Лениндік және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына — 105 жыл.
Жайықтың төменгі ағысының қазіргі Индербор кентінен төменгі бөлігіндегі 2-нші және 4-нші ауылдардың төңірегін ежелден Он екі ата Байұлының Сұлтансиық аталығынан тарайтын Тана руы жайлайды. Туған жерім – Есбол ауданындағы 4-нші ауылдың халқы Жайықтың бойында төрт түлік мал, сосын жыл он екі ай «судың құртына» қарап өскен. Содан ба, біздің ауылдың адамдарында «мұнай» деген ұғым болған емес. Бірақ атақты Дендер кен күмбезінің септігі тиді ме, әлде бұйырмыс па, әйтеуір менің «шөбіме» мұнайшылық кәсіп бұйырды. 1957 жылы Алматыдан қолыма диплом алып елге келгенде, еңбек жолымды Қошқар мұнай кәсіпшілігінде операторлықтан бастадым. Оған баруға сол кездегі «Казахстаннефть» бірлестігінің бастығы Жолдасқали Досмұхамбетовтің өз қолынан жолдама алдым.
Жапан дүзді дүбірге бөлеп…
Алғашқы тәлімгерлерім Рахмет Өтесінов, Сағидолла Нұржанов, Беркін Бәжбенов сияқты майталман мамандардан алған үлгі-сабағымның арқасында операторлықтан геологқа дейін өсіп, қайнап-жетілдім. Әсіресе Рахмет Өтесінов азаматтығы мол жан еді. Бас инженер Сағидолла ағай мен бас геолог Беркін ағайлардың әрқайсысы бір-бір мектеп. Солардан төрт жыл бойы мол тәлім-тәрбие алып, көп тәжірибе жинақтадық.
Тағы да сол Жолдасқали Ахметұлының ақыл-кеңесімен Қаратонға барсам, ұлты кәріс болса да, қазаққа әбден сіңіп кеткен Кипони Хаксениевич Огай деген бастығы бар екен. Бас инженері – Аққуан Кемелов, кейін Табын Оржанов, бас геологы – Құлқаш Қарамурзиевтар да алтындай азаматтар еді.
Өзім Қаратон, Тереңөзек, сосын аппаратта аға геолог болып жүргенде, Жөкеңнің ұйғаруымен «Казгеоразведка» басқармасы қызметінің нәтижесі – Прорва кенішінің ашылуына куә болдым. Бұл кенішті игерген жылдар – өмірімдегі маңызды еңбек қадамдарының шежіресі ретінде жадымда сақтаулы. Сол замандағы әріптес ағалар мен замандастарым Әбу Атшыбаев, Сағидолла Нұржанов, Құмар Балжанов, Мүтиғолла Маташев, Хамза Қуантыров, Нәсіпқали Марабаев, Қожыбай Дәулетов, Жолдас Жұмалиев, Мақаш Рахметов, тағы басқалардың атқарған жұмысы өлшеусіз ерлікке толы, ерекше кезең болатын. Өмір мұратына мол тәжірибе мен игілік жинақтаған, жапан даланы дүбірге бөлеген сол жылдар ғаламат естелік болып бүгінде күмбірлеп еске орала береді.
Прорва ашылған соң, кен орнынан мұнай өндіруге ресми түрде тапсыру үшін Жолдасқали Досмұхамбетов пен Нәрен Имашев келді. Бастапқыда бұл кеніш «Эмбанефть» бірлестігінен өндірілген мұнай көлемінің 60-65 пайызын беріп тұрған маңызды кәсіпшілік болатын. Он-он бес ұңғының әрқайсысы штуцерді 4-5 миллиметрден асырмай қойғанның өзінде тәулігіне 40-50 тоннадан мұнай алып тұрды. Бірақ жұмыс оңай болған жоқ.
Тура жолдан таймаған
Екі жылдан кейін тағы да әкімшілік-өндірістік реформа жүргізіліп, «Эмбанефть» комбинатын Маңғышлақтағы трестке бағындырды. Өйткені, «Казахстаннефть» бірлестігі Шевченко, қазіргі Ақтау қаласына көшіріліп, қайтадан трест болып құрылған еді. Сафи Өтебаев басқаратын трестің бас геологы Ашот Григорьевич Дурмишиян деген армян жігіті қара бастың мүддесіне жетік, буынсыз жерге пышақ ұрудан алдына жан салмайтын еді. Бір күні соның атынан түскен жеделхатта: «Трестке қарасты көптеген кәсіпшіліктерде жоспар орындалмай жатыр. Сондықтан, Прорва кәсіпшілігіндегі штуцер мөлшерін екі-үш есеге көтеріңдер» деген бағытта бұйрық-тапсырма берілген. Демек бас геологтың бұйрығы бойынша, штуцердің қалыпты мөлшері 5 миллиметр болса – 15-ке, 3 миллиметр болса – 10 миллиметрге дейін жоғарылату керек. Сол бойда басқарма бастығы С.Нұржановқа жеделхат-бұйрық туралы айттым.
– Жер қабаты да адамның ағзасы сияқты ғой. Оған күш салғанда қалай болады? – деп, қорқынышымды да жасырған жоқпын.
Көп кешікпей, Ж.Досмұхамбетовтен жеделхат келді. Онда: «Менің рұқсатымсыз өндіріс процесінде ештеңе өзгертпеңдер, өзім жауап беремін» депті. Жөкеңнің айтқанын екі еткен жоқпыз. Кейіннен Атырауға барғанда, жергілікті мұнайшы жігіттерден Прорвадағы сол ұңғылардың 50 жылдың үстінде «фонтан» беріп тұрғанын білдім…
Прорвада 14-15 жылдай жұмыс жасаған соң, бірлестіктің бас геологы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Жолдасқали Досмұхамбетовтің өзі маған ұсыныс айтты.
– Біраз жыл өндірістің қайнаған тірлігін көріп, маңдай теріңді төгіп еңбек еттің, шырағым. Оныңды көріп жүрміз. Қызметің де нәтижелі. Енді бірлестікке менің қарауыма кел, орнымды басатын да адам керек болар, – деді…
Сөйтіп, 1975 жылдың қаңтар айында «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі геология бөлімінің бастығы болып шыға келдім. Бұл бір ізденіс пен қайнаған еңбекке толы жемісті жылдар еді. Жаңа кен орындары да ондап ашылып, іске қосылып жатты. Прорва алаңындағы 1960 жылдары Жөкеңнің өзі бастаған геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға да мүмкіндік туды. Бас директор Бөлекбай Сағынғалиев те өте алғыр, ұйымдастырушылығы мол, танысы да көп адам еді.
Қарт Ембінің қара шаңырағындағы жылдарда жинақталған тәжірибе білім мен біліктілікке бастады. Атышулы Теңіз кенішінің зерттелуі мен ашылу тарихына да бастан-аяқ қатысушылардың бірі ретінде танылдым. Теңіздің тарихымен сабақтас әңгімелерді талай таңға жыр қылып айтуға болар еді.
Есімі елге танымал мұнайшы, дала академигі Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтей ғұламамен жұмыстас болып, тәлім алғанымды өзімнің бақытым деп санаймын және оны үнемі жас мұнайшыларға үлгі етіп айтып отырамын.
Алыптың ашылуы
Геологиялық тұжы-рымдарға сәйкес жер қыртысы мұнай түзілетін үш қабаттан тұрады. Әуелі 1 мың жарым метрге дейін тұзүсті қабаты, сосын – тұз, одан әрі – тұзасты қабаттары қалыптасады. Ал, Теңіз алаңының мұнайы тұзасты қабатындағы құрылымнан шыққан. Құрылым (структура) дегеніңіз – дөңестер. Мұнай сол жерде сақталады, одан жоғары шықпайды. Өйткені, оны саз жібермейді. Осыны дәлелдеу үшін бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиұлы Москвадағы министрлікке қайта-қайта барды. Соның нәтижесінде қомақты қаржы бөлінді.
Мұнай қабаты анықталып, кен орны ашылғанға дейінгі жұмыстың бәрі геофизиктерге тиесілі. Сол заманда Одақ бойынша бұл міндеттерді Саратов, Волгоград және Батыс-Сібір геофизикалық экспедициялары атқарды. 1975 жылдың ортасында Каспий маңы ойпатындағы жұмыстарға жауапты «Саратовгеофизика» кәсіпорнының бас геологы Вячеслав Павлович Шебалдин бірлестіктің бас геологы Жолдасқали Ахметұлына жаңадан бір құрылым табылғанын айтты. Жөкең дереу бөлім басшысы ретінде мені, бірлестікке қарасты Каспий маңы бұрғылау басқармасының (Прикаспийское управление буровых работ-ПУБР) бас геологы Мақаш Рахметов және «Жайыкнефть» МГӨБ бас геологы Сәбит Намазовты өзіне шақырып алды. Геофизиктер төртеумізге жерасты қабаттарын дәрігердің ЭКГ сызбасы тәрізді етіп, диаграммамен көрсетіп жатыр.
Біраз уақыт қарап отырған Жолдасқали Ахметұлы қолына қарындашын алып:
— Жолдастар, мынау бір жақсы структура екен. Мына жерге ең бірінші ұңғыны қоямыз. Бұл ұңғы күндердің күнінде теңіздей мол мұнай берсін, атын «Теңіз» деп қояйық…
Бізде Жөкеңмен келіспейтін қауқар бар ма, сол бойда өзі ұңғының нөмірін салып, «Теңіз» деп жазып берді. Енді 5000 метр тереңдіктегі алғашқы ұңғыны қазу үшін «Орталықтың» рұқсаты керек. Сол үшін Бөлекбай Сағынғалиұлы және Жолдасқали Ахметұлымен бірге Москваға қажетті мәліметтерді реттеп, жинақтап беретін көмекші ретінде ілесіп бардым. Ұмытпасам, 1976 жылдың жазы болуы керек. Одақтық Мұнай өнеркәсібі министрінің геология жөніндегі орынбасары Николай Ерофеевтің кабинетінде Теңізден №1 ұңғыны қазудың өндірістік мәселелері талқыланды. Мәжіліске қатысушылардың басым бөлігі – Одақ көлемінен жиналған мықты ғалымдар, өндірісте әбден шыңдалған тәжірибелі мамандар. Олардың айтуынша, «5 мың метрде мол мұнай болуы мүмкін емес, болса тек газ немесе газ конденсаты бар». Осындай тегеурінді қарсылыққа бас геолог ретінде Ж.Досмұхамбетовтің өзі төтеп беріп, қорғауы тиіс. Еңбек жолын кәсіпшіліктен бастап, барлық өндірістік тәжірибеде шыңдалған ол өте қисынды, бұлтартпас дәлелдермен қазақша да, орысша да сауатты сөйлейтін кісі еді. Москвадағы өндірістік мәжілістің алғашқы екі күнінде мықты тойтарыс алған Ембінің екі басшысы ақылдасып алды да, үшінші күні келгенде Жолдасқали Ахметұлының өзі сөз алды. Ғылыми дәлелдемелерді тәжірибедегі нақты айғақтармен бұлтартпай, шегелеп сөйледі.
Ақыры, Досмұхамбетов жеңіп шықты. Содан министрліктегі мықтылардың бәрі келісімін беріп, Теңіз геологиялық алаңынан №1, №2 және №3 ұңғыларды қазуға рұқсатын берді. Сөйтіп, 1976 жылғы 24 маусымда 5000 метр тереңдіктен алғашқы ұңғы бастап қазылды.
Жер тынысын дөп басты
Келесі жылы Теңіз кен алаңын игеру мәселелерін одан әрі жетілдіру үшін Москваға қайтадан баруға әзірлендік. Өкінішке қарай, ол кезде Жолдасқали Ахметұлының сырқаты меңдеп, ауырып жүрген болатын. Соған қарамастан, «Орталыққа» апаратын барлық материалды өзі жан-жақты қарап шықты, ұсыныстары мен толықтырулар жасады. Әбден аттанар шақта:
– Жолдарың болсын, жігіттер! Өздерің білесіңдер, соңғы кезде мен ауырыңқырап жүрмін. Аман-сау тәуір болып кетсем, келесі жолы көрерміз, — деп ақжол тілеп қалды.
Желтоқсан айында Б.Сағынғалиев бастаған адамдар өзіміз бардық. Москваға барып қонақ үйге орналасқан соң, министрлікте қаралатын мәселелерімізді пысықтап алмақ ниетпен Бөлекбай Сағынғалиұлының бөлмесіне жиналып отырғанбыз. Телефон безілдеп қоя берді, дауысына қарағанда алыстан болса керек. Бойымды бір ыңғайсыз сезім билеп кетті.
Қатқылдау әрі қысқа сөйлесіп, түсі өзгеріп кеткен Бөкең телефон тұтқасын орынына қойды да, күтпеген суыт хабарды жеткізді: «Жөкеңе уақыт болды…»
Дереу Гурьевке ұшуға қамдандық. Бірақ әбден қаланың үстіне келгенде, ауа райының қолайсыздығына байланысты Гурьев әуежайы қабылдамай, амалсыздан Шевченко қаласына ұшуға тура келді. Ол кезде мұндай жағдайлар жиі болып тұратын. Ал, Бөкеңнің ұйымдастыру шеберлігін суреттеуге сөз жетпеуші еді және соның бәрін ол шұғыл жағдайда жүзеге асыратын. Жол үстінде жүріп, қалай хабарласып үлгергені есімде жоқ, Маңғышлақтағы Нәсіпқали Марабаев, Құлқаш Қарамұрзиевтер бізді пойызбен Құлсарыға жеткізді. Онда күтіп тұрған тікұшақпен Гурьевтің шетіндегі «Теңдік» қауымына келіп қондық. Өйткені, жаназа оқылып, мүрдені жер қойнына тапсырғалы жатыр екен. Жөкеңнің рухымен қоштасып, топырақ салып үлгердік…
Шексіз өмір жоқ қой. Дегенмен, осындай дарынды жан фәни-жалғаннан тым ерте кетті. Москваға аттанар сәтте жұмыс орнында отырған асыл жанмен мәңгілікке қоштасып тұрғанымызды білген де жоқпыз.
Бас қосып, пікірталас бола қалған кездерде ол үнемі айтып отырушы еді:
– Жігіттер, біз бұрын-соңды болмаған керемет қазынаға тап болдық. Бұл – байлық, ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Менің топшылауымша, Теңіз алаңындағы қордың мөлшері – шамамен 2 миллиард тоннаға жуық!..
Шынында да, Жөкең әулие кісі екен. Қазір Теңіздегі қордың мөлшері әлі нақтыланған жоқ. Бірақ бір нәрсе анық, ол – әлемде көмірсутегі қоры өлшеусіз мол елдердің саны саусақпен санарлық қана. Қазақстан – сол аз елдердің бірі болды. Сөйтіп, Жөкеңнің болжамы дәл келді…
Асыл азамат, көрнекті қайраткер Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов өмірден өткенімен, өмір көші тоқтаған жоқ. Өйткені, бастаған істі соңына жеткізу міндеті тұр еді. Теңіз алаңын әрі қарай қазу үшін Одақ Үкіметінің төрағасы А.Косыгинге дейін барып, ақыры қазуға рұқсат алынды. Соған сай қаражат та бөлінді.
…1979 жылдың 18 желтоқсанында Теңіз алаңында коллекторы 4800 метр тереңдіктен жоғары қысыммен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Бірақ алынған өнімнің құрамында күкірт көп болатын. Бастапқыда оған қараған жоқ, алғашқы ұңғы солай болған соң, Саратов пен Волгоградтан біліктілігі жоғары бұрғышылар шақырылды. Олардан біздің бұрғышылар да қалысқан жоқ еді.
Геология тәртібі бойынша алты-жеті ұңғы қазылған соң, кен алаңының қоры есептелуі керек. Сол үшін 1986 жылы Москвадағы Қорды анықтау жөніндегі комиссия барып, сол уақыттың өзінде Теңіздің бастапқы баланстық мұнай қорын «2 миллиард 648 миллион, бастапқы барланған мөлшері 943 миллион тонна, газдың қорын 1 триллион текшеметр» деп бекітті. Бірақ кеніштің ауқымы одан әлдеқайда көп болып шықты. Теңіз кен орнындағы қордың мөлшері соншалықты мол екеніне енді ғана көз жеткізген сияқтымыз.
Өндірісті өрге сүйреп…
Ол уақытта Москваға бағынышты «Эмба-нефть» өндірістік бірлестігі жылына небәрі 1 миллион тоннаға жуық қана мұнай береді екен. Біз үшін соншалық көп көрінгенімен, бұл Москва үшін дарияның бір тамшысында аз ғана дүние. Сол себепті Ембіге мүлде көңіл бөлмеген екен. Тек Бөлекбай Сағынғалиұлы мен Жолдасқали Ахметұлы өздерінің жоғары абырой-беделдерінің арқасында ұстап тұрған. Соған қарамастан, геофизиктер өте жақсы жұмыс жасап, Ембі алаңының мүмкіншілігін арттырды.
Қазақстан аумағы геологиялық платформасының перспективалық қабілеті өте зор. Әсіресе, Батыс Қазақстандағы көмірсутегі шикізаты қорының молдығы мен алынған өнімнің тазалығына шек келтіруге болмайды. Мысалы, соғыс жылдарында Доссордың мұнайын әскери ұшақтарға еш өңдеусіз құйып, Сібірге дейін ұшқан екен. Соғысқа дейін ашылған Пустынное, Тереңөзек, Тәжіғали кеніштерінен алынған мұнай өнімдері халық шаруашылығының түрлі мұқтаждықтарына пайдаланылған. Ленинград пен Москваны қорғаған – қазақтар болса, 1943 жылы Ембі кен алаңынан 1911 жылдан бері, яғни отыз жыл бойы болмаған көрсеткіш – 978 мың тонна мұнай алынған. Осыншама мол өнім берген Байшонас, Ескене кәсіпшіліктерінің қоры әбден сарқылды деуге ауыз бармайды.
Тылдағы бір сәтке де толас таппаған сол еңбек майданының алғы шебінде Қаныш Сәтбаев, Жолдасқали Досмұхамбетов сынды дарындар тұр. Өкінішке қарай, қазіргі экономиканың қарыштаған, индустрияның дамыған заманында олардың есімдері ұмытылып барады. Олармен үзеңгілес жүріп, қызметтес болған жақсы ағалар – «мұнай армиясы генералдарының» қатары мүлде аз қалды.
Жолдасқали Ахметұлымен жиырма жылдай тізе қосып еңбек еткен кезімді әрқашан мақтаныш тұтамын, әрі сол үшін өзімді бақытты сезінемін. Өйткені, ондай майталман маман әрі парасатты азаматпен жұмыс жасау бақыты кез келген адамға бұйырған жоқ.
Ол бірлестік басқарған және одан кейінгі жылдары Жөкеңнің тікелей басқаруымен 500-1500 метр тереңдік аралығындағы жиырма шақты тұзүсті мұнай көзі ашылды. Есептеп көрсеңіз, сол кеніштердің 60 миллион тоннаға жуық жиынтық қоры бар екен.
Осындай ерен еңбек үлгісінің нәтижесінде Жолдасқали Ахметұлы Одақтық дәрежедегі ғалым-оқымыстыларды мойындатып, жас мамандарға өзінің іс-тәжірибесі арқылы тәлім-тәрбие берді. Біз кәсіпшілікте жүргенмен, Жөкеңнің ұйымдастыруымен геологтар үшін мәжілістер, семинарлар жиі өткізіліп тұратын. Айына бір-екі рет бас қосатын мұндай тағылымдамалар әсіресе, менімен бірге бітірген он шақты геолог үшін жақсы болды, кездесіп пікір алысуға қолайлы еді. Сондай жанашыр көзқарастың арқасында жас буын өсіп-өнді.
Түйінсөз
Жөкең қазақтың арқалы ақыны, халық жазушысы Хамит Ерғалиевпен құрдас, екеуі басы қосылса еркін сырласып, арғы-бергі тарих туралы нақты дәлел-дәйектермен әңгіме қозғап отыратын. Екеуі де ұлтын жан-тәнімен сүйетін нағыз ұлтжанды азаматтар еді. Кейін біз сияқты ізбасар інілеріне әңгімесін айтады.
– Қазақ ешқашан көшпенді халық болмаған. Мысалы, оның тұрақты жайлауы мен қоныс-қыстауын қайда қоясың?! Тіпті, музыкалық мәдениеті де тым тереңде жатыр. Домбыра сияқты аспапты қай халықтан көрдіңдер?! Ал, қазір күллі батыс елдері демін ішіне алып отырып тыңдайтын скрипка – қазақтың қобызынан шыққан… Жалпы, біздің қазақ – өркениетті, мәдениетті халық. Өзінің музыкасы, сәулет өнері, дәрілік ем-домы, тіпті астрономиясы да болған. Тек бәрі «халықтық» деген желеумен мойындалған жоқ, — деп, әріден қозғап, тек-тарихқа өзің бойлап отырушы еді, жарықтық.
Сондықтан, қазақ бар кезде Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов есімі ешқашан ұмытылмайды.
Орынғазы ЕСҚАЗИЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Нұр-Сұлтан қаласы