МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Алдымен, аймақ басшысы халық қалаулыларын облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жай-күйімен таныстырды. Бірқатарларына нақтырақ тоқталды. Олардың қатарында сүттік бағыттағы, 500 басқа арналған асыл тұқымды мүйізді ірі қара фермасын, сапасы мен жұғымдылығы жоғары ешкі сүтін өндіру кешенін, вагон жөндеу-логистикалық сервис орталығын, бройлерлік әдіспен құс өсіру кәсіпорнын, үй құрылысы комбинатын, салтанат сарайы, көрме залы сияқты әлеуметтік нысандар, өзге де өнеркәсіп пен құрылыс индустриясын, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жобалар мен бой көтеру сатысындағы ғимараттарды атады. Бұлардың бірқатарын ағымдағы жылдың күз айларында Атырау қаласында өткізілуі межеленген он бірінші Қазақстан-Ресей халықаралық бизнес-форумы қарсаңында пайдалануға беру көзделіп отырғандығын да Бақтықожа Салахатдинұлы алға тартты.
Сөз тізгінін еншілеген мәжілісмендер де өз кезегінде еліміздің мұнайлы астанасы мәртебесін иеленген шаһарымызда, қала берді өңірімізде өрісін тапқан оңды өзгерістерге ризашылықтарын білдірді. Өздерінің де көзбен көріп, байқағандарымен бөлісті. Осылайша, аймақ басшысымен кездесуден жақсы әсер алып шыққан Мәжіліс депутаттары дәл осы күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйытқы болуымен, «Жас Отан» жастар қанаты өкілдігінің ұйымдастыруымен жалғасын тапқан көгалдандыру акциясына қатысып, студент-жастармен жүздесті. Халық қалаулысы ретінде бірі тұтынушылар құқығын қорғау ұлттық лигасының төрайымы, бірі Парламенттің төменгі палатасындағы қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болып табылатын Светлана Юрьевна мен Зухра Алеутдинқызы да өздерінің атаулы ағаштарын отырғызды. Жоғары және арнаулы орта, кәсіби оқу орындарында білім алып, ел игілігі жолындағы ізгілікті істерге де атсалысып, араласып жүрген жас буын өкілдеріне жақсы сөздерін арнап, тілектерін жолдады.
Жалпы, бұл күні облыс әкімдігі үйінің алдындағы саябаққа 200-ден астам түп талшыбық егілді.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.