МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: КӘСІБИ ШЕБЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Осы аса маңызды құжаттың 100 нақты қадамына көз жүгірткенде, тоғызыншы қадамның да өзіндік алар орны ерекше екендігін байқауға болар еді. Ол мемлекеттік қызметкерлердің халыққа, қалың бұқараға, демек өз еліне адал қызмет етуші екенін жете түсінуі тиістігін көздейді. Бұл ретте мемлекеттік қызметке іріктеу мен қабылдаудың бүгінгі қалыптасып отырған жүйесі жетілдіруді қажет ететіні жиі айтылып жүр.
Десек те, бұл тақырыпта ойланатын жайлар да баршылық екенін сезінуге болар еді. Мәселен, Елбасының өзі әкімшілік мемлекеттік қызметтің әлі саяси деңгейге тәуелді екенін ашып айтты. Реформалардың ішіндегі ең маңыздысы да осы.
Ал, Ұлт Көшбасшысының мемлекеттік аппаратта команда топтастыруды қатаң сынға алғаны және осы келеңсіздіктен арылуды талап еткені көзқарақты оқырманның есінде болар. Әйтпесе, туыстық, тамыр-таныстық қағидатына негізделген мемлекеттік қызметте қоғамдық жауапкершілік қайдан болады? Кәсіби біліктілікке, көпшілдік қарым-қатынасқа сызат түспей ме?! Ол үшін Елбасы меритократия қағидаттарын қорғауды ұсынды. Бұл – келешекте меритократия тек мемлекеттік аппарат үшін ғана емес, сонымен бірге, құқық қорғау органдарын қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік сектор үшін де жалпыға бірдей қағидатқа айналады деген сөз.
Жалпы, мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдарға қойылатын талаптардың қатаңдатылуы қолдауға тұр-арлық. Қабілетті адамдардың тағайындалуы арқылы білікті де, білімді кадрлар арсеналы қалыптасады. Аталмыш құжатта мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту қажеттігі және сол кадрлардың үш жылда бір рет кәсіби шеберлігін арттырып отыру керектігі жөнінде мәселенің көтерілуі де, біздіңше, осы себептерден туындап жатыр.