ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ

Қай елде, өңірде болмасын өркениеттің, өркенді істердің жақсы да жүріске жайлы, сапалы да сенімді, әрі қауіпсіз жолдардан бастау алатыны ақиқат. Осы орайда, аймақ басшылығының мұрындық болуымен облысымызда да соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Олардың бірқатары межеленген мерзімінде іске қосылып, көптің қажетіне жарап, халықтың игілігіне берілуде.

 

2014 жылы республикалық трансферттен бөлінген қаражатқа «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» бағытындағы (жалпы ұзындығы 123 шақырымды құрайды) облыстық маңыздылығы бар автомобиль жолының 35 шақырымдық бөлігі мен екі көпір өткелі қайта жаңғыртылды. НКОК компаниясының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобалары негізінде облыстық маңыздылықтағы «Атырау-Индер» автожолының 20-100 шақырым аралығындағы бөлігі күрделі жөндеумен қамтылып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Бұлардан бөлек, Жылыой ауданының Тұрғызба, Махамбеттен Бейбарыс, Жалғансай, Исатайдан Тұщықұдық, Ерғалиев ауылдарының кірме және селоішілік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сол секілді, Махамбет селосының аумағындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы да одан әрі жалғастырылып, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы темір жолдың үстінен жаяу жүргінші өткелі салынуда. Құрманғазы ауданының аумағындағы «Ганюшкин-Приморье-Утера-Котяевка-Шортанбай» ауылдарын байланыстыратын автомобиль жолының 18 шақырымы күрделі жөнделді.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында Жылыой ауданының орталығы Құлсарының 25 шақырымды құрайтын қалаішілік жолының бір бөлігі қайта жаңғыртылса, облыстық маңыздылықтағы «Атырау-Индер» жолының бойында орналасқан Алға, Ортақшыл, Есбол, Ақжайық, Сарайшық (Махамбет ауданы), Мақаттағы Бәйгетөбе ауылдарының селоішілік және кірме жолдары күрделі жөндеумен қамтылды.

2015 жылы да көлік инфрақұрылымын өркендетіп, автотрассалардың ахуалын жақсартуға 11млн. 610 мың теңге қаржы қаралса, соның ішінде 1750 млн. теңгесі ел қазынасынан бөлінді. Енді нақты атқарылуы тиіс іс-шараларға тоқталсақ, жоғарыда айтылып кеткен Индер мен Қызылқоға аудандарын байланыстыратын 120 шақырымнан асатын жолдың «Қарабау-Миялы» бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылады.

Мұның алдында да жария қылып жүргеніміздей, осыдан төрт жыл бұрын өңірлерде басталған көлік жолдары мен кіреберіс және селоішілік жолдарды жөнге келтіру жұмыстары жоспарлы да жүйелі жалғасын табады. Оған қоса, моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде 2013 жылдан бастап қолға алынған Құлсары қаласын қамтитын 25 шақырымдық жолдың бір бөлігі биыл қайта жаңғыртылып отыр.

Тұтастай алғанда, тек соңғы жылдардың өзінде облыста 500 шақырым жолдың жөнделуі қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да 120 шақырымдай жол жаңадан төселеді. 2012 жылы облыс аумағындағы автожолдардың 30 пайызының ғана жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланса, 2015 жылдың соңында бұл деңгей 47 пайызға дейін көтеріледі деген болжам жасалынуда. Айта кету керек, бұлардың денін ауыл мен ауданды байланыстыратын жергілікті маңыздылықтағы жолдар құрайды.

Биылғы басты жаңалықтың бірі – алдыңғы жылы басталған, жалпы ұзындығы 170 шақырымдық «Атырау-Индер» тас жолының құрылысы толықтай тәмамдалып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айрықшалап айтуға тұрарлық жайттың бірі – облыс аудандарындағы көптеген ауылдарға кіреберіс, селоішілік жолдармен қатар, жаяу жүргінші жолдарының (тротуар) төселуі еді. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Махамбеттегі жаңа автомобиль көпірі құрылысының 40 пайызы игеріліп, келер жылы бұл нысан да іске қосылады.

Және бір тілге тиек қыларымыз, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген республикалық маңыздылықтағы «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомагистралы бойындағы «Мақат-Сағыз» жолын күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Қалған бөлігінің де жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, дайындық шаралары жүргізілуде.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда аймақтағы жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2061,6 шақырымды құраса, соның 875 шақырымы немесе 42 пайызының жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланып отыр. Ал, қалған 1186,6 шақырымы немесе 58 пайызы әзірге «қанағаттанарлықсыз» күйде қалуда. Ілкіде келтірілген ақпараттарға сүйенсек, жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен байланысты жұмыстар қазіргі арнасынан жаңылмайтын болса, болашақта бұл көрсеткіштердің жоғарылап, жағдайдың бұдан да әрі жақсара түсетіндігі даусыз. Әрине, қандай шаруаның да қаржысыз бітпейтіні, түйіні шешілмейтіні белгілі. Осы мақсатта бюджетте қаралған қаражаттың көлемі де аз емес. Оның жалпы сомасы 13225,1 млн. теңгені құраса, мұның 1750,0 млн.теңгесі республикалық, 9881,4 млн. теңгесі облыстық, 1406,7 млн. теңгесі қалалық және 187,0 млн. теңгесі аудандық бюджеттен бөлінген. Жол құрылысшыларына жүктелетін міндет – осыншама қомақты қаржының мақсатты да мерзімді игерілуін, жоспарланған жұмыстардың сапалы атқарылуын қамтамасыз ету.

Облыс орталығында ғана емес, аудандарда да көптің игілігіне айналған жақсылықты істерге тұрғындардың риза көңілдерін аңғардық. Соған ұйытқы болған облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов бастаған әкімдікке алғыстарының шексіз екендігін байқадық.

Сайып келгенде, өркениеттің де өзінің бастауын өңірлерден алатыны, сенімді жолдардың ғана осыған мүмкіндік берері ақиқат.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Ауыл тұрғынының пікірі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз