Жарнама
Саясат

«Мемлекеттік қызметші…Аквариумдағы балық секілді»

Биылғы 1 наурыздан бастап Атырау облысы бойынша өңірлік кадрлық резервіне іріктеу басталады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Жаңа жобаның мақсаты қандай?

  Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пульдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді Атырау облысының кадр комиссиясы жүзеге асырады екен.

– Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы,  әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру бағыттары аясында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, өңірлік кадр комиссиялары айқындайды, — деп атап өтті Нұрлыбек Жеңісбекұлы.

Үміткерлер іріктеуден өтеді

 Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.

­Мемлекеттік қызмет – үл­кен жауапкершілік. Бұл саланың тізгінін ұстау үлкен төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Себебі, мемлекеттік қызметке кіруге өз ісін сүйетін, жеке мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары қоятын, отансүйгіштік қасиеті бай патриот азамат бел буады. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік қызметке білікті де білімді мамандарды тарту мақсатында осындай қадамдар жасақталып жатыр. Соның нәтижесінде, мемлекеттік қызмет кадрының сапалық құрамы артады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов айтып өткеніндей, өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер бес кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Әлеуметтік желінің әлеуеті мен әлегі

Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтен өңірдегі мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі мен мемлекеттік қызметкерлер кезігіп қалып жататын құқықбұзушылықтар жайында сұраған едік Оның айтуынша, облыста 250 мемлекеттік орган жұмыс жасайды. Жүгі ауыр салада 2782 мемлекеттік қызметкер еңбек етсе, оның 60 пайызы әйел адамдар, қалғаны ерлер. Ал, жастардың үлесі 17 пайызды құрайды екен. Жалпы, 2022 жылмен салыстырғанда әдеп бұзушылық дерегі 71 пайызға азайыпты.

– Бұл мемлекеттік органдар, әдеп жөніндегі уәкілдер жүргізген профилактикалық бағыттағы іс-шаралардың нәтижесі. Қазір мемлекеттік қызметшілердің өзіндік әдеп нормаларын сақтау кодексі оларды бұрынғыдай шектеп қоймайды, жиын-тойларға баруына кедергі жоқ. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты 2022 жылы 28 тәртіптік іс қаралса, өткен жылы бас-аяғы 8 тәртіптік іс қаралды. Оның төртеуі ғана әдеп нормаларын бұзушылық дерегі, — деді жағдайға қарай мемлекеттік қызметшіні ақтап та алатын, арасындағы  «тентектерін» тезге де салатын Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Мейрамханұлы.

Әрбір мемлекеттік қызметшінің ха­лық­қа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, формализмге, имитацияға және қызметтің декларативтілігі элементтеріне жол бермеуінен көрінеді. Десе де, соңғы кездері мемлекеттік қызметшілердің түрлі провокацияларға ұшырауы жиілеп барады. Тіпті, өзекті мәселе десе де болғандай.

– Әсіресе, өздерін блогер санайтын әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары мемлекеттік қызметшінің бетіне ұялы телефонын тақап, түрлі провокациялық сұрақтар қойып, не болмаса жеке ар-намысына тию секілді мәселелер, өкінішке қарай, қоғамда көптеп көрініс тауып жүр. Бұл да болса, мемлекеттік қызметшілердің сапалы жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, сапалы жұмыс жасауларына әсерін тигізіп жатады. Өйткені, мемлекеттік қызметшілер қазіргі таңда аквариумдағы балық секілді. Жан-жағынан бақылау көп, талап өте жоғары. Құзыреттілігін дамытудан бөлек, ол адам қоғамның пікірімен санасу, қоғамда өзін-өзі ұстау, этика нормаларын сақтау секілді мәселелерге үлкен мән береді. Тіпті, соңғы  кездері осы іспетті қысымға ұшыраған мамандар мемлекеттік қызметтен кеткісі келетіндерін айтып жүр,-деген облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы аккредитациядан өткен, ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері немесе сапалы сараптама жазатын әлеуметтік желі қолданушылары базалық этика нормалары аясында сұрақ қойса, яғни конструктивті диалогқа келетін болса ешқандай мемлекеттік қызметшінің  жауаптан қашпайтынын айтты және өзінің атқарып отырған жұмысын мүмкіндігінше дұрыс түсіндіріп беруге ұмтылатынын жеткізді.

Айтса айтқандай, өкінішке қарай, кейде белгілі бір үшінші не төртінші тараптың мүдделерін жасанды қорғау мақсатында қысымдардың болып жатқаны жасырын емес. Оның айтуынша, қазір тек мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі аясында нормаларды сақтау ғана емес, сонымен қатар кадрлардың қоғам алдында сапалы сөйлеп, кері байланысты арттыру талаптарын күшейтіп отыр.

«Мемлекеттік қызметшілер де кешкі 18-ден кейін қарапайым әке немесе ана, осы қоғамның өкілі. Олардың ішінде проблемалары, ішкі күйзелістері бар, олар да несие төлейді. Арасында көпбалалы отбасылар да көп. Не болмаса, басында трагедиялары бар адамдар да жоқ емес. Соңғы кездері  «сендер», «біздер» деп бөлінушіліктерді де байқап жүрміз. Халықтан ажырату тенденциясы қалыптасып бара жатыр. Мемлекеттік қызметші – халықтың бір өкілі. Тек ол бір мамандықтың егесі. Сондықтан, мемлекеттік қызметшіге бөлек қараудың қажеті жоқ» деп сөзін аяқтады облыс әкімі аппаратының басшысы.

Иә, бұл салада әлі талай реформалар жасалатыны анық, өзгермейтін бәр нәрсе – мемлекеттік қызметші жүріс-тұрысында қарапайым, азаматтармен қарым-қатынаста ашық, шешім қабылдауда әділ, сөз мәдениетінде сауатты, қызметінде абыройлы болуы қажет.

Кешенді іріктеу кезеңдері

  Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2024 жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz — жоба сайты арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі; білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері. (шетелдік дипломдардың көшірмелеріне заңнамада айқындалған тәртіппен осы құжаттарды тану туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі); еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес); соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған іріктеу тәртібінің нысаны қосымшасы бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі; түрлі түсті фотосуреті қажет болады.

    Құжаттарды тапсырған кезінде жұмыссыз болған кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады. Сонымен қатар, құжаттарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне көрсетілген электрондық пошта мекен-жайына электрондық түрде де жолдай алатынын атап өткен жөн. Құжаттарды қағаз жеткізгіште не электрондық түрде берген кандидаттар да онлайн-платформада тіркеледі және құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінен кешіктірмей осы тәртіптің 7-тармағында көрсетілген құжаттарды жүктейді.

    Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып, тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді. Үміткерлер өзі тұратын өңірден басқа өңірдің резервіне қабылдану үшін құжаттарды тапсыра алады (яғни кез-келген өңірді таңдай алады, бірақ өзгерте алмайды). Құжаттар ұсынылғаннан кейін үміткерлерге оларды верификациялау туралы хабарлама келеді. Әрі қарай, кандидаттарға жеке кабинетте тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады

    Екінші кезең – заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу. Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы филиалының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді (алдын ала 5-14 сәуір аралығы). «Заңнаманы білуге арналған тестілеу» блогында Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ); Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ); «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын; Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін  білуге арналған тестілерді қамтиды.

Тест тапсыруға кандидаттарға 55 минут беріледі. Екінші кезеңнің бірінші блогы 5-9 сәуір аралығында өтеді.

Екінші блогы «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге» заңнаманы білуге арналған тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған кандидаттардың 50%-ы өтеді, бірақ  200  кандидаттан аспайды.

  Тестілеу стресске төзімділік, бастамашылық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға бағдарлану және оны хабардар ету, парасаттылық, өзін-өзі дамыту, жеделдік, ынтымақтастық, өзара іс-қимыл және кандидаттың өзге де қасиеттерін анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды.

 Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Атырау қаласында Мемлекеттік басқару академиясы (Астана қаласы) базасында офлайн форматта өтеді (алдын ала 22 сәуір–7 маусым). Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Сұхбатқа 38-ден артық емес кандидат (өңірге байланысты) жіберіледі.

Презентация 5 слайдтан тұруы керек. Оның  барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді ашуы қажет. Бұған 5 минут уақыт беріледі. Комиссия кандидаттарды сараптама, білімнің тереңдігі, қарым-қатынас дағдылары сынды критерийлер бойынша бағалайды:

Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін.

Бесінші кезең – комиссияның отырысында резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.

  Бұдан басқа, кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз түрінде немесе хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекен-жайына электрондық түрде тапсыра алады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button