Жарнама
Саясат

Отандық өнімді алдымен өзіміз неге пайдаланбасқа?

Мемлекет басшысы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты бүгінгі Жолдауында шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отырғанын айтты. Нәтижесінде, ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Осыны айтқан Президент әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп таратуды тапырды.

«Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет» деді Қ.Кемелұлы.

Ол бұған дейін де Ауыл шаруашылығы министрлігіне әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлік тауарларын алдын ала сатып алуға тапсырма берген болатын. Бірақ, бұл да ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтінін айтты. Сондықтан енді ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мемлекет басшысы аталған мәселемен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс екенін қадап айтты.

Бұл пікірмен мен де келісемін. Себебі, министрліктің соңғы уақыттағы жұмысы көңіл көншітпейді. Министр бұл мәселелерге тиісті қауымдастықтар мен нарық субъектілерін жедел жұмылдыруы керек деп ойлаймын. Бүгінгі нарық жағдайында «өз қазаныңда өзің қайнап» жүре алмайсың. Сондықтан сұранысты өтей алмайтын өндірушілерге қолдау көрсететін келісімшарттарды үзу керек.

Екінші мәселе – баға саясаты. Жасыратыны жоқ, отандық өнім импорттан анағұрлым қымбат тұрады. Сол себепті, шетелдің сапасыз болса да арзан өніміне сұраныс көп. Егер еліміздің әр азаматы бағасы қымбат болса да, өз өнімімізді тұтына бастаса, бұл да болса жергілікті кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау болар еді. Бұл үшін Үкімет тарапынан да тиісті шаралар қолға алынуы қажет. Мәселен, отандық өндірушілердің шығынын өтеуге аз да болса қаражат бөлінсе, өз кезегінде олар да бағаны төмендетуге ынталы болар ма еді?!

Сондай-ақ, шаруа қожалықтарына да ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі тиіс. Сонда арадағы делдалдар қатары да азаяр еді.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button