ӨНДІРІС ҚАУІПСІЗДІГІ – ӨМІР ТАЛАБЫ
Кездесу барысында ол жиынға қатысушыларды экологиялық мәселелерді айқындап, шешуге негізделген өз сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды. «Алдымен, басты міндеттерімізді айқындап алайық. Экологиялық проблема – табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын қоршаған ортадағы теріс құбылыстар. Бұл дегеніңіз –адамзат тұрмысынан туындаған антропогендік түрлену. Экологиялық түйткілдер адамзаттың күрт өскен өнеркәсіптік әрекетінің айналаға әсерінен туындап отыр. Қазірдің өзінде адамдар күн сайын еселеніп келетін экологиялық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Ол барша өркениеттің дағдарысына айналып барады», — деді ҚР Президенттігіне кандидат.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, экологиялық жүйе қызметі мен адам қоғамының табиғатпен қарым-қатынасы арасында тепе-теңдік жоқ. Одан әрі кандидат жиналған жұртты адамзат қоғамы алдында тұрған маңызды жаһандық экологиялық проблемалармен таныстырды. Атап айтқанда, қоршаған ортаның ластануы, парниктік газдардың зияны, ғаламшардың озон қабатының сөгілуі және т.б.
Климат өзгерісінің зардабын, ең алдымен, ауылшаруашылық жайылымдар тартып отыр, шаруашылық мақсаттағы жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын шөл даланың жалпы аумағы 27 млн. гектарға кеңіп келеді. Сондай-ақ, жаһандық жылынудан жаңа аурулар туып, қауіпті микроағзалар пайда болады. Адам өз іс-әрекетінен туындаған экологиялық ауытқудың құрбанына айналып отыр: кейбір мәліметтерге сенсек, су ресурстарының, атмосфералық ауа мен жер қыртысының ластануынан туындаған аурулардан кейбір елдерде адамдар өмірден ерте өтіп жатыр.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, фотохимиялық түтін, қышқыл жаңбыр, топырақтың құнарсыздануы, ормандардың құртылуы, құрғақшылық, ауадағы қауіпті қалдықтар, биосфера генофонының азаюы сынды қауіпті экологиялық құбылыстар, біздер, адамдар үшін, қалыпты жағдайға айналды. «Осы орайда қуат көзі мен табиғат ресурстарын үнемдеу мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. Біз, адамдар, жаңартылмайтын ресурстарды жойып, флора мен фаунаны талқандап, табиғат циклін бұздық – бір сөзбен айтқанда, бізді жаратқан табиғатқа өзіміз зиян келтіріп отырмыз», — деді Ә.Құсайынов.
«Айналамыздың бәрі өзгеріске ұшырады – аңдар қырылып, сирек өсімдіктер жойылып кетті, аралдарды су басып, табиғи апаттар тұтас қалаларды қиратуда. Соған қарамастан, адамдар техникалық баспалдақтағы серпілісін жалғастырып, ғаламшарға тұтынушылық қатынасын тоқтатар емес. Табиғаттың құнарын соңғы тамшысына дейін сорып алуға дайын. Сол себепті, бүгінде экология ғылымына биологияның бір саласы деп қарамай, оған әлдеқайда тереңнен бойлау қажет», — деді кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Игілік Сағиев.
«Экологиялық мәдениет қазіргі қоғамның маңызды бөлігіне айналуы керек. Табиғатты қорғау, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану мәселелеріне қоғам назарын тарту жұмыстарын күшейту маңызды. Кәсіпорын мен ұйымдардың жер қойнауын, су ресурстарын, орман, қазба байлықтары мен өзге де табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануларына мемлекеттік бақылау енгізу қажет. Топырақтың, жерүсті және жерасты суларының ластануына жол бермеуге қоғам назарын күшейту керек», — деді Ә.Құсайынов.