Жарнама
Саясат

Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: «ЕЛБАСЫ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ»

— Аймақ басшысына жүктелер міндет зор, соның ішінде ең бастысы қандай?
— Мен үшін ең басты міндет Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын мүлтіксіз орындау болып табылады. Еліміз Президентінің мемлекеттік бағдарламалардың жүргізілуі, сондай-ақ, облысты одан әрі дамыту мақсатына бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы жөнінде алға қойған міндеттерін іске асыру – әкімдерге қойылар негізгі талап. Атап айтқанда, Ұлт Көшбасшысының тікелей қолдау-көмегінсіз біз өңірдегі сан қилы толғақты мәселелерді шеше алмаған болар едік.
Осыған орай, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамту, балаларды оқыту, жөндеу жұмыстарын қаржыландыру және басқа да әрбір нақты адам үшін маңызды деген мұқтаждықтарды шешуді еліміз Президенті бізге, әкімдерге тапсырғанын тұрғындардың есіне салғым келеді. Әрине, бұл мәселелердің бәрі де заңдылық талаптарына сай және облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай шешіледі.
— Сонда Сіздің жеке қабылдауларыңызға тұрғындар көбіне қандай өтініш-тілек, пікір-ұсыныстармен келеді?
— Өздеріңізге белгілі, азаматтарды жеке мәселелермен қабылдаулар тұрақты негізде жүргізіледі, сонымен бірге, тұрғындар хат жазу немесе облыс әкімі блогына сауал жолдау арқылы да өтініш жасап жатады. Олардың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі құрайтындығын атап айтар едім. Мұндай өтініштерін олар Елбасыға да, Үкімет басшысына да, түрлі министрліктер мен ведомстволар жетекшілеріне де жолдайды. Біреулері баспана кезегін жеделдетуді, енді бірі түрлі әлеуметтік жағдайларына байланысты кезектен тыс пәтер бөлуге ықпал етуді сұрайды. Тағы да қайталап айтамын, тұрғын үй бөлу Қазақстан Республикасының Тұрғын үй кодексі талаптарына сай жүргізіледі. Қала және аудан әкімдіктерінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың түрлі санаттары бойынша тізімдері бар. Осы кезек арқылы және тұрғын үйлердің пайдалануға берілу мүмкіндігіне қарай бұл мәселе заңдылық аясында шешіледі.
— Осы мәселеге қатысты бүгінгі таңдағы нақты жағдай мен алдағы межелер қандай?
— Биыл облысымызда жалпы ауданы 139 мың шаршы метр болатын 2130 пәтерлік 46 үйдің құрылысы басталды. Соның ішінде жалпы ауданы 55700 шаршы метр болатын (780 пәтерлік) 16 несиелік және 83300 шаршы метр (1350 пәтерлік) 30 жалдамалы үй салынады.
Осы 30 үйдің 19-ы (870 пәтер) биылғы жылдың аяғына дейін тапсырылуға тиіс. Соның ішінде 636 пәтерлік 14 үй – кезектегі азаматтарға, 234 пәтерлік бес үй жас отбасыларына беріледі.
Сонымен қатар, 16 несиелік үйдің 135 пәтерлік үшеуі жыл соңында пайдалануға берілмек. Қалған 13 несиелік және 11 жалдамалы үйдің құрылысы 2014 жылдың ішінде жалғасып, рет-ретімен іске қосылады деп жоспарланып отыр.
— Қазір Атырауда жекеменшік үйлер құрылысы қарқынды жүргізілуде, алайда, әзірге жер телімдерін беру тоқтатылған. Бұл неге байланысты?
— Бұл жөнінде сұрақтар өте көп түсуде. Жер телімдерін беру былтырдан бастап Мемлекет Басшысы мен Үкіметтің тапсырмасына байланысты тоқтатылды. Оның мәнісі мынада: жер телімін бермес бұрын жергілікті атқарушы органдар сол аумақты тиісті инфрақұрылыммен, яғни электр жарығы мен кәріздік, су және газ желілерімен қамтамасыз етуі тиіс.
Атырауда көптеген жеке тұрғын үй құрылыстары қажетті инфрақұрылымсыз жүргізілгені жасырын емес. Тіпті, бірқатар үйлер рұқсат құжаттарынсыз тұрғызылған жерлер де жоқ емес.
Баспанасын салғанымен, тұрғын үй иелігіне құқығын дәлелдеуге мәжбүр болып жүрген жандардан шағымдар да түсуде.
Тағы бір проблема – архитектуралық (сәулеттік) талаптардың сақталмауы. Әркім үйін жер учаскесінің әртүрлі бөлігіне, бір-бірінен 2-3 метр сайын бей-берекет салады да, соның салдарынан олардың арасындағы ішкі көшелерден екі автокөлік қатар өте алмайды. Егер өрт шыға қалса немесе сырқат үшін «жедел жәрдем» шақырылса, қандай қиындық туатынын осыдан-ақ пайымдай беріңіз.
Сондықтан да, әзірге жөн-жосықсыз құрылыс жүргізілген аумақтардың инфрақұрылымын ретке келтіріп алмайынша, жаңа жер учаскелерінің коммуникациялық желілерін жүргізумен айналыса алмаймыз. Жер телімдерін берудің тоқтатылу себебі – осы.
— Тұрғындар үшін жол салу мен жөндеу жұмыстарының да маңызы ерекше. Бұл бағытта нендей істер атқарылуда?
— Нақты жағдайға жүгінсек, күні бүгін бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Облыстың барлық елді мекендері, облыс орталығының да бірқатар көшелері асфальтталмай жатыр. Жол салудың аса қымбатқа түсетінін өздеріңіз жақсы білесіздер, сондықтан да, бұл мәселе қаржыландыру мүмкіндігіне қарай шешіледі.
Әркімнің де әуелі өзінің үйінің маңы асфальтталғанын тәуір көретінін түсінеміз. Аудандар мен қала әкімдері бұл жұмыспен белсенді айналысуда, бюджеттің мүмкіндігіне қарай жаңадан жолдар салынып, ескілері жөнделетінін сеніммен айта аламын.
Облыс орталығының тұрғындары үйлердің қасбеттерін сылап-сырлау жұмыстарын Елбасының біздің өңірге таяуда күтіліп отырған іссапарымен де байланыстырады. Осыған орай, біздің оқырмандарымыз бұл жаңғыртулар қандай қаржының есебінен жүргізіліп жатқандығын білгісі келеді.
— Бұл жерде бірден түсіндіре кетейін, пәтерлер жекешелендіріліп кеткендіктен, бұл үйлерге біз бюджет қаржысына жөндеу жүргізе алмаймыз. Ондай тұрғын үйлердің барлық жағдайына – жертөлесінен шатырына дейін жауапкершілік тұрғындардың өздеріне жүктелген. Ал, жаңғырту жұмыстары Тұрғын үй кешенін модернизациялау мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілуі тиіс.
Қазіргі таңдағы үйлердің қасбеттерін сылап-сырлау демеушілер қаражатына жасалып жатқандығын бөле-жара айтқым келеді. Естеріңізде болар, Президент Астана құрылысы жөніндегі кеңесте ғимараттардың сұрқай көрінісіне назар аударып, жаңадан салынған үйлердің сыртқы келбетінің өзі талғамнан төмен жатқандығын атап көрсеткен болатын.
Бұл ескерту Қазақстанның мұнайлы астанасы саналатын бізге де тікелей қатысты екендігі даусыз, өйткені, біз де Астанаға қарап бой түзеуіміз қажет. Осында еңбек етіп жатқан шетелдік азаматтардың да, Атырауға келіп жататын жоғары дәрежелі делегациялардың да алдымен қаламыздың жағдайымен танысып, оның сыртқы келбетін көргенде тұтас ел туралы алғашқы әсерлері қалыптасады емес пе?! Міне, сондықтан да, біз бұл жобаны қолға алдық және оны тиянақты жүзеге асырамыз. Яғни, үйлердің қасбеттері де, ішкі бөліктері де жаңартылады. Айта кету керек, бұл үшін әлемге әйгілі Tikkurila бояуы пайдаланылуда, ол күннің көзіне де, жауын-шашынға да өте төзімді, әрі түсін де ұзақ сақтайды.
— Мұндай қайта түлету жұмыстары басқа да нысандарды қамтитын шығар?
— Иә, эстетикалық жаңғырту тек қана тұрғын үйлермен шектелмейді. Көшелерді жарықтандыру, көкорай шалғындар төсеу, гүлді алқаптар жасақтау да одан әрі жалғасын таппақ. Шағын сәулеттік алаңдар тұрғындар мен қала қонақтарының демалатын, жас жұбайлардың арнайы суретке түсетін сүйікті орындарына айналады. Сөйтіп, біздің шаhарымыз әсем көркімен көздің жауын алатын болады. Осының бәрімен қалалық әкімдік кешенді түрде айналысу үстінде, бұған тұрғындар тарапынан да айрықша жанашырлық қажет екендігі даусыз.
Сіздер Исатай-Махамбет алаңынан шебер қолмен жасалған таза қоладай жарқыраған темір орындықтарды көрген боларсыздар. Бұл – бұған дейін өз мүмкіндігін таныта алмай келген қарапайым да, талантты жігіттің қолтума дүниелері. Біз оған қолдау-көмек көрсеттік, соның арқасында жас шебердің металдан жасалған бұйымдарына қазір Мәскеу мен Санкт-Петербургтен де тапсырыстар түсуде.
Осындай жанды шаралардың арқасында біртіндеп Атыраудың мұнайлы астана мәртебесіне сай өзіндік келбетке енетіні кәміл.
— Шаhардың шынайы тұрғыда жаңарып-жасануы, әрине, тұрғындар үшін ерекше қуаныш. Десек те, бірінші қабаттарында шағын дүкендері бар үйлер бұлардың тасасында қалып кетпей ме?
— Сөзіңіз орынды, үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан дүкендер, шаштараздар мен басқа да шағын кәсіпкерлік нысандарының сыртқы түрлері көңілді көншітпейді. Бұлардың қожайындары әрқайсысы өздеріне қарасты «шаршы метрлерін» өз қалауларынша сылап-сырлап қояды да, түрлі түсті шимайлар көзді ұялтады. Сондықтан да, біздің құрметті кәсіпкерлеріміз осы жағын ескеріп, қол астындағы нысандарын келісу арқылы және талғамға сай көркемдеулері қажет-ақ. Сондай-ақ, барша тұрғындар өз үйлері мен кәсіпорын, мекемелері маңындағы тазалықты қатаң сақтауы тиіс.
Атырау қаласында биыл тоғыз мыңнан астам көшет отырғызылды. Бәрі де суы бар, су желілеріне қосылған жерлерде егілді. Енді соның бой көтеріп, желкілдеп өсуі де — өз қолымызда. Өйткені, өмір сүріп жатқан мекеніңнің таза, жасыл желекке бөленіп тұруы – ең алдымен әркімнің өзіне керек, өзінің мерейі, өзінің денсаулығы, өзінің жұтар ауасы.
Аты әлемге әйгілі Қашаған жобасындағы нысандар іске қосылатын күн де жақын. Сол кезде құрылыс жұмыстарына тартылған көптеген мамандардың қысқартуға ұшырайтыны да жасырын емес. Оларды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілмек?
— Биыл «Болашақ» зауытындағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуына орай 732 адам жұмыстан босап қалды, жыл аяғына дейін тағы да 5400 адам босайды деп күтілуде. Осыған орай, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту шараларын жүргізіп жатқан «Синопек» компаниясымен 1040 адамды, Батыс Ескене темір жол құрылысына 900 адамды жұмысқа алу үшін меморандумға қол қойылды. Қалғандарын да жұмыспен қамту бағытында барлық қажетті іс-шаралар қарастырылуда.
Осы жерде мына бір жайды айта кетейін: Маған көп адамдар өзінің ұлын немесе қызын жалақысы жоғары ірі кәсіпорындарға, атап айтқанда, ТШО, «Ембімұнайгаз» және өзге де компанияларға жұмысқа орналастыруды сұрап, өтініш айтады. Әрине, мүмкіндігінше көмек қолын созуға тырысамыз. Дегенмен де, менің айтарым: Ондай іргелі кәсіпорындардың өз талаптары, өз ереже-шарттары бар, әр маманның біліктілігі сынға салынады. Сондықтан да, жұмысқа орналасудың да өз тәртібі, өз заңдылығы бар екенін еске салғым келеді. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, бос жұмыс орындарына түсіп жатқан тапсырыстар бойынша орналасуға болады немесе өзге де мүмкіндіктері іздестіріледі.
— Газет бетінен түспейтін көкейкесті мәселенің бірі – балабақшаның жетіспейтіндігі. Ата-аналар жылдар бойы кезекте тұратындықтарына, тіпті орын болғанның өзінде топтардағы бала саны тым көптігіне арызданады. Бұл проблема қалай шешілуде?
— Бұл – расында да, еліміз бойынша өзекті мәселенің бірі. Еліміздің ертеңі, болашақтың кілті – бүгінгі бүлдіршіндердің қолында. Олай болса, болашағын ойлаған ел алдымен ұрпағын ойлауы заңды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы мәселеге айрықша мән беріп, нақты тапсырмалар жүктеп отыр.
Облысымызда 1-6 жас аралығындағы балдырғандарды балабақшамен қамту 55 пайызды құраса, ал, республика бойынша тоғызыншы орындамыз. Сондықтан да, бұл мәселені жоспарлы түрде шешеміз деп отырмыз. Күні бүгін 1085 орындық 5 балабақша салынып жатыр, ал, жыл аяғына дейін 4230 орындық 17 балабақшаның құрылысы басталады. Алдағы үш жылда 8825 орындық 43 балабақша салу жоспарланып отыр. Осылайша, балабақшаға деген сұраныстың басым бөлігін қанағаттандырамыз деген ойдамыз.
Ашығын айтқанда, мектептер жайы да біршама жаңғыртуды, материалдық ахуалын жақсартуды талап етеді. Облыста үш ауысымда оқытатын бір мектеп бар, биыл оның шәкірттері үшін жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілетін болады. Ал, 11 апаттық мектеп бар еді, олардың бәрінің де құрылысы биыл басталады. Жаңа оқу жылының басында бір-екі мектеп ғимараты салынып бітеді, қалғандары да оқу жылы ішінде біртіндеп іске қосылмақ.
Қазақта «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген ойлы сөз бар. Ашқұрсақ жүрген, уақтылы ыстық ас ішпеген баланың сабаққа деген ынтасы болады деу де қиын, әрі біз болашақ азаматтарымыздың денсаулығын жастайынан бұзып алмауды да ойлауымыз керек. Міне, сондықтан да, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатына өткен оқу жылында 1 миллиардтай қаржы бөлдік. Мектептерге асханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып әпердік. Аз қамтылған отбасылар балалары мен 37 мың бастауыш сынып шәкірттерін ыстық тамақпен қамту жайы өткен оқу жылында толықтай шешілді. Бұл келесі жылы да жалғасын табатын болады.
— Бүкіл әлемде өте өзекті проблемаға айналғанындай, азық-түлік қауіпсіздігі біздің елімізде де күн тәртібіне қойыла бастады. Осы орайда әкімдік пен тиісті құрылымдар бағаны тұрақтандырудың, сөрелерді жергілікті өнімдермен қамтамасыз етудің шараларын алып келеді. Бұл бағытта қандай нақты межелер көзделуде?
— Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі. Бұл тұрғыда әр аймақ өз мүмкіндігін толыққанды пайдалана білуі ерекше маңызға ие. Былтыр бар болғаны 57 гектар ғана картоп алқабы болса, биыл оның көлемін 900 гектарға жеткіздік. Көкөніс алқабы өткен жылы небәрі 300 гектар болса, биыл 1600 гектарды құрап отыр. Осы алқаптардан түсетін өнімге арналған 26 үлкен қоймамыз да әзір. Оларда 19900 тоннадай өнім сақтауға мүмкіндік бар.
Тағы бір жаңалық – алғашқы кезеңде 500 бас голландиялық асыл тұқымды сиырларға негізделген тауарлы сүт фермасының құрылысы басталып та кетті. Бұл кешен тәулігіне 10-12 тонна сүт өндіруге есептелген, бұл аймақтың 30 пайызын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сүт сол күйінде сақталып қана қоймай, құтыларға құйылып, дайын өнімдер сауда орындарына жөнелтіліп отырады. Ферма биылғы жылдың соңына дейін салынып, келесі жылдан бастап сүт өнімдерін өндіре бастайды. Оның үстіне бұл кешендегі сиыр санын мың басқа дейін жеткізуге де есеп жасалып отырғанын атап айтуға болады.
Ата-бабаларымыз кезінде ешкі сүтіне ерекше назар аударып, оның емдік, қоректік қасиетін тап басып тани білген. Бала денсаулығы үшін аса дәру бұл ешкі сүтін итальяндық технология бойынша өндіруді қолға алмақпыз. Ол үшін 300 бас еуропалық ешкі тұқымы сатып әкелініп, бұл шаруа келесі 2014 жылы бастау алады. Ал, ешкі сүтінен түрлі өнімдер шығаратын зауыт құрылысы жобасын биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырмақпыз.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Құлсарыда жылына 16 миллион дана жұмыртқа беретін құс фабрикасы іске қосылды. Онда қазір 60 мың құс бар, қазірдің өзінде алғашқы миллион дана жұмыртқа алынды. Яғни, отандық өнім өндіретін агроөнеркәсіп бизнесін өрістетушілерге кеңінен жол ашып, барлық қолдау-көмек жасалып отырғанын атап айтар едім.
Биыл талай жылдар бойына қақсып жатқан Жайық бойындағы 13 каналдың 12-сінің арнасын суға толтырып, қалпына келтірдік. Бұл жұмыс та жалғасын табады.
Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар. Бұл да – Елбасымыздың біздің алдымызға қойған негізгі міндеттерінің бірі. Тұрғындарды толыққанды экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыра отырып, жаңа жұмыс орындарын да көбейтеміз, осы арқылы экономиканы диверсификациялау жөніндегі маңызды міндетті де жүзеге асырамыз.
— Бақтықожа Салахатдинұлы, Атырау облысы жұртшылығы жаңа мұнай-газ өндірістері іске қосылуы аймақ экологиясына кері әсерін тигізетіндігіне алаңдайды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Тұрғындар алаңдаушылығын түсінуге болады. Қашаған – әлемдегі ең ірі және геологиялық тұрғыдан өте күрделі кен орындарының бірі. Кеніш жоғары жерасты қысымымен және кен құрамында күкіртті сутегінің көптігімен сипатталады. Бұл жобаға дүние жүзінің бай тәжірибеге ие компанияларының қазіргі заманғы ең озық технологиялары тартылып отыр. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Қашағанды игеруші консорциумнан экологиялық қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтауды қатаң талап етуде. Ендеше, алдын ала үрейге салынудың реті жоқ деп ойлаймын.
— Мұндай алып жобаның іске асырылуы аймақ экономикасына және оның негізгі көрсеткіштеріне қалай әсер етеді деген ойдасыз?
— Бұл жобаның іске асырылуы еліміз экономикасының одан әрі өркендеуіне қосар үлесі өз алдына, біздің облысымыздың да көптеген әлеуметтік өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі. Өздеріңізге белгілі, мұнай-газ өндіруші компаниялар елімізге тек озық технологияларды ғана әкеліп қойған жоқ, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге де атсалысуда. Оның қатарында өз оқу орталықтарымызда кәсіби білігі жоғары қазақстандық мамандар даярлауды да атап айтуға болады. Көптеген жергілікті компаниялар мердігерлік тапсырыстармен қамтылған, соның арқасында түрлі нысандар мен қызмет көрсету кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар, шетелдік компаниялар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде өңіріміздің көкейкесті мәселелерін шешуге де көмек беріп келеді.
Экономикалық жетістік дегенде мынаны атап айтар едім: Енді екі-үш жылдан кейін Қазақстанда өндірілетін барлық мұнайдың 50 пайызын Атырау облысы беретін болады! Биылғы жылдың алдын-ала мәліметтері бойынша да облысымыз еліміздегі мұнай мен газ өндірісінің көшбастаушысы болып отыр. Үстіміздегі жылдың өткен бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға 400 млрд. теңгедей инвестиция құйылды, бюджет түсімі 130 пайызға орындалды. Ұлттық қорға 772 млрд. теңге қаржы аудардық, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,3 пайызға артық. Оның үстіне мұндай көрсеткіштерге мұнай бағасының төмендеуі жағдайында қол жетіп отыр.
— Соңғы кезде мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы қазақстандықтар мен шетелдік мамандардың жалақылары арасындағы алшақтық туралы әңгіме де көтерілді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
— Бұл әңгімеге қанықпын. Егер қарапайым жұмысшы-мамандар туралы болса, талап өте орынды. Алайда, жоғары кәсіби қызметкерлер, атап айтқанда, инженер-мамандарға келсек, жалақыдағы алшақтықтың орны бар. Өйткені, бізде жергілікті ондай жоғары дәрежедегі кадрлар тапшы. Шетелден шақырылатындығы содан. Шақырдық екен, оған өз еліндегіден кем еңбекақы төлей алмайсың.
Бірнеше жылдардан кейін бұл мәселе қазіргідей көкейкестілігін жояры сөзсіз. Қазірдің өзінде ТШО мен Қашаған жобасында қазақстандық жас инженер-мамандардың еңбек етіп жатқандығы бұл пікіріме дәлел бола алады. Қазір олар жан-жақты тәжірибе жинақтап жатса, күні ертең-ақ шетелдік мамандарды алмастыруға жетілері кәміл.
— Елбасы бүгінгі таңда жастар саясаты мәселесіне баса көңіл бөліп отыр. Осы орайда облысымызда жастардың рухани ой-өрісін, патриоттық санасын сілкіндіруде іргелі шаралар ұйымдастырылуда. Осыған Өзіңіз нендей баға бересіз?
— Жастар мәселесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты бақылауында екендігі мәлім. Біз де биыл осы жастар саясаты мәселесіне миллиардтан астам қаржы бөлдік. Облыста екі ірі шара өткіздік: Мың адамдық оркестр және республикалық патриоттар форумы. Қалай өткізгенімізге баға беретін – әрине, халық. Бұл күй фестивалін өткізудегі мақсат – атақ шығару, елді таңғалдырайын дегендік емес, қазақтың күйіне, өнер сахнасына деген жастардың сүйіспеншілігі мен ынта-құлшынысын, қызығушылығын арттыру.
Меніңше, жастардың жат ағымдарға ілесіп кетпеуі үшін осындай шаралардың мән-маңызы зор. Өйткені, олардың бір игі іспен тұрақты айналысуына ықпал ету керек. Бос кеңістікке орын қалмауы тиіс. Айталық, біз осы жазда 750 студентті жасыл ел сарбаздары сапында көгалдандыру шараларына тартуды ұйғарып отырмыз.
Өнер мен мәдениет, спорт шаралары жастарды нашақорлықтан, жат діни ағымдарға еріп кетуден сақтайды. Өйткені, жасөспірімдер тым албырт, олардың көпшілігіне еліктеушілік тән, әрі білім-таным таяздығы да бар. Американдық жазушы, қоғам қайраткері және журналист Марк Твеннің мынадай бір сөзі бар ғой: «Мен он төрт жасыма дейін ата-анамды тыңдамадым, өйткені, олардың өздері ақымақ болды, ал, жеті жылдан кейін оларды тыңдадым, өйткені, оларға ақыл кірді». Кімнің ақымақ, кімнің ақылды болғанын өзіңіз пайымдай беріңіз. Қазақта «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген ойлы тәмсіл де бар ғой. Міне, біз жастарымызды үлкенді, ата-ананы сыйлай білуге, құрмет тұтуға тәрбиелеуіміз қажет.
— Сіз спорт туралы да айтып қалдыңыз. Спорт алаңдары, жаттығу кешендері бізде аз емес, соның ішінде облысымызда жүзу мен футболға да ерекше көңіл бөлінуде…
— Бұл да, қайталап айтамын, өскелең ұрпақ үшін аса қажет. Рас, «Атырау» футбол клубының бақылаусыз кеткен қаржылық ахуалы өте қиын болды. Оның бәрін сот арқылы заңды түрде ретке келтірдік. Қазақстан футбол федерациясымен бірлесе, оның жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің қолдауымен көп түйінді мәселелерді шешуге қол жеткіздік.
Бүгінгі таңда әлемнің ең үздік ойыншылары мен бапкерлерін командамызға тартудамыз. Біреулерге бұл ұнамайтын да шығар, алайда, жергілікті ойыншыларымыздың кәсіби деңгейде өсуі үшін осындай үлгі-өнеге аса қажет екенін түсінуге тиіспіз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс, еуропалық лиганың лидер командаларының құрамы түгел дерлік легионерлерден тұрады. Шақырылған футболшылардың түйіндемелерімен жеке өзім танысып шықтым, олардың қайда және қалай ойнағандарына, негізгі көрсеткіштеріне дейін назар аудардым.
Біз жергілікті спортшыларымыздың даярлығына да барлық мүмкіндікті жасаудамыз. Әрине, қазақстандық футбол әлі қалыптасу үстінде ғана. Соның өзінде де біздің командада жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрген жас ойыншылар бар. Олардың арасынан жергілікті футбол тәрбиеленушілері Айбар Нұрыбеков, мықты ойыншы, команда «дирижері» Валентин Чуреевті атап айтар едім. Өз басым олардың жасыл алаңдағы әр қимылын қағыс жібермеймін.
Жақында «Атырау» футбол клубы жанынан балалардың футбол орталығын аштық, онда балалар мен жасөспірімдерді арнайы шақырылған бапкерлер шеберлік тылсымдарына баулиды. Бірнеше жылдардан кейін кәсіби футболшы дәрежесіне жеткен оларға да Қазақстан ғана емес, өзге де елдердің клубтары «құда» түсіп жүрмесіне кім кепіл?!
Осы жерде жастарға «өздерің үшін салынған спорт кешендері мен алаңдарын көздің қарашығындай сақтаңдар» дегім келеді. Бірнеше мәрте таңертеңгілік шолып өткенімде спорт алаңдарында бөтелкелердің, тағам қалдықтарының және басқа да қоқыс қалдықтарының бей-берекет шашылып жатқанын көрдім. Өздерің үшін жасалған қоғамдық игілікке осылай жауапсыз қарауға бола ма? Жаттығу құрал-жабдықтарын қиратып, бүлдіргеннен гөрі, бойыңдағы күш-жігеріңді өзің ғұмыр кешіп жатқан қалаңның көркеюіне жұмсағаның жөн емес пе?..
— Бүгін бұқараны толғандырып жүрген көкейкесті мәселелер әңгімеге арқау болды. Бұл үрдіс алға қарай да жалғасын тапса игі…
— Сөз жоқ, өз басым күнделікті қызметімде бұқараның ұсыныс-пікіріне, талап-тілегіне ерекше назар аударамын. Тұрғын халықтың мұң-мұқтажына сергек қарау – басты ұстанымым. Ендеше, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен мұндай сұхбаттасулар дәстүрлі сипат алады деген ойдамын.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
облыстық «Атырау» газетінің
бас редакторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button