ӨНЕГЕНІҢ БӘРІ ӨЗІМІЗДЕН БОЛСЫН…
Талқыға түскен мәселенің бірі партияның облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы болатын. Кеңестің төрағалығына осыған дейін де аталған міндетті атқарып келген облыстық мәслихаттың депутаты Сайын Қуанышев, орынбасарлығына Нұрлы Әйтиева сайланды. Айта кетерлігі, қауіпті кеселмен күресуші қоғамдық кеңес құрамының жартысына жуығы өзгеріп отыр. Жаңадан сайланғандардың ішінде ақпарат құралдарының өкілі де бар.
«Партиялық жұмыс формальды түрде айналысатын іс емес. Ол кеңестің әрбір мүшесінен үлкен жауапкершілікті, жүйелі әрекетті қажет етеді. Сіздер сол міндеттің үдесінен шығады деп сенеміз. Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының беделі, ертеңгі дамуы жергілікті жердегі құрылымдардың бүгінгі қажырлы қызметіне байланысты. Біз кешегі кеңестік кезеңдегі компартияның, оның тегеурінді талабын көріп өстік. Дегенмен, еліміздің бүгінгі басты саяси күшіне артылған жүк басқа. «Нұр Отан» – Елбасы саясатын жүзеге асырушы, қоғамның қозғаушы күші, ел бірлігін көздеп, идеологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізетін партия. Сондықтан, көшбасшы саяси құрылымның беделін әр уақытта жоғары ұстауға тиістіміз» деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігін, жүзеге асып жатқан жоба, атқарылатын шаруалардың бірқатарын баяндап берді. Соның бастысы қаражаттың игерілуі еді. Жасыратыны жоқ, мемлекет ақшасының дұрыс пайдаланылмайтындығына қатысты алқалы жиындарда жиі айтылады. Өзге өңірдің жетекшілері осыған орай сынды да аз естімейді. Керісінше, Атырау облысы былтыр қаржыны тиімді, әрі уақытында игерушілердің алғы легінен көрініп отыр. Бұл көрсеткіш бізде 99,9 пайызды құрапты.
– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста біраз жұмыстар қолға алынуда. Сүт фермаларының құрылысы басталып, жылыжайлардың көлемі көбейтіліп жатыр. Биыл жылына 30 млн. дана жұмыртқа шығаратын құс және фармацевтикалық фабрикаларды, басқа да өндіріс орындарын салуды жоспарлаудамыз. Мұның бәрі – Елбасы жүктеген міндет, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар. Алайда, қол жеткенге тоқмейілсіп отыруға болмайды. Жергілікті жерде жедел шешуді қажет ететін проблемалар аз емес. Ауыз су мәселесін соның алғашқысы ретінде айтар едім.
Мәселен, Жылыой ауданында осыған орай үлкен қиыншылықтар бар. Бүгінде түйінді тарқату, жерасты суларын пайдалану, ел игілігіне жарату үшін жұмыстанудамыз, мәселеге қатысты орындармен келіссөздер жүргізудеміз. Оның оң шешімі болады деген үміт бар. Өйткені, қазір миллиондаған текше метр су бостан-босқа далаға ағып жатыр. Бұл – еліміз үшін экологиялық әрі экономикалық шығын. Біз осы себепті проблемаға көз жұмып қарай алмаймыз.
Ауыл шаруашылығына қатысты айтсам, бүгінде облыс бойынша малдың басы жетпейді. Мәселен, сиырдың саны қағаздағы деректерден 3,5 мыңға кем. Сонымен қатар, түйе, қойдың мәліметтері әрқилы. Нақты жағдайды бұрмалап, өтірік мәлімет беріп, қандай абырой таппақшымыз?
Облыста салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына қатысты да осыны айтар едім. «Нұрсая», «Тұлпар», «Алмагүл» шағын ауданындағы баспаналардың сапасы сын көтермейді. Біз мұндай олқылыққа болашақта ешқандай жол бермеуіміз керек. Мысалы, биыл аудандарда көптеген үйлер салынады. Ал, оның сапалы, халыққа қолайлы болуына басты назар аударылуы қажет. «Нұр Отан» бұл мәселеде шет қала алмайды. Қалай еткенде де, облыстағы барлық жұмыстардың ортасында «нұротандықтар» жүруі қажет дер едім. Бұл, сөз жоқ, істі орындаудағы жауапкершілікті күшейтеді, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Саяси кеңес бюросының отырысында биыл Атырауда ұйымдастырылатын Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық әріптестік форумына дайындық, «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығын облыс аумағында атап өту бойынша атқарылатын іс-шаралар да сөз болды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.