламаның ағымдағы бюджеті шеңберінде 5 жоба іске қосылды.
45 млн.теңгеге Құлсары қаласының бас жоспары жасақталып, биыл Жаңа Қаратон кентінің бас жоспарына жобалау жүргізуді жоспарлап отырмыз.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында соңғы жылдары республикалық бюджеттен 1 276 млн.теңге бөлініп, бұл қаражатқа қаладағы көппәтерлі 45 тұрғын үй жөндеуден өтті.
2014 жылы 19 тұрғын үйді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Қоғамдық-саяси ахуал
Азаматтық қоғамды 9 саяси партияның облыстық филиалы, 9 конфессияға енетін 37 діни бірлестік, 17 этно-мәдени және әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын 329 қоғамдық бірлестік құрап отыр.
Облыста ақпараттық саясатты іске асырушы 46 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген.
Биыл Достық үйін ашуды жоспарлап отырмыз.
Жастар саясаты
Бүгінгі таңда Атырау облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны — 157 638, жалпы облыс халқының 28,4 пайызын құрайды (83 492-і ауылдық жерлерде, 74 146-ы қалада тұрады).
Жыл басынан бері жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталды. Өткен жылы 20 мың студенттің жол жүру ақысы жеңілдетілді. Демеушілерді тарту арқылы отбасы жағдайы төмен, үлгерімі жақсы 89 студенттің оқу ақысын төлеу ұйымдастырылды.
2013 жылы 27 мектеп бітіруші жас түлек Ресей Федерациясының Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетіне тегін оқуға жолдама алды.
Жас отбасыларды жеңілдетілген несие арқылы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында облыста «Жас Отау» жобасы аясында 90 пәтерлік тұрғын үйдің және әлеуметтік әлсіз топтар мен мүгедектер үшін 240 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр.
«Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларына қатысушы жастардың үлесі 2012 жылмен салыстырғанда 35,4 пайызға артты.
Құқық қорғау саласы
Соңғы жыл жарым ішінде жергілікті бюджеттен облыстық ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Қауіпсіз қала» бағдарламасы жалғасын табуда. Облыс орталығында 266 сыртқы бейнебақылау құралы жұмыс жасайды. Оның 34-і көшеде, 28-і алаңда, 152-сі аулада, 52-сі көше қиылыстарында орнатылған. Өткен жылы 191 бейнебақылау камерасы орнатылды.
2013 жылдың 12 айында бейнебақылау камераларының көмегімен 36 қылмыс, 25 732 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды (оның ішінде 15401 жол-көлік ережесін бұзу, оған 491 млн. теңгеге айыппұл салынды).
2014 жылы тағы 138 бейнебақылау камерасын қондыру жұмыстары жалғасуда. Оларды, әсіресе, әлеуметтік нысандар маңына (мектеп, балабақша, аурухана, т.б.) орнату жоспарлануда.
Жол қауіпсіздігін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген 200 млн.теңгеге қазіргі заманға сай 118 жылдамдық өлшеуіш құрал және жол–патрульдік полициясының автокөліктеріне 27 борт компьютер, бейнетіркеу жүйесі сатып алынды.
Профилактикалық жұмыстарды жандандырудың арқасында көшелердегі қылмыстар тұрақтандырылып, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 2012 жылмен салыстырғанда 12,6% -ға азайды.