Жарнама
Саясат

ӨМІРДІҢ ӨЗЕГІ – ЖОЛ

 

Бұл жолғы Жолдауды тарихи деп атап көрсетуіміздің себебі, мұнда бұрын болмаған мүмкіндіктерге жол ашылып, халықтың тұрмыстық жағдайын мейлінше жақсарту мақсатында қомақты қаражат көзі қаралып отыр. Жаңа құжат – мемлекетіміздің алдағы жыл­дарға ар-налған даму бағыты ғана емес, біздің әлем­дегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы жаһандық қадамымыз, экономи­калық саясаттың заманауи жалғасы деп түсінген жөн. Қазақ ұғымында киелі деп танылатын сан жеті болса, сол жеті басымдықтан тұратын «Нұрлы жолда» әлемді шарпыған дағдарыстан халықты аман-есен алып шығу жолдары қарастырылған. Ол үшін осыған дейін Ұлттық қорға жиналып келген қаржыны ұтымды пайдалана отырып, мемлекет экономикасын қалайда әлсіретіп алмау жағы кеңінен ойластырылған. Ең бастысы, еліміздің инфрақұрылымы, түрлі салалар толығымен қамтылған.

Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын үй және тағы да басқа инфрақұрылымдар жүйесі. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары нақты бекітіліп, көрсетілген. Жаңа экономикалық саясат негізінде көлік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту бойынша кешенді жұмыс жоспары белгіленген. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі мәселелер, жылу және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ.

Елімізге қандай қиын кезең туса да, мемлекет әрдайым әлеуметтік кө­мекке мұқтаж жандарды қолдап, эко­номи­ка­мызды дамытуға бар жағдайды жасайды. Экономикалық дағдарыс­тың қа­зіргі таңдағы қиындықтарына төтеп беру үшін Жолдау мазмұнында тығырықтан шығу жолдары ұсынылған, орындалуы тиіс іс-шаралар легі де бар. Жол-көлік инфрақұрылымын сергітіп, қадам-қадаммен тұрғын үй қолжетімділігін қалыптастыратын «Нұрлы жолдың» көмекке мұқтаж әлеумет тобына берері көп  деп білемін.

Президент инфрақұрылымдық даму жоспарында жол мәселесіне де ерекше назар аударды. Елбасы қайнаған тіршіліктің бәрі елдің күре жолына қатысты екенін баса айтты. Өйткені, жолдардың дамуы халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты. Бәсекелестік кеңістікте тек жолдары дамыған ел ғана алдыңғы  орынға шығады. «Жол — шын мәнінде, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз  байланысуы керек. Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ісі хаб қағидаты бойынша макроөңірлер қалыптастыру аясында жүзеге асырылатындығы айтылған. Бұл ретте Елбасы ең алдымен негізгі автожолдар жобасын тиянақты жүзеге асыруды ұсынды. Ал, мұндай автожолдарға «Астана-Ақтөбе-Атырау», «Атырау-Астрахан» жолдары жататындығы – біздер, атыраулық тұрғындар үшін қуантарлық жағдай. Жол сапасының жақсаруы өңірлердің өзара байланысын жақсартып, елдің ішкі жағдайын жақсартады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, өзара экономикалық байланысын нығайтады, жаңадан  жұмыс орындары ашылады. Осылайша алысты жақын ету  бүгінгі Жолдаудың басты түйіні болмақ.  

Облыстың энергетика инфрақұрылымын дамыту бойынша  Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялау және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша Мемлекет басшысы апатты мектептерді жөндеп, үш ауысымды оқытудан арылатын мезгіл жеткенін ескертті. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, олардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалып отыр. Балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелер салуды алдағы үш жыл ішінде шешу жүктелді.   

Президент назар аударған тағы бір маңызды мәселе – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту. Еліміз-де пайыздық мөлшері төмен және бастапқы жарнасы төленбейтін жаңа бағдарлама іске қосылатын болды. Мемлекет әлеуметтік арендалық бас­пана салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізген соң банк­тер кіріптарлық пайыздарды бекітеді, оның деңгейі 20 пайызға дейін жетеді. Жаңа бағыттағы бағдарлама жас отбасылар мен баспанаға зәру азаматтар үшін жасалып жатыр.

Бағдарламаның бір жеңілдігі, баспана еш делдалсыз, бар мүмкіндігінше төмен пайызбен беріледі. Несиелік қызмет 1-2 пайыз көлемінде ғана болуы мүмкін. Осы бағдарлама аясында тұрғын үйді сатып алу құны төмендетіледі, бастапқы жарнаға тыйым салынады. «Ипотекаға төмен пайыздар қазақстандықтар үшін баспананы едәуір қолжетімді етеді. Сондықтан да,   жалға берілетін баспана құрылысын дамытуға 2015-2016 жылдары қосымша 180 млрд. теңге бөлінетін болады», — деді            Н.Назарбаев.

Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғанымен, еліміздің рухани-мәдени жайы да назардан тыс қалмады. Ұлт көшбасшысы «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, осы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын жеткізді. Сол сияқты, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы атап өтілетін бұл жылдың маңызы ерекше болмақ.   Аталған Жолдауды іске асыру, нәтижелі жетістіктерге жету – бәріміздің ортақ мақсатымыз.  Осы орайда облысымыздың және тұтастай алғанда, еліміздің гүлденуі үшін әрқайсымыздың жауапты екенімізді сезіну қажет.  

Қуаныш

МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ,

облыс бойынша мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button