ОН ҮШ АУЫЛҒА ГАЗ БАРАДЫ

Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартудағы басым бағыттарымен ерекшеленеді. Солардың төртінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша аймақта бірқатар істер атқарылуда.

«Бүгінде елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының қаншалықты тозғанын баршамыз білеміз. Инвестицияға деген жалпы қажеттілік екі трлн. теңгеден кем емес. Жыл сайын бұл мақсаттарға барлық қаржыландыру көздері арқылы 200 млрд. теңгеден кем емес қаражат бөлінеді» деп Мемлекет басшысының айтқанындай, көрсетілген көлемде қаржы бөлінсе, 2020 жылға дейін бұл мәселенің толықтай шешімін табары сөзсіз.

Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес саладағы жұмыстар «2011-2020 жылдарға арналған ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Республикалық бюджеттен 648,9 млн.теңге бөлініп, Атырау қаласында 20 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Ал, қайтарылған қаражат кері игеріліп, облыс орталығында екі тұрғын үй жөндеуден өтті. 16 үйге жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары орнатылды. 

Ағымдағы жылы Атырау қаласында алты көп пәтерлі тұрғын үйді жөндеу жоспарланды. Бүгінде оған республикалық бюджеттен қаражат көзі қарастырылуда.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың бір тетігі – аймақ тұрғындарын таза ауыз сумен қамту. Бұл бағытта облыста «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде елді мекендерде сумен жабдықтайтын жаңа нысандарды салу және қолданыстағыларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 66 нысан пайдалануға беріліп, 23 ауылдық аймақ жаңадан орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жалпы, бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 61-ден 75 пайызға өсті. 

Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Индер, Махамбет, Жылыой, Исатай аудандарының бірнеше ауылдарында, барлығы тоғыз нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданы, Азғыр өңіріндегі тұрғын үйлерге кіретін су құбырының құрылысы және Мақат ауданы, Доссор поселкесіндегі су құбырларының құрылысын жобалау жұмыстары атқарылады. Сөйтіп, жыл аяғына дейін ауыз сумен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеткізу жоспарланса,  көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі іске асады.

Дәлірек айтқанда, биыл Құрманғазы ауданының 13 ауылында табиғи газбен жабдықтау құрылысы басталады. Бұдан басқа, әлеуметтік маңызды нысандардың бірі – Азғырдың 10 елді мекенін газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталып, келер жылдары құрылысын іске асыру жоспарланды.

Жылу беру, энергия үнемдеудің кешенді жоспарларына сәйкес атқарылған істер аз емес. Осы тұста айта кетерлігі, жұмыстың жүйелі жүруі кадрдың сапасына да байланысты. Бұл ретте басқарма тарапынан «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның мамандары энергоменеджмент және энергоаудит курстарында оқытылып, білімдерін жетілдіруде.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының қаржыны үнемдеп іске асыру тапсырмасына баса ден қойылып келеді. «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ бойынша сорғы турбиналары мен бу қазандықтарын энергия үнемдейтін құрылғы түрлеріне ауыстырып, нәтижесінде 42 млн.теңгеден аса қаржы мақсатты жұмсалды. Жоғарыда аталған мекемелер мамандарының қатыстырылуымен 69 дана электрқозғалтқыш пен желілік өзгерткіштері ауыстырылып, 8,4 млн.теңге үнемделді.

«АтырауЖарық» АҚ бойынша биыл көпфункционалды 610 есептеу құралын орнату жұмыстары жоспарлануда. Бұл құрылғының саны былтыр – 425 болатын.

ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс Ұлттық палатасы мен «Alageum electric» АҚ-дағы мекемелерімен энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi бойынша семинарлар ұйымдастырылуда.

Бұдан басқа, «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынды. Үш жылдан кем емес аккредиттелген компаниялармен энергетикалық аудит өткізілген мектептердің тізімін еліміздің Инвестициялар және даму министрлігіне жолдап, Атырау қаласындағы екі орта мектепке жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Ақылбек БАЙШАХАНОВ,

Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

 басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз