ОҢТАЙЛАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әр өнеркәсіп орнының тиімді жұмыс жасауы қажеттігін атап айтты. Расында да,  кәсіпорын өзінің негізгі ісімен шұғылдануы тиіс. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты шикі мұнайды өңдеп, одан даяр өнім дайындауы керек пе, демек осы бағытта ғана жұмыстануы қажет. Ал, қосалқы қызметтерді жалға алу арқылы жүзеге асырады. Бүгінгі нарық талабы да, әлемдегі өндірісті ұйымдастырудың озық тәсілі де – осы.

Қазір бізде де профильдік емес бөлімшелерді аутсорсингке шығару және оларды кәсіпкерлік секторға беру бағдарламасы жүзеге асуда. Биыл оның екінші кезеңіне кірістік  (Аутсорсинг – бұл сәйкесінше салада маманданған басқа компанияға бизнес-функциялардың кейбірін беру. Мұндағы мақсат – кәсіпорын шығындарын үнемдеу және басты назарды профильдік қызметке аудару).

Үстіміздегі жылғы қаңтардан бастап зауыт құрылымынан көлік цехы шығарылды. Одан әрі, электрмен қамту қызметі де дербес құрылым ретінде жұмыс жасамақ. Ал, екінші жартыжылдықта жөндеу-механикалық цехы зауыттан бөлінеді. Мұнда зауыт жабдықтарының қыр-сырын жақсы білетін және технологиялық қондырғыларды шебер жөндейтін 140 адам еңбек етеді. Енді жаңа құрылымның иелері қаншалықты тиімді жұмыс жасайтынын болжау да қиын. Бірақ, тәжірибелі мамандарды сақтағаны жөн.  

Жалпы, зауытта штат санын оңтайландыру шаралары өткен жылы, Елбасының шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы тапсырмалары негізінде басталған-ды. Көмекші құрылымдарға дербестік беріп, олардың қызметін келісім-шартпен пайдалану – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Назарды негізгі қызмет түрлеріне бұру шарасы тек бізде ғана емес, республикадағы өзге өңдеу зауыттарында да жүріп жатыр. Демек, мұнай-газ саласына қатысты кәсіпорындар төңірегіне шағын және орта бизнес нысандары шоғырлануда. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы зауыт ұжымы 300 адамға қысқарды. Кәсіпорын құрамынан өрт сөндіру, газдан құтқару, жобалық-конструкторлық орталық, метрологиялық және медицина қызметтері, т.б. шығарылды. Бірақ, олар ешқайда да кеткен жоқ. Осында, бұрынғы жұмыстарын жалғастыруда. Тек, енді зауыттықтар саналмайды және бізбен келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды. Өткен жылғы 1 тамызда №45 балалар комбинаты негізінде «Балшуақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған-ды. Қазір ол дербес құрылым ретінде жемісті жұмыс жасауда.

Біз құрамнан шығарылған мердігер мекемелерді қолдаусыз тастағанымыз жоқ. Зауыттың кәсіподақ комитетімен келісіп, әлеуметтік пакеттерінің сақталуына күш салудамыз. Медициналық сақтандыру, сауықтыру жәрдемақысы, т.б. беріледі.

Бүгінде зауытта 2000 шамасында адам еңбек етеді. Аутсорсинг нәтижесінде 2014-2016 жылдары еңбек өнімділігінің екі есе артуы күтілуде. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінің тиімділігі 3 млрд. 352 млн. теңгені құрамақ.

Міне, біздің Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген нақты тапсырмаларына жауабымыз осы.

 

Қайрат ОРАЗБАЕВ,

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» акционерлік қоғамының президенті.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз