Жарнама
Саясат

«НҰРЛЫ ЖОЛ» – НҰРЛАНҒАН ӨМІР БАСТАУЫ

 Жаңа жобалар – жарқын болашақ кепілі

Бұған дейін экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша бір триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл туралы Президент үстіміздегі жылдың ақпан айында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында жариялады. Енді соның 500 млрд. теңгені құрайтын екінші траншы 2015 жылы бөлінбекші. Бұл ауқымды қаражаттың қайда жұмсалуы керектігін Елбасы жаңа Жолдауында нақтылап берді. Соның ішінде шағын және орта бизнесті, сонымен қатар ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 млрд. теңге бөлінетін болды. «Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады» деді Мемлекет басшысы. Екіншіден, Елбасы банк секторын сауықтыруды маңызды міндеттердің бірі ретінде атады. Ол үшін «жаман» несиелерді сатып алып және Проблемалы несиелер қорын азайтуға қосымша 250 млрд. теңге бөлінеді. Үшіншіден, Елбасы 81 млрд. теңгені 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақтарының инфрақұрылымдарын салуға бағытталатынын айтты.  Атыраулықтар бұл жаңалыққа қуанып қалатыны анық. Өйткені, Президенттің 2007 жылдың аяғындағы Жарлығымен құрылған бұл арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті мұнай өнімдерін шығаруды көздейтін бұл технопарктің негізгі міндеттерінің қатарына көміртегі шикізатын түпкілікті өңдей алатын комбинаттар мен өндіріс ошақтарын салу және іске қосу кіреді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін бизнес-жоспарлар, техника-экономикалық негіздемелер, жобалық-сметалық құжаттамалар және т.б. әзірлейді. Сонымен қатар, мұнай-химия өндірісінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы заманғы жоғары технологиялы инфрақұрылым жасайды. Осы істерге қажетті мөлшердегі қаражат болмағандықтан бұл жұмыстар біршама баяу жүргізілуде болатын. Оған Парламент депутаттары ретінде назар аударуды біздер де Үкіметтен өтінген едік. Енді Президенттің жаңа Жолдауына сәйкес қажетті қаражат қарастырылып отыр.

Жаңа Жолдауда 500 млрд. теңгелік екінші транш қаржыландыратын  нысандар қатарында ЭКСПО-2017 кешені құрылысы да айтылды. Оған осы уақытқа дейін 25 млрд. теңге бөлінген, 2015 жылы соған қосымша 40 млрд.  теңге бөлінетін болды. Бұл –  Қазақстанның атағын айдай әлемге шығаратын дүниежүзілік аса маңызды шара. Сондықтан, оның аса жоғары деңгейде өткізілуін барша қазақстандықтардың қалайтыны сөзсіз. Осы қатарда Президент көрмеге дейін Астананың көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне де қатты көңіл бөліп отыр. Жаңа Жолдауда Елбасы Астананың әуежайына 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен жаңа ұшу-қону жолағын салу үшін 29 млрд. теңге бөлінетінін жариялады. Бұл әуежайдың қабылдау қабілетін 2017 жылы 7,1 млн. адамға дейін ұлғайтады екен. Ал, қазір ол 3,5 млн. жолаушы ғана қабылдай алады. Тоғыз жолдың торабында

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы басты ерекшеліктердің бірі – онда жол мәселесіне қатты назар аударылды. «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек», деді Президент. 

Қазір халықтың көбі жақсы автомобильдер алуға қол жеткізіп, ең алыс деген аймақтардың өзіне жеке көлігімен барғысы келіп отыр. Сондай заманда өте өзекті болып отырған мәселенің бірі осы тас жол еді. Бірақ, бұл мәселе өңіраралық немесе аймақтараралық деңгейде ғана шешіліп қоймай, өңірішілік деңгейде де жалғасын тапса тиімді болады. Ал, бұл іске өңір басшыларының белсенділігі қажет. Біздің елімізде қалалар арасына жету оңай болғанымен,  аудандардағы елді мекендерге жету әлі күнге өзекті мәселенің бірі болып келеді.

Елбасы Астананы тоғыз жол тоғысқан торап ретінде жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуға тиіс екенін атап өтті. Барлық уақытта да экономиканың өрлеуі жолға тікелей қатысты екені сөзсіз. Шетелдік инвесторлар да ақшасын құятын нысанды іздегенде ең бірінші кезекте жол мәселесін ескереді. Алайда, осы жол мәселесі еліміздің барлық аймақтарында да толық шешімін таппай келеді. Соның бір мысалы – біздің Атырау облысы. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Соңғы он жыл көлемінде облысымыздағы тас жолдар біршама жақсарып қалды. Атап айтқанда, «Атырау-Орал», «Атырау-Бейнеу» жолдарына асфальт төселді. Қала берді аудан орталықтары мен елді мекендерге кіреберіс жолдар да жаңадан салынды. Енді автомобиль жолдары бойынша 2020 жылға дейін «Котяевка-Атырау-Ақтау» және «Атырау-Ақтөбе» жолдары күрделі жөндеуден өтпек. «Атырау-Индер» тас жолын күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталып келеді. Қазір бұл жолда қызу жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ, Махамбет селосы тұсынан көпір салу да шешілу үстінде. Соның өзінде әлі де шешімін күтетін жолдар мәселесі өте көп. 

Барлық үлкен экономикалық дағдарыстар кезінде елдің халқын жұмыссыздықтан құтқаратын сала да осы – жол салу. Жол салу арқылы жұмыссыздық азайып, халықтың әл-ауқаты біршама тұрақты болады. Жаңа Жолдауда жол салу мәселесіне қатты көңіл бөлінгендігінің бір себебі де сол. Елбасының республикалық маңызы бар жол құрылыстары қатарында Астана-Ақтөбе-Атырау және Атырау-Астрахань бағыттарындағы автожолдар жобасын жүзеге асыру жөнінде тапсырма бергені біздің атыраулықтарды қатты қуантып тастады деп айта аламын. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, қазір жекеменшік автокөліктер барынша көбейіп келеді, оларға тек сапалы жолдар ғана керек. Осы орайда Атырау өңірінде екі бірдей сапалы жолдар жобасының жүзеге асырылуы, әрине, қуанышты жайт. 

Индустриялық инфрақұрылымды дамыту – басты міндет

Сонымен қатар, Елбасы елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осы қатарда Каспий портының экспорттық әлеуетін арттыру мәселесі де айтылды. Елбасының экономиканы өркендетуге байланысты берген тапсырмаларының арасында индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі маңызды орын алды. «Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру – құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй коммуналдық салалары үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады»  деді Президент. Сайып келгенде,  бұл жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың онымен қамтамасыз етілуін арттыруға әкелетіні белгілі. Инфрақұрылымдар, бірінші кезекте, арнайы экономикалық аймақтарда түбегейлі шешілетін болды. Сонымен бірге,  Үкіметке шағын және орта бизнесті дамытуға тиісті жаңа индустриялық аймақтар құру мәселесін де тапсырды. Елімізде көптен бері айтылғанымен, кенжелеу дамып келе жатқан сала – туризм. Елбасы жаңа Жолдауында осы саланың инфрақұрылымын дамытуды басты міндеттердің қатарына енгізді. «Оның үстіне, бұл салада жұмыс орнын ашу өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі»  деді ол.

Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі де Елбасының назарынан тыс қалған жоқ. Өткен 5 жылда индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде бұл салада үлкен жұмыстар жүргізілгенімен, әлі де шешімін таппай жатқан проблемалар бар екенін атап өткен Президент екі жаңа жобаға назар аудару керектігін айтты. Олар «Екібастұз–Семей–Өскемен» және «Семей-Ақтоғай–Талдықорған–Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желілер тарту. Бұл  қазақстандық электрстансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. 

Әлеуметтің әлеуеті  жолында

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселесі Жолдаудың негізгі тақырыптарының бірі болды. Бұл іс бойынша іске асырылатын жобаларды қаржыландыруға 2020 жылға дейінгі мерзімге жыл сайын ең кемі 200 млрд. теңгеден 2 трлн. теңгеге дейін қаражат бөлінбекші. Бүгінгі күні ТКШ-ны жаңғырту жобаларына инвестиция салуға Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ жеке инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын атап өтті Елбасы. Сонымен бірге, осы мәселеде халықты әлеуметтік қамсыздандыру жайы да ұмыт қалдырылмайтыны аталды. «Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 млрд. теңге бағыттау ұтымды болады», деді Президент.

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында бесінші маңызды мәселе ретінде Елбасы Н.Назарбаев қолжетімді баспана мәселесін атады. Осы орайда мемлекет салған әлеуметтік жалдамалы баспаналарды тұрғындардың сатып алуы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік беретіні айтылды. Сондықтан, 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 млрд. теңге сомасында ұлғайтамыз» деді Елбасы.

Аймақтарда да қазір мұндай тұрғын үйлер құрылысын салу қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Атырау облысы үстіміздегі жылдың 9 айында 335,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. «Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 100,1 пайыз» делінді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есебінде. Сонымен бірге, әкім биыл 405 пәтерлік 9 жалдамалы үй пайдалануға берілетіндігін айтты. Бұдан басқа, жергілікті бюджеттің есебінен 1458 пәтерлік 20 коммуналдық тұрғын үй құрылысы жалғасын табатын көрінеді. Енді бұл іс бүгінгіден де жоғары қарқынмен дами түсетіні сөзсіз.

Елбасы жаңа Жолдауында алтыншы тапсырма етіп әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесін атады. Әсіресе, апатты мектептерді 2017 жылға дейін түпкілікті жою үшін қосымша 70 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Ал, балалар бақшасы тапшылығын жою үшін үш жыл бойы қосымша 20 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Жолдаудағы соңғы, жетінші тапсырма шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдауға арналды. Бұл іске бұрын да күшті қолдау білдіріліп, қыруар қаражат бөлініп келген. Мәселен, осы уақытқа дейін Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлініп, ол толықтай игерілген болатын. Енді Мемлекет басшысы ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға дейінгі мерзімде ІЖӨ-нің 50 пайызына дейін ұлғайту міндетін Үкіметтің алдына қойып отыр. Бұл іске 2015-2017 жылдар аралығында 155 млрд. теңге несие қарастырылатын болды. Міне, бұл істер қаншама жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халқымыздың әл-ауқатының артуына өзінің игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Жолдау бойынша қорытынды сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз», деп атап өтті. Сонымен қатар, ол барлық жауапты жұмыстар елдегі этносаралық келісім мен тұрақтылық болған жағдайда ғана қолжетімді болатынын айтты. «Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес» деді Президент. Сондықтан да, еліміздің әрбір саналы жасы, жігіт ағасы, ақсақалы жайлы тұрмыс пен жасампаз өмірдің негізі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына қолдан келген көмегімізді жасауға міндеттіміз.           

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауы ел экономикасының қалыпты дамуы және өсімді қамтамасыз етудің жолдарын көрсеткен жаңа экономикалық стратегия болып отыр. Бұл Жолдауда Президент экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін 2015-2017 жылдар аралығындағы кезеңде жыл сайын   Ұлттық қордан қосымша 3 млрд. долларға дейін қаражат бөлу туралы шешім қабылдағанын жеткізді және бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын арнайы комиссия қадағалап отырмақ.

Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button