Жарнама
Саясат

Моноқала: ЖАҢА ЖОБАЛАР – ИГІЛІК БАСТАУЫ

— Шәкір Кейкінұлы, Құлсарының қала атануының түп негізі қай кезеңнен бастау алады?

— Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Теңіз мұнай кенішінің игерілуімен қатар Құлсарының да экономикалық қарқынды өсу кезеңі болды.  Заман талабына сай көп қабатты үйлер тұрғызылып, ондаған өндірістік бірлестіктер мен трестер, түрлі қызмет көрсету мекемелері ашылды. Осы жылдары көне кентке келушілердің қатары азайған жоқ. Еліміз  тәуелсіздік алған жиырма жылда қала халқы отыз мыңнан елу үш мың адамға дейін көбейді. «Аудандық маңызы бар Құлсары қаласы» деген мәртебесіне  биыл күзде  он үш жыл толады. Бүгінде Жылыой ауданы халқының 73 пайызы осы моноқалаға шоғырланған.

— Елбасы өзінің халыққа Жолдауында «Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы» деп атап көрсетті. Осы негізде халық тығыз шоғырланған, бір саланы тірек еткен шағын қалалардың әлеуметтік жағдайын дамытып, экономикасын әртараптандыруға басымдық берілген жоқ па?

—  Құлсары қаласы –  мұнай-газ өндірісіне ғана негізделген шағын қалалардың бірі. Қала өндірісін әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Өз кәсібін ашу тұрғысынан алғанда, 2014 жылдың бірінші қаңтарына 27 кәсіпкерлік нысаны, 84  жаңа жұмыс орны ашылды. Олар – азық-түлік, басқа да бұйымдық дүкендер, қонақ үй, мейрамхана, кафе-бар, шаштараз, тігін цехы, компьютер жөндеу орталығы, монша, полиграфиялық қызмет көрсету цехы, т.б. Кәсіпкерлерден жергілікті бюджетке 3,0 млрд. теңге салық түсті.

— Мәселен, жүзеге асқан және жоспарланып отырған инвестициялық жобалар туралы сөз етсек ше?

— «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша құс фабрикасындағы 86 мың тауық айына 1,5 млн., он айда 15 млн. жұмыртқа берді. Жоспарға сүйенсек, жыл аяғына дейін 20 млн. жұмыртқа алу көзделіп отыр. Бұл өнімдерді бүгінде аудан халқы, «Теңізшевройл» ЖШС және Атырау қаласының тұрғындары тұтынуда.

Бүгінде осы тұстан үш гектар жерге жылыжай орны белгіленіп, бұл жобаға түріктің «Настин» компаниясы аграрлық ауқымда жетекшілік етпек. Алғашқы ретте ағылшын тілін меңгерген жас мамандарды іздестіріп, агрономдық іске өз тәжірибелерімен бейімдемек ойлары бар. «Теңізшевройл»  компаниясының жергілікті жұртшылықты қолдау бағытында аудан әкімдігімен арадағы келісімі бойынша ЮСС компаниясы жылыжайда өсірілмекші қызанақ, қияр және тәтті бұрышқа тапсырыс бермекші.

— Қала халқы болашақта  тоқсан мыңға жететінін ескерсек, бір базар аздық етпей ме?

— Орынды сауал. Қазірдің өзінде екі базар болу керек деген ұсыныс жиі түсуде. Жаңа үлгідегі базар құрылысы бар.  «Ғимарат» ЖШС директоры  Қ.Балжігітовтің айтуынша, бұл жерде болашақта  аумағы 14 400 шаршы метр мега-базар бой көтермек. Құрылысқа су, газ, ток келіп тұр. Несие мәселесі шешілген жағдайда, алдағы уақытта алыс-жақыннан сауда жасаушылар үшін базар сыртынан қонақ үй және көкөніс сақтау қоймасы да салынбақшы.

— Темір жол вагондарының жұп дөңгелектерін жөндеу цехының тиімділігі біраздан әңгіме болып жүр…

— Бұл енді маңызды жоба. Челябинскіден 100 миллион қаржыға вагондардың жұп дөңгелектерін жонатын станок, басқа да құрылғылары  сатып алынып, бұл жоба, яғни күніне қырық дөңгелек жонатын цех осы жылы іске қосылады. Сөйтіп, бұрынғыдай дөңгелектерді жөндеу үшін алысқа тасу машақатынан арылып, ТШО-ға келетін тауарларды тасымалдаушы вагон дөңгелектерін жөндеуге қызмет етпекші.

— Құрылыс материалы ретінде газдыбетон, пенопласт шығару қолға алынуда, ол қаншалықты тиімді?

—  Моноқала бағдарламасы бойынша «Орлан» ЖШС газдыбетон және пенопласт шығаратын цехты іске қосуды жоспарлап жатқаны рас. Бұл материал ақ тастың орнына пайдаланылады әрі одан тиімді. Суық тартпайды, жылу жібермейді. Газды бетондармен салынған ғимаратты майлаудың қажеті жоқ, бірден ішкі жұмыстарына кірісіп кетуге болады. Оның құрамына жергілікті құм пайдаланылады, қалған қоспасы Ресейден алынады. Цех толық қуатында тәулігіне қырық текше газдыбетон шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл жоба мамыр айынан бастап іске қосылады деп күтілуде.

— Құлсары қаласын дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес іске асып жатқан іс-шаралар шаһар келбетіне шырай қосқандай…

— Өткен бір жылда қаланы көгалдандыруға республикалық бюджеттен 23 695,0 мың теңге және жергілікті бюджеттен 2 110,0 мың теңге қаражат бөлініп, 1300 дана жас көшет, 2235 шаршы метрге әртүрлі петуня гүлдерін отырғызу және жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп, қаражат толық игерілді.

Қаладағы бірінші, бесінші және ПНГС ықшамаудандарында балалардың көгалды ойын алаңдары жасақталып, пайдалануға берілді.

Көптен әңгіме болып жүрген Бірлік, Шұғыла, Барлаушы, Жадырасын – 1, Жадырасын – 2 ықшамаудандарындағы нысандарды электр қуатымен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттар есебінен КТПН-400, КТПН-630 ток реттегіштері орнатылып, халық игілігін көруде.

Кешенді даму жоспарының аясында өткен бір жылда 15 автобус аялдамасы құрылысын жүргізуге 10 500,0 мың теңге қаражат бөлінген еді, осы қаражатты үнемді пайдаланудың нәтижесінде 19 аялдама салынып, қала тұрғындарының қажеті өтелді. 

Қалада, атап айтқанда 2-ші, 5-ші, СМП-224 ықшамаудандарында және №9 орта білім беретін мектептің ауласында кіші аяқдоп жасыл алаңдары жасақталып, пайдалануға берілді. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында салынатын мұндай ойын алаңдары алда жоспарға сәйкес 12-ге жететін болады.

Бүгінде №19 орта білім беретін мектептің ескі ғимаратының орнына 300 орындық заман талабына сай мектеп құрылысы басталып кетті. Қазіргі уақытта іргетастары құйылып, қабырғалары қалану үстінде.

Қаладағы жалпы орта білім беретін алты мектептің жылу, кәріз, су және электр жүйелерін күрделі жөндеу толық жүзеге асып, бюджеттен бөлінген 91 415,0 мың теңге игерілді.

— Ағымдағы жылғы жұмыстар ауқымына, алдағы міндеттерге тоқтала кетсек…

— Үстіміздегі жылы қалаішілік екі шақырым автокөлік жолдарын салуға бюджеттен 157040,0 мың теңге қаражат қаралып, бүгінде жол құрылысы  жұмыстары жүріп жатыр. Жоғарыда айтып өткен 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Бұдан басқа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысын жүргізу, өрт сөндіру депосын салу, шағынаудандарды электрмен жабдықтауға ықпал ету, ПНГС, Вокзал маңы, орталық, 1,2 ескі ықшамаудандардың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және аялдамалар орнату секілді көптеген жұмыстар күтіп тұр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button