Назарда – әлеуметтік нысандар
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кеңес және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Исатай ауданының Жанбай ауылында бюджет қаржысына салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты.
Ол өткен жылғы қарашада басталған еді. Құны 284 млн. теңге тұратын нысанды тұрғызып жатқан «Ака Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жұмыс барысымен танысу кезінде оның белгіленген кестеден бір ай жарымға кешігіп жатқандығы анықталды. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы бітуі тиіс болғанымен, небәрі жартысы ғана жасалыпты. Ғимараттың қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Алайда, ішкі әрлеу жұмыстары басталмаған, электр желісі тартылмаған. Қазір нысан басында он адам бар, оның бесеуі жергілікті жұмыссыздар санатынан алыныпты.
Жанбайлық Абат Мұхызаруев тас қалаушы екен. Өткен жылғы желтоқсаннан бері еңбек етеді. Жалақысы 70-75 мың теңге шамасында белгіленген.
— Бұл – ауылдағылар үшін жаман табыс емес, — дейді ол, оның үстіне, қыс кезінде де жұмыс табылады. Әйтсе де, ақпаннан бері жалақымыз ке-шігуде.
Комиссия мүшелері мердігер мекеме басшыларына, құрылыс учаскесінің жетекшісі А.Құспановқа жаңа нысанды белгіленген жоспар бойынша биылғы қыркүйекте пайдалануға беру керектігін айтты. Демек, қосымша жұмыс күшін тарту қажет. Ең бастысы – жұмысшылардың жалақысын уақы-тында төлеген жөн. Нысан мерзімінде қатарға қосылмаса, жауапты адамдар жазаға тартылатынын да ескертті. Әрине, алдыңғы кезекте сапа тұруы тиіс. Кеңес мүшелері нысан тапсырысшысы ретінде облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс жолдау жөнінде шешім алды.
Осы ауылдағы Х.Нәубетов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары биылғы 28 мамырда басталған. Аз ғана уақытта «Гамма-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біраз шаруа тындырыпты. Комиссия мүшелері мердігер мекеме қызметіне сәттілік тіледі.
Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА,
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.